Батысқазақстандық математика және қазақ тілі пәнінің ұстаздары Астана қаласында өткен республикалық білім додасында топ жарды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Оқу & математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты республикалық мега жобаның жеңімпаздарының ішінде сырымдық педагог, дарынды балаларға арналған Сырым мектеп - лицейінінің математика пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Жәнібек бар екенін мақтанышпен хабарлаймыз.
“Zerdeli” ақыл - ой дамыту мектебі ұйымдастырған жобаға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 100 мұғалімі мен 100 математик қатысқан. Олар оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілеті бойынша өзара сынға түсті. Қатысушылар алдымен жұпқа бөлініп, өз пәндері бойынша 50 сұрақтан тұратын тестілеуден өткен. Екінші кезеңде логикалық және сыни бағыттағы 120 сұрақтың шешімін тапты.
Марапаттау салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің өзі қатысқан. Министрліктің желідегі парақшалары бас ұстаздың сөзінен мынадай тезистео келтіреді:
-Сапалы білім беру үшін мұғалімнің рөлі маңызды. Оның кәсібилігі, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті және осы дағдыларды үйретуі балаларымыздың болашағына үлкен әсер етеді. Мұндай жобалар ұлттық деңгейде білім беру нәтижелерінің өсуіне ықпал ететін оқу сауаттылығын дамытудың бірыңғай моделін құруға септігін тигізеді», — деген министр.
Қазақстандағы математиктер мұғалімдердің дарабозы атанған Нұрсұлтанның өзіне сөз берейік:
-Білімді шәкірт тәрбиелеу үшін педагог білімді болуға тиісті. Біздің деңгейімізді мадақтамалар, грамоталар, медальдар емес, тек ойы озық, білімі кемел шәкірт көтереді. Сондықтан, мен өзімді жетілдіруді тоқтатпаймын. Әрине, еліміздің оқу саласындағы басты мега жобада Батыс Қазақстан облысы құрамасы сапында өнер көрсеткенім әрі жүзден жүйрік шыққаным қуантады. Бірақ, мен аңсаған биіктер алда! - дейді жас педагог.
Нұрсұлтанға жеңіс оңай келмеген. Оның командасы 5 айналымнан тұратын іріктеу кезегінен өтіп, финалдағы 7 команданың ішіне іліккен. Бәсеке қайта басталды. Ақырғы сында ақылы асқан, білімі артық болған Батыс Қазақстан облысының әдебиетшілері мен математиктері үздік атанды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бас жүлде иегерлерінің санаттарын кезектен тыс бір сатыға жоғарылату жөнінде шешім шығаратынын айтыпты. Шешім күшіне енсе, Нұрсұлтан Жәнібек елдегі ең жас “педагог-зерттеуші” болғалы тұр.
Жас ұстаздың еңбек жолы жарқын жетістіктерге толы. Ол - мектеп оқушылары қолданып жүрген “ІNMAC” қосымшасының авторы. Осы өнертабысы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген республикалық педагогикалық идеялар фестивалінде 36 қатысушы ішінен жүлделі II-ші орынға ие болды.
INMAC (Innovative Mathematical Cube) жобасы оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттыруға бағытталған инновациялық құрал болып табылады. Жоба Rubik кубының құрылымын негізге ала отырып, әртүрлі математикалық тақырыптарды визуализациялауды және интерактивті оқытуды қамтамасыз етеді.
Көңіл қынжылтатын жағдаяттар да жоқ емес. Ән мен биден, спорттан топ жарып келген өрендерді сырнайлатып - кернейлетіп қарсы аламыз. Ал, білімнің жүйріктерінің бағасын білмейміз.
Нұрсұлтан Жәнібектің жеңісін Сырым ауданы жаңалық деп қабылдаған жоқ. Алтын медаль асынып, кубок көтеріп келе жатқан оны вокзалдан ешкім жолына қызыл кілем жаймады, ешкім домбырамен ән салмады. Тек өзі қызмет ететін лицейдің ұстаздары ғана алдынан гүлін алып шығып, құттықтады. Математик Нұрсұлтан тек лицейге ғана керек пе?!
Басқа аудан аспанның астын, жердің үстін кезіп, жақсы маман іздеп жүр. Біз алтындай балаларды бағаламаймыз.
Аудан әкімінің қабылдап, сыйақы тағайындап, мерейін көтеріп қоятын жері.
Сырым ауданы әкімінің жаңа тағайындалған орынбасары Серік Тоқмамбетов мырза мәселеміз зер салады әрі ширақ шешім қабылдайды деп сенеміз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суреттер: telegram.org