Cырым ауданының Өлеңтісіндегі жаңа саябақтың субұрқағы сұлуырақ, жарықшамы жарығырақ, ал сахнасы сәндірек болып кеткендей. Себебі ауыл аспанын сәби күлкісі, бала шуы көмкерді. Кешегі аптада ел азаматтарының ұйымдастыруымен өткен Балалар жылына орай «Бақытты бала - бақуатты ел!» атты мәдени - көпшілік шараның негізгі мақсаты да сол еді.
Кешті елге танымал бірқатар әннің авторы, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл жүргізді. Саябақ сахнасында ауыл көркемөнерпаздарымен бірге басты қонақ ретінде - Ташкентте өткен халықаралық ән байқауының жеңімпаздары, «Qazaqstan дауысы. Балалар» тележобасының жаңа есімдері, жас жұлдыздары, егіздер - Сұлтан мен Бейбарыс және олардың қарындастары Томирис өнер көрсетті.
Сырым аудандық демалыс орталығының әртістері ертегі кейіпкерлері ретінде ауыл балаларын ортаға шақырып, ойын - сауық бағдарламасына қатыстырды. Өлеңтілік азаматтар әр көшеге доп, барлық балаға балмұздақ таратты. Шараның безендіру жұмыстарына жерлесіміз, кәсіпкер, Алматы қаласында баспа, көрнекілік және сыртқы жарнамамен айналысатын «ExpoMasters» мекемесінің қызметкері Бауыржан Мүтиев демеушілік жасады.
Салтанатты сәтте Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Тауфих Елубаев, аудандық мешіттің бас имамы Қуанғали Қуанышұлы, «Өлеңті» қайырымдылық қорының ресми өкілі Батырхан Нухиев сөз сөйледі.
Б.Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz