30.11.2024, 15:30
Оқылды: 9

Елдің ардақты азаматы еді...

2021 жылы Казталов ауданында ел тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында тер төккен бірқатар азаматтардың мерейі үстем болып, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» атағын иемденген болатын. Сол тізімдегі абзал азаматтардың қатарында Казталов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан Жалпақтал ауылының байырғы тұрғыны, автотранспорт саласын дамытуда өңіріміздің ең үздік жетекші маманы атанған үлкен жүректі кәсіпкер Ахметқали Қарағойшин да бар еді.

2

Салыстырмалы түрде бағаласақ, «Ауданның құрметті азаматы» атағы әр тұлғаға жәйден-жәй беріле салмайды. Онда туған жеріне деген ерен еңбегі бағаланған, келешегі кемел, болашағы жарқын көшбасшылар ғана іріктелініп алынады.  Ахметқали Жиенбайұлы Қарағойшин мамандығы мен кәсібін құрмет тұтып, халыққа көрсеткен қызметі арқылы ел алғысына  бөленіп, білікті  басшы ретінде  лайықты бағаланып, нарық тұсындағы алғашқы кәсіпкерлердің қатарынан табылған еді. Ол екінің біріне  бұйыра бермейтін іскерлік қабілетімен өзінің ортасына ерте танылып, туған жерінен тамыр үзбей жарты ғасыр бойына адал еңбек етті.

Ауылдық жерде тұрып-ақ өзінің атқарған қызметі мен кәсібін жерлестерінің болашағына арнаған ол, зейнет жасында  болса да өзінің сүйікті ісінен қол үзеген жоқ. Заман  талабына сай біліктілігін арттырып, өзінің жауапкершілігіне алған міндет-борышын ауырсынбай көтеріп, әрқашан іскер жандардың алдыңғы қатарынан табылып жүрді. Ол өзінен кейінгі  әріптес інілері мен жас кәсіпкерлерге үлгі болып, білгенін үйретуден жалыққан емес. Ахметқали ағамызды ол жағынан абыройсыз деп айта алмаймыз. Қысқа ғұмырында пенделікке беріліп, атақ-даңққа құмартпаса да, оның адал еңбегі үкімет алдында лайықты бағаланып, жерлестерінің үлкен құрметіне бөленді.

Ауданымыздың осындай атпал азаматы атанған Ахметқали Жиенбайұлы үстіміздегі 22 қараша күні 69 жасына қараған шағында дүние салып отыр. Оған әрине, ел болып қайғырғанымыз анық.

Ахметқали Қарағойшин 1955 жылы 28 қараша күні Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келді. 1973 жылы Фурманов ауданы, Фурманов орта мектебін, 1978 жылы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын аяқтады. Жоғары білімді инженер-механик. Ол еңбек жолын Фурманов аудандық «Қазселхозтехника» бірлестігінің шеберхана меңгерушісі болудан бастап, Фурманов аудандық мемлекеттік техникалық қадағалау инспекциясының бастығы, «Жұлдыз» совхозының бас инженері және сол совхоздың директоры, Жалпақтал аудандық №29013 автобаза кәсіпорнының басшысы, кейін осы автобаза ізінде құрылған «Тұлпар» ЖАҚ-ның  президенті және «Жиенбай» ЖШС-нің директоры болып табысты еңбек етті.

FB_IMG_1732703896089

Ауыл, аудан, облыс экономикасы мен мәдениетін көтеруге бір кісідей атсалысқан үлкен жүректі ел азаматы өңіріміз бойынша бірнеше ауыл-аймақтар мен аудан орталықтарына қалалық жерлерде тұрғын үй, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі, кітапхана сынды өзге де әлеуметтік ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан салып шебер ұйымдатырушы ретінде өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды. Нарық тұсындағы бизнес саласының жауапкершілігін алғашқылардың бірі болып жүрегімен сезінген Ахметқали Жиенбайұлы Қарағойшин 2021 жылы Казталов аудандық мәслихатының шешімімен «Казталов ауданының Құрметті азаматы»  атағын иеленген еді.

Сөз соңында абзал ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын дейміз.

 

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале