12.07.2023, 22:24
Оқылды: 57

Елдік мәселелер айтылды

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Ол Хан ордасындағы «сақалды» құрылыстардың қарқынымен, Орда орман шаруашылығының тыныс-тірлігімен танысып, аудан тұрғындарын қабылдады.

76b2f720-3e56-4e44-b392-ab7002952682

Аралбайұлының алдына арнайы барған аудан ақсақалы Сайфеден Қожантаев Сейтәліге елді мекен мәртебесін беруді мәселе ғып көтерді.

-Небір өзгерістер боп жатыр ғой. Бір емес, бірнеше облыс та енші алып, қайта құрылып жатыр. Оның қасында қыстаққа елді мекен мәртебесін беру не тәйірі? Тұрғындар саны да тұрақты, тіпті жер телімін алып, ата кәсібін қолға алу үшін келуге де дайын отырған он шақты азаматымыз бар. Елді мекен мәртебесін берсе, кітапхана ма, жоқ әлде медициналық пункт салса, Сейтәлінің екінші тынысы ашылар еді. Табиғи газ тартылып, ауыз сумен де қамтамасыз етіледі, – деді Сайфеден ағамыз.

Сайфеден ағамыз көтерген мәселе тек бұл емес.

-Қазіргі телеарнада көрермен назарына ұсынылатын телесериал мен бағдарламаның тәрбиелік мәніне қарап, сұрыптайтын адам бар ма? Көретініміз – өңкей түрік сериалы, мән-мағынадан жұрдай ток-шоулар. Ел боламын десе, ел назарына ұсынылатын арналарды да бақылауға алса, дұрыс болар еді, – деді.

Нартай Сәрсенғалиев елдің шебіндегі ауданның тірлігі түзу, ормандай тұрғыны болуы үшін Сейтәлідей қыстаққа елді мекен мәртебесін беріп, ауыл тұрғындарының көгілдір отын мен таза ауыз судың қолжетімді болуына жағдай жасау аса маңызды екенін айтып, осы мәселені үлкен мінберден көтеретініне сендірді. Ал, телеарналар бағдарламаларының заман талабына сай көрермен сұранысына сай қалыптасатынын айтты. Сол даңғаза бағдарламалар мен түрік сериалдарына көрермен сұранысына қарай бекітілетінін, ал сұранысты қалыптастырып отырған өздеріміз екенін айтты.

4c4a0305-04ad-49c6-a176-11e31fae8186

Ханордалық Раиса Төленғалиева бірнеше мәселе көтерді. Таратып айтсақ, Хан ордасына кіреберістегі 21 шақырымның жолын жөндеу, ішкі туризмді дамытуда ресейлік туристтердің қарым-қатынасы үшін шекарадан өтуін жеңілдетуді, Хан ордасына балалар сауықтыру лагерін салуды халық қалаулысының назарына ұсынды.

-Жыл басынан бері бір ауылдан 14 адам о дүниелік болды, тек бір айда алты ауылдасымыз қайтыс болды. Елуге жетпеген ер адамдарымыз аяқ асты Тағы бір мәселе – қайтыс болған марқұмның мүрдесін сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін көршілес Казталовқа, одан қалды Оралға апаруға тура келеді. Мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Қалтасы көтерген жағдайда да мынадай аптап ыстықта мүрдені тасымалдайтын арнайы көлік те жоқ, – деді Раиса апамыз.

Бастауыш партия ұйымының төрағасы, аудандық архив бөлімінің басшысы Қуаныш Елемесов:

-Өзіңіз де білесіз, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген қағидасының «Қызмет зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жеңілдік шарттарында еңбек сіңірген жылдарына есептелетін жерлердің тізбесінде» әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте жұмыс жасайтын БҚО Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында, сондай-ақ Тайпақ ауылдық округіндегі қызметкерлерге 1988 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет жеңілдік шарттарында еңбек сіңірген жылдарына қызметтің бір айы бір жарым ай болып есептеледі. Ауыл ортақ, экологиялық ахуал да ортақ. Қазіргі таңда аудан бойынша жүрек талмасы, обыр дерті өршіп тұр. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, ауданымыздың құқық саласынан басқа да қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдарын есептегенде бір айы бір жарым ай болып есептеу үшін қолданыста жүрген ҚР заңнамаларына өзгерістер енгізуге ықпал етуіңіз сұраймын, – деді. Қуаныш ағамыз көтерген мәселе тек бұл емес. Бақсақ, басқа облыстарда архив ісінің мамандары үшін төленетін 25%-дық үстеме біздің облыста ғана төленбейтінін, осы сала мамандары үшін де әлеуметтік пакет қарастыру қажеттілігін айтты.

84217ed6-776d-4d07-bb59-cda8209416f2

Ал, ауыл ақсақалы Майдан Батыров Аймекеннің суына «құда түсушілердің» көбейіп отырғанын айтып, егер Орданың суы Жалпақтал, Казталовқа тартылса, орман оталып, ауданның экологиялық жағдайы қиындайтынын айтып, дабыл қақты.

-Орданың жер асты суының сапалық құрамы елдің аузында жүр ғой. Бірақ сол керемет суымызға үнем жоқ. Сол сумен малды суарып, сол сумен кірімізді қойып, көлігімізді жуып, моншамызға түсіп, ұят та болса, айтайын сол сумен үйдегі әжетханамыздағы нәжісімізді айдап отырмыз. Ол судың да сұрауы барын ұмытпайық. Ертең су тартылса, мыңғырған мал да, салынып жатқан жол да халықты аман алып қала алмайды. Сондықтан бар суды үнемдеу жолдарын қарастырып, көршілес аудандарға судың тартылуына тоқтау салуымыз керек, – деді ақсақал.

Еділ суының да Қопаға жетуі – ақсақал көтерген мәселенің бірі.

b1a4247a-7e77-4be4-bbb9-bb677a26800f

-Пәлен миллион теңге бөлініп, Еділде су аламыз екен. Бірақ ол судың мөлшері қандай, қандай жолмен келіп жатырғаны ескерілмейді. Жәнібектен жіберілетін суға есептегіш орнатылып, бақылау жасалса, жақсы болар еді, – деді.

Облыстық мәслихат депутаты Есқайыр Елемесов Жәнібектен Мұратсайға жіберілетін су жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бұйыртса, су арық бойымен емес, құбыр арқылы жіберілетін, есептегіш құрал орнатылып, су мөлшері де есептелетінін айтты.

Бұл осы күннің жақсы жаңалығының бірі болды десек болады. Атам заманнан жөндеу көрмеген арықпен келетін судың жартысы жерге сіңіп, жартысы буланып, үштен бірі ғана келетін болса, енді құбырмен келетін судың мөлшері артатынын айтпаса да, түсінікті.

Майдан ағамыз Ордаға кіреберіс жиырма бір шақырым жолдың сын көтермейтінін айтып, жолға күрделі жөндеу жасату керектігін, Хан ордасына салынады деген балалар сауықтыру лагерінің сұйықтанып кеткенін айтып, мал шаруашылығынан басқа жұмыс көзі жоқ аудан үшін мұндай үлкен нысанның керектігін де мәселе ғып көтерді.

Өз кезегінде аудан басшысы Нұрлыбек Даумов жиырма бір шақырымның мәселесі күн тәртібінде екенін, бұйыртса, келер жылы күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Ал, сауықтыру лагері мен су мәселесін Нартай Аралбайұлы тиісті деңгейде мәселе ғып көтеретінін айтты.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, кездесулерде келелі мәселе көтеріп жүрген аудан белсендісі Тілеген Арыстанбеков Жаңақаладағы сауықтыру орталығының жарғысы өзгертіліп, бөкейлік азаматтар үшін қолжетімсіз болып отырғанын, газ, су үшін «Қазпошта» арқылы коммуналдық қызмет ақысын төлеу қоғамның әлжуаз топтары үшін айтарлықтай шығын екенін айтып, осы акционерлік қоғамдар төлем қабылдайтын кассир қызметін ұсынса деген тілегін жеткізді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы Бибігүл Жұмағұлова екі мәселе көтерді. Оның бірі ауданның тарихын елге таныту, мектеп оқулықтарына енгізуде арнайы мамандарды тартып, Нартай Аралбайұлының осы елдің перзенті ретінде келелі дүниені қолға алуға жәрдемдесуін сұрады. Егер тарихи-танымдық құнды дүние жасау қолға алынса, аудан кәсіпкерлерін жұмылдырып, қаржылай қолдау көрсетуге әзір екенін де жеткізді. Мұқасқызы көтерген екінші мәселе – полигон аумағы.

– Амандық болса, 2030 жылы Бөкей жерінен полигон аумағына жер беру туралы Ресеймен жасасқан келісімшарттың мерзімі бітеді. Жерді жалға бергеннен жергілікті халыққа түк пайдасы болмады. Алдағы уақытта мұндай келісімшарттың мерзімін ұзартпауымыз керек. Келісімшарт жасаларда  тұрғылықты халықтың талап-тілегін ескеру керек қой, – деді.

c26f68e4-1993-4598-9dfc-d6bd2f6bdd9d

Аудандық мәслихат депутаттары Қайрат Насимоллин, Асылболат Оңаев, Нұргүл Омаровалар ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының назарына жер, су, шекара шебіндегі елге арнайы мәртебе беріп, әлеуметтік бағдарлама қарастыру сияқты елдік мәселелерді ұсынды.

Оқушы саны азайып, бастауыш мектептер жабылып жатса, енді он бір жылдық мектептер негізгі мектепке ауыстырылып жатыр. Мектеп жабылса, ауылдың да тарауы ән сағатта. Ауыл көшсе, шекара шебі маң дала боп қалады. Бұл бүгін көтермесе, ертең кеш болатынын  қадап айтты.

Депутаттар Мұратсай су бөгетіне су жіберу, Бөкей орда-Жаңақала бағытында жол салу, сауықтыру лагері, полигонға берілген жер аумағын қайта қару сияқты мәселелер бойынша толыққанды мәліметтерін тіркеп, ресми хат та жазып әкелген екен.

Тұрғындар талабын тыңдаған Нартай Сәрсенғалиев мәселелерді аяқасты қалдырмайтынын, тиісті деңгейде көтеріп, қаперіне алатынын алатынын айтты. Халық қалаулысының жұмыс сапары Бөрлі ауылында жалғасты.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале