Жәнібек ауданында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде жол құрылысы қарқынды іске асуда.
Ауданға қарасты тоғыз округ болатын болса, соның бәрінің де кіреберіс жолына асфальт төселіп, ауыл тұрғындары рахатын көруде. Одан бөлек ауданымызда сол округтерге қарасты жеті елді мекен бар. Олардың жағдай да аудан басшылығының назарына алынып, биыл бір елді мекеннің кіреберісі жөнделуде.
Бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов Ұзынкөл ауылына қарасты Еңбекші елді мекенінде болды. Дәлірек айтсақ, кіреберіс 2 шақырым жолдың құрылысын көріп, мердігермен кездесті. Қазіргі таңда кіреберіс жолға 15 см қиыршық тас пен құм төселіп, тапталуда. Жолдың ені 5 метрді құрайды. Бүгінгі таңда жұмыстың жетпіс пайызы жасалды. Аталған жұмыстарды жергілікті кәсіпкер «Mansur Market» ЖШС атқаруда. Жұмыстарға аудандық бюджеттен 27 млн теңге қаржы бөлінген.
Айта кету керек, Еңбекші елді мекені – кіреберісі жөнделіп жатқан елді мекеннің алғашқысы. Тимур Серікұлының айтуынша, алдағы уақытта басқа да елді мекендер назарға алынып, кіреберістері жөнделетін болады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы