Жыл сайын 23 маусымда дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының полициясы күні аталып өтеді. Осыған орай аудандағы полиция қызметкері Айбар Аймұратұлымен хабарласып, пікірлескен болатынбыз.
Айбар Алдонғаров 1991 жылы 24 ақпанда БҚО, Казталов ауданы, Болашақ ауылдық округінде дүниеге келген.
Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінде 11 жыл оқып, 2008 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне инженер-технолог мамандығына оқуға түскен. Оны 2012 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. 2015 жылы КазИИТУ-ды заңгер мамандығы бойынша аяқтаған ол 2018 жылдан бастап әртүрлі салада жұмыс істеген. Алдымен ІІ Шежін ауылдық округінде жетекші маман болған. Осы орайда кейіпкерімізден құқық қорғау саласында жалпы еңбек жолы қалай басталғаны жөнінде сұраған едік.
– Еңбек жолымды 2021 жылдың мамыр айынан Орал қалалық жол-патурльдік полиция батальонында бастап, жеті ай көлемінде қызмет еттім. 2021 жылдың қараша айынан Тасқала ауданына қарасты Достық ауылдық округіне учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалдым. 2022 жылдың қыркүйегінен күні бүгінге дейін Мереке ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы болып қызметіндемін. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалаймыз. Полиция қызметкері өз жұмысына тиянақты әрі сабырлы болуы керек. Халықпен тіл табысу – учаскелік полиция инспекторы үшін ең басты талап. Халықтың сенімі – полиция жұмысының басты көрсеткіші. Адамдармен тікелей байланыста болғасын тез арада шешім қабылдай білу қажет. Төнген қауіпті ауыздықтау кезінде жан қиюға да дайын болуымыз керек. Сол себепті тек елдің тыныштығын тілейміз, – дейді кейіпкеріміз.
Назерке Шайхолла,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz