Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында осындай тақырыпта өткен тағлымды шара еңбек ардагері, жерлестері «Дала академигі» атап кеткен, бүгінде 85 жасын қарсылап отырған Нәсіпқали Қайырқомовқа арналды. Келген қонақтар фойеде жайылған кітап көрмесімен танысты.
Алдымен осында саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған ардақты азаматтың ғұмырдариясына шолу жасаған бейнебаян көрсетілді. Жастайынан төрт түліктің қамымен шыңдалған қыр еңбеккері мектеп бітірген соң, өзіне етене таныс осы салада қызметке кіріседі. Алғашқы күндерден-ақ социалистік тапсырмаларды асыра орындап, төңірегіне жақсы аты таныла бастағаны – оның өзіне талап қоюы, еңбекқорлығының, жауаптылығының нәтижесі. Мал баққан жұрттың қақ ортасында көмекші де, қосшы да бола жүріп, 20-ға жасы толмай, аға шопандыққа тағайындалды. Осыдан соң аудандағы ірі мал бордақылау кешенін басқарған оған Киров су қоймасындағы учаскені басқаруды сеніп тапсырылады. Сол қызметті абыроймен атқарған Н.Қайырқомовтың екінші өмір жолы зейнет жасына шыққанда басталды десек, артық айтқанымыз емес. Нарықтың талабына бейімделген шаруагердің негізін 2004 жылы қалаған «Нұртілек» қожалығының бүгінде адымы ширақ. Төрт түлегін түлетіп, шаруасын шырқ айналдырып, әулетінің ырыс-ынтымақ, береке-бірлік һәм дәулетіне ұйытқы болып отыр қазіргі таңда ақсақал.
Осыдан соң кеш кейіпкері сахна төріне көтеріліп, жас ұрпақ тәрбиесі, адал еңбектің берекесі, өнегелі тірліктің қайтарымы жөнінде мағыналы сөз саптады.
Құттықтаушылардың легін аудан әкімі Мұрат Сердалин бастады.
– Соғыстың салқынын сезінген, адал қызметтің майданында шыңдалған, қайраткерлік пен еңбекқорлық, адамгершілікті ту еткен азамат ретінде де туған мекенге қарымды олжа салғаныңыз, 70 жылдан астам уақытта ата кәсіптің өркендеуіне арнаған қалтқысыз қажыр-қайратыңыз, абырой биігінен түспей, өмірден зор өнеге-тәлім түйгеніңіз – қай ұрпаққа да үлгі. Көпшілік білетін сіздің шынайылығыңыз, қарапайымдылығыңыз, елгезек көңіліңіз, туған жерге перзенттік ілтипатыңыз да азаматтық келбетіңізді анық айғақтайды, – деген ол Нәсіпқали аға мен оның жары Қоңырша анаға шапан-камзол тарту етіп, кеш иесінің бала кезгі досы, танымал қаламгер Айтқали Нәріковты да сыйлықпен қошеметтеді. Сонымен қатар ол еңбек ардагеріне «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыстады.
Шара барысында сенімді досының өмірінен «Үлкен үйдің иесі», «Дала дарабозы» атты қосы кітап жазып шығарған А.Нәріков, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Табылғали Сапаров, Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Орал қаласындағы Ақжайық ауданы жерлестерінің бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынаев, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, ақын Үзілдік Елеубайқызы, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Рауан Құсайынов сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Салада үзеңгілес қызмет еткен Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Науқан Есеналиев, еңбек ардагерлері Ержан Қабдоллин, Амантай Сапаровтар да сөзіне ағаның қайраткерлігі, мақсаткерлігін, өмірлік қағидасына беріктігін арқау етті.
Кешті Нәсіпқали Қайырқомовтың өзі қорытындылап, өзіне мұндай ықылас, қошемет үшін шексіз ризашылығын жеткізді. «Елдігімізді, бірлігімізді әрдайым сақтайық, еңбекке әманда адал болайық!» деп, жұртшылыққа тілегін арнады.
Шараны аудан көркемөнерпаздары ән-күймен шырайландырды.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан