25.01.2018, 11:57
Оқылды: 56

Елена Шушлебина: «Мен тек міндетімді орындадым»

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткен зеленовтық Елена Шушлебинаның ерілігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ақтөбе облысынан Тасқаладағы туыстарына келген 35 жасар Роза Дүйісова Орал қаласына бара жатқанда толғағы қысып, қатты қиналады. Оның үстіне шақалақ іште дұрыс орналаспаған. Оралға жеткізу мүмкін емес екенін түсінгесін Зеленов аудандық орталық ауруханасына қоңырау шалады.

– Қателеспесем, шілденің 19-ы күні болды бұл оқиға. Дәрігер, акушер-генеколог еңбек демалысында болған. Қоңырауға учаскелек медбике болған соң өзім бардым. Діттеген орынға жеткен бойда босанушы әйелді тексеріп, медициналық кітапшасынан жүктіліктің қиын өтіп жатқанын білдім. Қолымның жеңіл болғаны шығар сағат 12-ден 40 минут кеткенде Роза өмірге қыз әкелді,-дейді сол күнді еске алған Елена Сергеевна. Ия, қолының да жеңілдігі болар. Бірақ, сондай ауыр халде келген жанның өмірін сақтап қалу үшін де біліктілік керек. Әрине, жолда, таксиде де босанып қап жатқан жағдайларды көптеп кездестіруге болады. Ал енді жүктілік ауыр болып, шақалақ теріс келген кезде баладан да, босанушы анадан да айырылып қалу қаупі артады. Міне, осы ерлігі мен бар ауырпашылықты өз мойнына алған тәуекелшілдігінің арқасында мейірбике Елбасының өзі жариялаған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетті.

– Бұл жобада жеңіп шығам деген ой болған емес. Алматы мен Астана сияқты қалалардағы білікті дәрігерлер тұрғанда орта білімді ауыл мейірбикесі жеңіске жетеді деп ойлаған да жоқпын. Әр адам үшін өз елінің бас қаласында болу арман ғой. Менің арманым осы жобаның арқасында орындалды. Президентімізді көріп, қол алыстым. Мен сияқты ауылда туып-өскен жан үшін бұл үлкен мәртебе. Елбасын бұған дейін бір рет ауданымызға келген сапарында көргенмін. Бұ жолы қолын қысып, рахметін естідім. Осы күнге дейін елімізде тек спортшылар мен әртістер ғана  танымал болса, бұл жоба елімізде кез-келген адамға үлгі болатын тұлғалардың бар екенін көрсетті. Біздің облыс атынан жобаға қатысып, жеңімпаз атанған Саида Қалықованың өзі қазіргі заман батыры деуге лайық жан,-дейді Елена.

Жоба ұйымдастырушылары Еленаның еңбегін ескеріп, біліктілігін арттырып, дәрігерлік білім алуға екі жылдық оқуға Астана қаласына да шақырған. Еліміздің ең үздік деген мейірбикелеріне ғана берілер мүмкіндікті екі баланың анасы әзірге пайдалана алар емес. Жолдың қашықтығы мен үйдегі балаларға қарайтын жанның болмауы кедергі болуда.

Екінің бірі жеңіске жетпейтін жобада үздік болған Елена Сергеевнаның республикаға аты шыққанына жолдасы да іштей разы екен. – Жолдасым, мені әрқашан қолдап жүретінін білем. Өзіме тіке айтпаса да, қуанып, мен үшін мақтанып жүргенін сеземін,-дейді Елена.

Елена өмірін сақтап, өзі босандырып алған Роза анамен сол оқиғадан кейін кездеспеген. Тек ауруханадан шығарған кезде Розаның ата-анасы арнайы іздеп келіп, алғысын айтыпты.

–Шынымды айтсам, сол Розаның арқасында мен де үлкен жетістікке жетіп отырмын. Алас-қапаста телефонын да жоғалтып алыппын. Әлеуметтік желі арқылы байланысып, баланың жағдайын біліп, алғысымды айтпақпын. Менің оларға жасағанымнан, олардың маған бергені көбірек болды. Мен тек міндетімді орындадым-деп күледі Елена.

Бұрын тек жұмыс пен үй ортасында ғана жүретін аурухана медбикесі осы күні нағыз жұлдызға айналды. Жуырда аудан орталығында үлкен деңгейде кездесу өтсе, апта соңында Дариян ауылында арнайы кездесу өтпек. Келер аптада Тасқала ауданы шақырып жатыр екен. Бұған дейін, облыс, аудан әкімдері қабылдап, алғыстарын білдірген.

Әлі күнге дейін жобада танысқан жаңа достарымен хабар алысып тұратын Елена жоба жеңімпаздары бірлесіп, мұқтаж жандарға көмектесуді де қолға алғанын айтады. Астанадағы басқосу кезінде ойға алған идеяны жоба жеңімпаздары іске асырып та үлгерген. Қазіргі таңда олар мүмкіндігі шектеулі бір баланың еміне ауқымды қаражат аударыпты. – Бір адам көп нәрсе жасай алмасы анық. Сондықтан жоба жеңімпазадыры бірігіп, мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек беріп тұруға келістік. Біз қалтамыздан шығарған кішкене қаржыдан тарылып қалмаймыз. Бірақ, бірлесіп шығарған сол қаражат көмекке мұқтаж жанға көп пайдасы тигізуі мүмкін,-деген Елена Сергеевна әр қазақстандық бірлік бар жерде тірліктің де болатынын есте сақтасын,-дейді.

 

Лунара Қосжанова, Елена босандырып алған Роза Дүйісованың сіңлісі:    

Ақтөбе қаласында тұрып жатқан Роза апамыз ауылымызға келген болатын. Ай-күні жақындаған оның жүктілігі ауыр өтіп жатқанын  хабардар едік. Аяқ астынан толғағы қысып, Орал қаласына алып кетті. Жолда босанып қалуы мүмкін дегенді естігенде қорқып кеткенбіз. Бірақ, Елена сияқты білікті маманның арқасында апам да жиенім де аман қалды. Ол үшін Еленаға деген ризашылығымыз шексіз.

Қазір Назерке жиенімізге 6 ай толды. Тым жақсы өсіп келеді. Назерке бір жасқа толған кезде өмірін сақтап қалған Еленаға арнайы апарып, таныстырамыз.

 

Роза Дүйісова, Лена босандырып алған жан:

Қызымның  да менің де өмірімді сақтап қалған Ленаға ризашылығым шексіз. Өз ісін білетін. Қиын кезде шешім қабылдап, адам өміріне араша түсуге дайын дәрігерлер көп болсын. Назеркемді қолыма алып, әлдилеп отырғаным Еленаның арқасы. Еңбегі еленіп, халықтың танымал тұлғасына айналуы өте дұрыс болды. Жоба ұйымдастырушылары ерекше қабілетті жандарды таныстырып қана қоймай, бейбіт күннің батырларын қоғамға үлгі етуде. Назерке сияқты балғындар өз өміріне араша түскен жандарды ұмытпай, елжанды болып өсеріне сенемін.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале