25.10.2021, 17:59
Оқылды: 75

Елдің рухын көтерген еңбекшілер тойы өтті

Сырым ауданында ауылшаруашылық күніне орай Жымпитының іргесіндегі тойтөбеде дала қызықтары өтті. Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жазғы далалық жұмыстар мен күзгі жиын - терін науқанын сәтті аяқтаған аудан еңбекшілеріне алғыс білдіріп, озаттарды марапаттады.

8

Атап айтсақ, Қоңыр ауылында 1997 жылдан бері жеке тұрғындардың малын бағатын Сабыржан Көзеев «Үздік бақташы», биылғы қой төлдету науқанында 300 саулықтан 250 қозы алған  Қособа ауылдық округіндегі «Алма» шаруа қожалығының шопаны Қобылан Байниязов «Үздік шопан», Сарой ауылдық округіндегі «Серік» шаруа қожалығының жылқышысы, 100 бас биеден 69 құлын алған Жандос Үбішев «Үздік жылқышы», ерекше екпінмен егіншілікке ден қойған «Жібек жолы» шаруа қожалығының агрономы Нұрбол Мұхамбетжанов «Үздік агроном», Алғабас ауылдық округіндегі «Жамбыл» шаруашылығының механизаторы Айдос Ешмахов «Үздік механизатор», көктемгі далалық жұмыстар кезінде 2400 га жерге егін салып, егін ору науқанында 3300 га алқапты орған «Ажғалиева» қожалығының комбайншысы Райымбек Тайшыбеков «Үздік комбайншы», Оралбек Махметов жетекшілік ететін «Мұса» қожалығы «Үздік бақша шаруашылығы», Бұлдырты ауылдық округіндегі ветстанция қызметкері Наурызай Сатанғалиев «Үздік ветеринар», Сегізүйде саумал иісін аңқытқан «Жайлау» шаруа қожалығының басшысы Отарғали Досжанов «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» атанса, округтердің ішінде Алғабас ауылдық округі «Мемлекеттік ауылшаруашылығын қолдау бағдарламаларына белсенді қатысқан округ» аталымына ие болды.

Ауданның ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласында қызмет ететін мамандары да құрмет көрсетілді. Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің статисті Ахат Аралбаев облыстық ауылшаруашылық басқармасының алғыс хатымен, Сырым аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Шолпан Қожахметов облыстық аумақтық инспекциясының алғысымен, Сырым аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бердес Төлегенов облыстық жер қатынастары басқармасының алғыс хатымен, аудандық ветеринарлық станцияның Жымпиты ауылдық округі ветпунктінің ветеринар – фельдшері Нұрболат Жұбанов облыстық ветеринарлық басқарманың алғыс хатымен марапатталды. Ауданның ауылшаруашылығы саласында еселі еңбегі бар бірқатар шаруаға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғыс хаты тапсырылды.

Салтанатты шарадан кейін аудан көркемөнерпаздарының концерті, концертпен қатарлас ұлттық спорт түрлерінен халықтық думан басталды.

10

Ат жарыстырғанды көріп жүрміз. Ит жарыстырғанды кім көрген? Сырымның тойына келген қонақтар бұл тамашаны да көрді. Түлкінің соңынан 33 тазы шапқанда еріксіз «Шап! Шап!», «Іле түс!» - деп айқайға басасың. Жемтікті Байтерек ауданынан келген Нұрлан деген азаматтың «Тектісі» бірінші болып қақты. Іле – шала Оралдан келген «Жұлдыз» бен Сырымның атынан қатысқан тазы «Белка» жетіп үлгерді.

12

Олимпиада ойындарын тамашалап отырып, синхронды жүзу мен мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастикадан басқа сұлу спорт түрі жоқ деп ойлайтынбыз. Шіркін – ай, сол жүзу мен сырғанау теңге ілудің қасында түкке тұрмайды екен ғой. Нағыз сұлу спорт деп теңге ілуді айт! Осы спорт түрінен ел чемпионы Бекнұр Серіков ақ боз атымен ағып келіп, жердегі теңге түйілген дорбаларды бірінен соң бірін тұлпардың тұяғының шаңымен бірге көкке атқанда кезде, көрермен де қол соғып, шулап жіберді. Жарыстың жүлдесін де Бекнұр алды.

Көп ұзамай жарыс алаңына жүйріктер шықты. Тайлар мен құнандар бәйгесі, қазақы қазанаттар мен қанды аттар аламаны даланы дүбірге бөледі. Бәйгені белгілі атсейіс Мүтәлі Төреғалиев жүргізді.

Тайлардан көздіғаралық Сағынғали Мүтиевтің жүйрігі топ жарды.

19

Құнандар бәйгесінің де қызығы бөлек екен. Әп – дегеннен Ақшат таудың етегінен, Құрманбай жайлауынан келген «Бесқонақ» пен Оралдың «Айтолқыны» топтан бөлініп алға шығып, сол күйі қатар шауып, мәреге де шамалас келді. Бірақ, сызықты әуелі «Бесқонақтың» тұяғы қиды.

Бәйгеде нағыз ерлікті Көздіғараның атынан шапқан  «Шұғыласы» көрсетті. Қарқынын тежей алмай, жарыс жолағынан шығып кеткен торы құнан далаға ұзаңқырап, біраз уақытын жоғалтып алды. Дегенмен, үстіндегі шабандоз Ілияс шалт қимылдап, жүйрігінің басын олай тартып, былай бұрап, ақыры жолға салды. «Шұғыла» сол шапқаннан қатты шапты. Қараны жарып өтіп, аралтөбелік атбегі Айгерім Ғұмарова баптаған «Айнамкөзге» жетті. Екеуі екі айналымдай бірге шапты. «Шұғыла» соңғы айналымда қарқынын тіпті үдетіп, мәреден үшінші болып өткенше тоқтаған жоқ. Сәл болмағанда, алдындағы екі құнанның да қасынан өте шығар ма еді?

Иә, бәйге әуелден – ақ бай – бағланның қызығы болған. Көзіне түскен, танылған бір жүйрікті үйір – үйір жылқыға айырбастап алып, өз атынан қосатын болған. Бүгінде бәйге байлардың қызығына емес, бәсекесіне айналып кетті. Қазақ бәйгесінде қазақы аттар азайып, қанды қазанаттардың қатары көбейді. Шетелдік тұлпарлар жабыны шетке шығарды. Содан да шығар, кейбіреулер «Жабының дәурені өтті!» - деген әңгімені айтып жүр.

Дегенмен, Жымпиты жазирасындағы қазақы аттардың аламаны оған кері дәлел бола алған секілді. Сөреден аттанған 9 ат адырнадан босаған жебедей ақты да кетті. Қанды аттардай емес, жабылардың жүріс – тұрысы да, ағыс – шабысы да табиғи. Оларға олақтық та, епсіздік те жарасады. Топ түгілі оқтан да озамын деп, алқынып – жұлқынып, мінез көрсететіні де керемет. Жабылар аламанында ел үмітті Қаратөбенің тұйғындай ғана жүйрігі «Тикоға» артты. Халықтың арасында соның шабысын көруге келген жанкүйерлер де жоқ емес. «Тиконың» тұрқы тұйғындай ғана емес, ағуы да соған тән. Топтан бөлінген күміс ат соңғы айналымға дейін шабысынан жаңылмады. Артта Базаршоланнан келген Армат Ғаббасовтың «Жантөресі» мен бөрлілік Талғат Қуанышқалиевтің «Красавчигі» құйрық тістесіп, «Тиконы» басып озуға мүмкіндік іздеп келеді. Үшеуі – бәйге сайын кездесіп жүрген сыралғы қарсыластар, сынаулы сәйгүліктер. Бәйгесүйер жұрт та «Бүгін қайсысы келеді екен?!» - деп елеңдеп, іштей жорамал жасап тұрды. «Шаппасам маған серт!» - дегендей, «Жантөре» ақырғы айналымда жанын салды. «Тиконы», сосын «Красавтикті» басып озып, бәйгеден келді.

Қандылардың аламанына алты ат тіркеліпті. Жымпитыда бәйге өткен уақта Теректі мен Бөкейорда да, Атыраудың Миялысында да аттар жарысы болып жатты. Жүйріктер жол мен мүмкіндіктерінің ыңғайына қарай, сол жарыстарға бөлініп кеткен болар деп шамаладық. Әйтпесе, осыған дейін біздің бәйгелерге Ақтөбенің де, Атыраудың да тұлпары, тіпті Маңғыстаудың жүйріктері келіп, жүлделі болып жүрді.

Аламан басына оралайық. Ханша мінген күйменің пердесі ашылғандай жабулары сыпырылып, жон арқаларында күн ойнаған алты күлік сөреге тұра қалды. Қанды аттар – кәсіби спортшылар секілді. Олардың тыныс алуы да, тұяқ сілтеуі де – жатқан есеп. Құйындай аққан қылқұйрықтарды құртса бұрылыс құртады. Міне, екі айналым аяқталмай жатып, бұрылып үлгере алмаған екі жүйрік жарыс жолынан шығып, далаға шауып кетті.  Төрт тұлпар шабыс үстінде. Алдына үш қараны салып, сырымдық Тұрғаналы Алшекеновтің «Ардакөгі» кетіп барады. «Мынаның бір бармағы ішінде келе жатыр!» - деді қасымда тұрған Оралдың маңындағы Бортаудан келіп тұрған белгілі атбегі Ақылбек Ищанов.

18

Батысқа танымал ат ұстаған әулет Ақшолақовтардың атынан шапқан жирен ағып келіп, сол күйі жолдан шығып кетті. Әттеген – ай! Шаба алмаса бір сәрі ғой. Бабы жетіп тұрса да, «Сүйіншінің» бағын айналып өткені өкіндірмеді емес, өкіндірді.

24 шақырымның соңғы 4 – 5 шақырымы қалды. Жүйріктердің басы жіберілді. Әр тұлпар бәйгенің нүктесін өзінің тұяғымен қоймаққа асық. Атбегі Ақылбектің айтқаны болды. Топқа ілесіп, ілбіп қойып, шамасынша күшін сақтап келе жатқан «Ардакөк»  шабысын ширатты. Жерді екі тарпып, алдыңғыларды басып озып, мәреге бірінші болып келді.

Ат жарысынан кейін жігіттер ауыл – ауылға бөлініп, арқан тартысты. Күштілері қой көтеріп сайысты. Ал мықты балуандар күреске түсті. Тойдың «Түйе палуаны» атағы үшін болған белдесуге белін байлап сегіз жігіт шыққан екен. Әнеугүні Талдыбұлақта болған тойда ақырғы сынға өлеңтілік Мерей Бердіғалиев түбі сырымдық, бүгінде Ақсай жағында тұратын балуан Теміржан Көлбаевке есе жіберіп алған еді. Құдайдың салғаны солай болып, екі балуан Жымпитыдағы күрестің ақтық белдесуінде тағы кездесті. Осы жолы Мерей қарсыласын шалып жығып, мерейін асырды.

17

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жүлделері орталық сахнада табыс етілді.

Ана жақта ән шырқалып, ат шауып жатса, тойтөбенің мына бетінде жәрмеңкенің саудасы қызып жатты. Халық үшін Сырым ауданы шаруашылықтарының 2021 жылғы өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

Карантиндік шаралар жеңілдетілгенмен, коронавирус індеті халықтан толықтай ірге бөлді дей алмаймыз. «Ауруды дәрі емес, рух пен жігер жеңеді!» - деп те айтып жүрміз. Міне, Сырымдағы еңбекшілер тойы ел – жұрттың еңсесін тіктеп, рухын көтерген тамаша дүние болды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале