30.01.2025, 15:45
Оқылды: 285

Елдіктің тойын, ерліктің тойын бірге атқарайық, жерлестер!

Қоғам  тіршілігінде ауыл-елдің   рухани түлеуі, жерлестердің ауызбіршілігі, берекелі тұрмысқа талпынысы ортақ істе белсенділіктен, өткенді бағалап, бүгінін бекемдеуден анық көрініс табатыны сөзсіз. Тірліктің осындай бір парасын біз алып ауданымыз Ақжайықтың тынысынан анық аңғаруға болады. Жылдар жүзінен аймақтың өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтар, даңқты жерлестеріміздің рухын жаңғырту, игілікті іске жұмылудан көптеген мысал келтіруге болады, әрі оның бәрі төл басылымымыздың беттерінде қаттаулы. Жыл басталысымен ауданымызда Желтоқсанның жебесі атанған Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығын, ерліктің тойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған, «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай қарапайым жұмысшының мәртебесін арттыруға бағытталған игі шаралардың легі көш алды. Елдігімізді танытатын, жас ұрпақты ұлтжандылық, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін осы істер жөнінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова біздің газетімізге берген сұхбатында кеңінен айтып берді.

WhatsApp Image 2025-01-30 at 15.50.50

– Осы жыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бастаманы дәріптеу мақсатында елімізде кең ауқымды шаралар бастау алып, сан салада қызмет ететін қазақстандықтарға құрмет арқылы еңбекқорлық және кәсібиліктің өріс алуына бағытталған істер өркен жаюда. Зәйлім Исатайқызы, осы бағытта біздің ауданда қандай қам-қарекет қолға алынуда, сол жөнінде мағлұмат бере кетсеңіз.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері экономикалық тұрғыда бәсекелестікке сай болуға ұмтылыс қарқын алып келеді. Жер-жерде өндіріс ошақтары ашылып, сонда қызмет ететін мамандардың заманға сай білікті болуы, кәсіби шеберлігін арттыруы назардан түспейді. Бұл заңды да, себебі өркенді мемлекеттерде қарапайым жұмысшылардың мәртебесі, олардың абырой-беделі әманда биік. Адал қызмет етіп, маңдай тер төккен жандар, кәсіби мамандар, өзі ісінің шеберлеріне құрмет көрсету – біздің халқымыздың бойында бағзыдан бері қалыптасқан қасиет. «Еңбек ер атандырады», «Шебердің қолы ортақ» деп, әр істің қиюын келтіре алатын майталмандарды  ең сыйлы адам ретінде құрметтеуді өнеге етті алдыңғы буын бүгінгі ұрпаққа.

Ауданымызда, еліміздің барлық жеріндегідей, еңбекпен қамтитын алуан шара арқылы түрлі жұмыс ұсынылуда, кәсіпкерлік бастамаларға жеңілдетілген пайызбен несие беріледі. Осының бәрінің түп мәнісі, ойлап қарасақ, қоғамда маңдай термен келген еңбек, еңбекқор азамат, адал табыстың дәріптелуі, қай кәсіпте де жастарымыздың бәсекеге сай болуына құлшыныс. Жыл басынан бастау алған шаралар арқылы көздейтін басты мақсатымыз да осы.

«Жұмысшы мамандықтар» жылын өткізуге байланысты жан-жақты зерделенген жоспар жасақталды. Оның әрбір бөлімін жүзеге асыру арқылы жекелеген еңбек адамдарын насихаттау, жұмысшы мамандарға құқықтық, әлеуметтік, медициналық көмек көрсету, жастардың кәсіби-техникалық білім алуға ұмтылысын жандандыру, кәсіпкерлікке ынтасы бар жандарға қолдау көрсету, мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беруді жолға қойғымыз келеді. Мұның бәрі тек атаулы жылда ғана жүзеге асырылатын іс емес, бұрыннан да қолға алынған, алда да атқарыла беретін үздіксіз жұмыстар.

Ерекше атап өту керек, осы аптада аудан орталығында «Бүгінгі еңбек – ертеңгі табыс» тақырыбында жұмысшы мамандықтар  көшбасшыларының форумы өтеді. Техникалық-кәсіптік білім беруде неге басымдық беруіміз керек, кадрларды даярлаудың жаңа бағытта мен тәсілдері, жұмыспен қамту шараларында жұмысшы мамандықтардың үлесін арттыру, өзіміздің аграрлық-техникалық колледж бен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың түрлері – міне, осының бәрі аталмыш форумда жан-жақты талқыланбақ. Бұл шараға «ҚазақКалиум» жеке компаниясының өкілін күтіп отырмыз. Олар ауданымыздың Базаршолан ауылдық округіндегі «Сәтимолла» кен орнында 2027 жылы кен өндіру жұмыстарын бастайды. Олардың берген мәліметіне сүйенсек, осы кәсіпорынға 1000-нан астам жұмысшы қажет. Сол жұмысшыларды қазірден бастап өзіміздің жерлестеріміздің қатарынан дайындап қоюды көздеп отырмыз. Аудан орталығындағы колледждің пәрмені қажет мамандарды түгел дайындауға жетпейді, әрине. Сондықтан өзге колледждермен байланыс орнатып, жастарымызды бізде жоқ мамандықтарға оқытып алу жоспарда. Біз осы мақсатта кәсіптік-техникалық оқу орындарымен қатар мемлекеттің өзге де қолдауын пайдалануымыз қажет. Оған қысқамерзімді оқыту курстары жатады. Айталық, былтыр біздің ауданнан 35 адам түрлі жұмысшы мамандығына тегін білім алған.

– Биыл сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Ел бірлігінің, жанкешті ерліктің, отансүйгіштіктің айшықты нышанына арналған осы датаға орай қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың, соғыстан кейін де ел еңсесін тіктеуге аянбай еңбек еткен батырларымыздың рухына бас иіп, тылдағы аналарымыздың, балалық шағын сұм соғыс ұрлаған тұтас бір буынның көзсіз ерлігін жадымызда жаңғырту, Жеңістің саяси-тарихи, елдік мәні туралы ойлану, пайымдау – азаматтық парызымыз. Соғыста біздің ата-әжелеріміз ежелден еркіндік аңсаған халқымыздың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Сондықтан бізге Ұлы Жеңісті мансұқтауға болмайды. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген де тәмсіл бар халқымызда. Жеңісті біз сондықтан ортақ тарихымыз, ата-әжелеріміздің жанқияр қаһармандығы, бейбіт күнді сыйлаған батырларымызға бүгінгі ұрпақтың тағзымы деп бағалауымыз керек.

Бұл мақсаттағы жұмыстарды біз әр ауыл-елді мекендердегі зерде саябақтары, Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткіштерді жаңғыртудан бастадық. Зерде тақтасында ілініп тұрған аталарымыздың суреттерін жаңалауды ауылдық округ әкімдері қолға алса, нұр үстіне нұр. Мектептердегі патриотттық клубтардың, музейлердің жұмысын жандандыру ісінде жаңа тың бетбұрыс қажет.  Аудан орталығындағы Даңқ саябағы жөндеуден көктемде өтеді. Осы саябақта қаралы қаңтарда ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Сәндібек Қайыровқа арналған ескерткіш тақта орнатылмақ. Әр ауылда«80 жылдыққа 80 тал» акциясы ұйымдастырылады.

Осыған орай тек аудан орталығында ғана емес, әрбір ауылда тұрғындар ауқымды сенбіліктер ұйымдастырып, аталарымыздың ерлігіне тағзым етіп, олардың батырлығын жадымызда жаңғыртатын орындарды ретке келтірсе, керемет емес пе?! Ортақ істегі ауызбіршілігімізді, тарихқа шексіз құрметімізді, бейбіт күнді бізге аманаттаған майдангерлерге алғаусыз алғысымызды білдірмей ме осындай игі шаруалар?!

Аталарымыздың кеудесін оққа тосып, қарыс жер үшін жанын қиған ерлігі, тылдағылардың тағатсыз еңбегін, патриотизм мен елжандылығын насихаттауды, әрине, мектептен бастау қажет. Сондықтан шәкірттер арасында «Менің атым майдангер», «Майдангерге хат», «Ел мен ердің жеңісі», т.б. тәлімдік шаралар өткізіліп бастады. Тәрбиелік мәні зор осы жұмыстардың басы-қасында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, аудандық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері, өзге де мүдделес жандар жүруі керек деп есептеймін. Дәрігерлер де өз кезегінде тыл ардагерлерінің денсаулықтарын үйлеріне барып қадағалап, оларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Ұлы Жеңісті ұлықтаудағы ең басты ісіміз – жуырда баспадан «Боздақтар» мен «Майдангерлер» кітабы жарық көреді. Өздеріңізге белгілі, ауданымыз бойынша Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар, соғыстан аман оралып, елдегі тірлікті түлеткендер туралы деректер жинақталған бұл кітаптар 2010 жылы оқырманға жол тартқан болатын. Осы жаңартылған нұсқада соған енбей қалған ата-әжелеріміздің есімі таңбаланды. Бұл ретте жидашы, ардагер-журналист Бақтығали Қоспаев ағамыздың есімін ерек атап өтуіміз керек. Ол уақытпен санаспай, әр деректі сүзгіден өткізіп, Жеңіс сарбаздары туралы деректерді мұқият жинақтап, кітап етіп шығарды. Жұбан елі атынан ризашылығымды білдіремін тарихымызды түгендеген азаматқа.

– Жұбан елі демекші, биыл ауданымыз жұртшылығы үшін тағы бір мерейлі дата – ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы. Даңқты жерлесіміздің мерейтойларына орай тағлымды істердің шеру тартуы дәстүрге айналды. Биыл да осы игі үрдістен ажырамайтын шығармыз.

– Рухани түлеу, рухани баю дәуірінде Ж.Молдағалиевтың азаматтық бейнесінен тәлім алу, құндылығы шексіз жыр-дариясынан суындаудың тағылымын айтып жату артық. Ол – ұлттық мінезімізді жан-жақты ашып берген ақын. Отты жырларымен, қайраткерлігімен халқының жүрегінде қалған аяулы тұлға қанша уақыт өтсе де, елі барда, ақынның рухын құрметтейтін жұрты барда  мәңгі жаңғыра бермек. Оның есімін дәріптеуде ауданымызда ірі-ірі шаралар өтіп, үздіксіз дәріптелуде. Өзіңіз айтып кеткендей, мерейтойларында текті ұлына құрмет көрсетіп, елі тұрғызған ескерткіштер, Жұбан орталығы, өзге де айшықты істер – соның бір айғағы. 105 жылдықты лайықты деңгейде өткізуге дайындық шаралары басталды. Сәтін салса, биыл ауданымыз үшін осы айтулы шара Жұбандай ердің, Ақжайықтай елдің мерейін тасытады деп сенемін.

Осы мақсатта зиялы қауым өкілдері, руханиятымыз жанашырларының басын қосқан алқалы кеңес өткізіп, жүйелі жоспар жасақтадық. Биыл Жұбан орталығын дербес мекеме етіп, осында ақынның өмірін, шығармашылығын терең зерттеу, насихаттауға  жіті көңіл бөлгіміз келіп отыр. Жұбан Алашымызға ортақ болғанымен, оның рухын жаңғырту, артына қалдырған мұрасын қастерлеуде басты салмақ, ең алдымен, өзгеге емес, оның жерлестері, бізге жүктеліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сан тарау. Газет пен әлеуметтік желіде ақынның шығармашылығын кеңінен насихатталуы керек. Сондықан Жұбанның жауһар мұрасынан өлең оқудан желіде жыр керуені шеру тартпақ. Мектеп оқушыларының Жұбанның өлеңдерін жатқа айтуы, осылайша ақын мұрасын бағалап жүрсе, қандай ғанибет! «Жұбан елінің ұрпағы осы!» деп лайықты мақтап жүрер еді ақынның өлеңдерін тақылдатып айтып берген ұл-қызды көргенде өзгелер. Осы істен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қалыс қалмай, мерейтойға үлес қосу керек.

Бұл – жыл бойы жалғасын табатын шаралар. Олардың мазмұны қазан айында өтетін қорытынды шарамен айшықтала түсетініне шүбәм жоқ. Айталық, «Жыр алыбы Жұбан» тақырыбында аймақтық республикалық айтыста аламанда танылған ақындар өнер көрсетсе, ақынның өлеңдеріне сөз жазған сазгерлердің байқауында жаңа әндер дүниеге келеді. Ұлттық ат спортынан құлашы кең дала қызықтарын да ұйымдастыру жоспарда. Сонымен қатар ақынның жары Софья  анамызға құрметімізді білдіріп, Кеңсайдағы ақиық ақынның қабіріне зиярат ету үшін Ақжайықтан делегация аттанады

Жұбан ақын біздің бәріміздің, бар қазақтың ұлттық намысын оятып  кетті, жүрегімізде елдіктің алауын ешқашан өшпестей етіп тұтатып кетті. «Біз кімбіз, қайдан келдік, қайда, қай жаққа бет түзедік?!» деген тағдыршешті сауалдарға жауап алдық емес пе ақын жырларынан. Ендеше, біздің текті жерлесімізге бұл құрметіміз – Жасын жырдың Жұбанының рухына тағзым, мұрасына ризашылығымыздың тек бір парасы ғана. Елдіктің тойын, ерліктің тойын бірге атқарайық, жерлестер!

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен Ә.Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале