22.08.2024, 15:15
Оқылды: 237

«Электр бақташының» тиімділігі қандай?

Шыңғырлау ауданының мал кәсібімен айналысушылары өз жұмыстарын заман ағымына қарай үйлестіріп келеді. Мысалы техника мен ғылым жетістіктерінің жемістерін көріп отырған шаруалар баршылық. «Ақылды техникаларды» жүгендеп алған шаруаның қашанда жұмысы ілкімді, табысы мол әрі уақытты үнемді жұмсауға көмегі орасан зор болатыны түсінікті.

Ауыл ЖП / Гүлмира С.С

Осының бір мысалы мал бағауға арналған «электр бақташы» әдісі. Осы уақыттан біраз бұрын Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты бір ғана шаруашылық осы әдіспен мал баққан болатын-ды.

Жақсы іс – жария, қазіргі таңда мал көбейтумен айналысушы шаруалардың дені осыған бет бұрып жатыр. Жақында ғана Қарағаш ауылдық округінің «Ақсуат» шаруа қожалығы да өздеріне тиесілі 9 000 гектар жерді қоршап, «электр бақташы» орнатты.

Сондай-ақ Ақшат ауылдық округінің «Оқас» шаруа құрылымы да 1 мың 200 гектарға жайылымдарын «электр бақташыға» сеніп тапсырды.

«Құрылғыны орнатуда еш қиындық жоқ. Сымдарын тартып, оған тіркеп, арнайы қорапша орнаттық. Сол құрылғы арқылы барлық сымдарға 12 вольт тоқ тарайды. Бұл адам мен малға қауіпсіз. Бірақ тоқ өтіп тұрған қоршау сымға жақындаған мал ол тұсқа, енді қайтып жоламайды. Әрине, осындай жаңа технологиялар шаруаға жақсы қолғанат болып келеді. Мал тәулік бойы жайылымда өзімен-өзі жайылып жатады. Дала кезбей, артық күш жұмсамай өздігінен салмақ қосады. Ал біздің бақташыларымыз тек қоршаудың бүтіндігін, малдың жай-күйін бақылап қана қоймақ», - дейді «Оқас» шаруа құрылымының басшысы А.Бисембаев. 

Осындай әдістерді «Амангелді-Агро» ЖШС, «Елес», «Жана Жер» шаруа құрылымдары да пайдаланып отыр. Олар жоғарыда аталған құрылғының тиімділігін көріп отыр.

«Бүгінде біздің шаруаларымыздың жаңа технологияларды ауылшаруашылығында пайдалануы қуантарлық жағдай. Соның ішінде «Электр бақташы» құрылғысын пайдалану әрбір қожалықтағы малдың араласуын шектеп, мал басының түгелдігіне, шабындықтардың тапталмауына және әртүрлі жер мәселесінің туындамауына көмегін тизгізбек. «Электр бақташы» құрылғысын сатып алып, кәдесіне жаратқан шаруалар үшін мемлекет тарапынан субсидия төлеу де қарастырылған. Сондықтан да бұл құрылғының тиімділігі мен пайдасын шаруашылықтар арасында әлі де кеңінен насихаттауымыз қажет», - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрғали Жазықбаев.

Айта кету жөн, «электр бақташы» құрылғысы тек қана мал бағуға ғана емес егін шаруашылығына да жарап отырған жайы бар. Ауданда 13 мың гектар егістік алқабы қоршалған. Себебі – егілген, жайқалған егістікке мал түсіп, оны таптау, егінді құрту фактілері жиі тіркеліп келген-ді.

Әрине өзіңнің жеріңді немесе малыңды сақтау міндетің. Сондықтан да аталған құрылғы, өзгенің де иелігіне зардап жасамау үшін жасалған қам-қарекет десек те болады.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале