Ұлытаудан Ақтауға жаяу бет алған Жаңаарқа ауданының тумасы, 72 жасар саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов осы дүйсенбіде Жымпитыға тоқтады.
Саяхатшы Сырым ауданының аумағына кірді дегенді ести салып, біз де сұхбаттасуға асықтық.
- Мені көрген ел-жұрт атақ жинап, Гиннес рекордтар кітабына ену үшін арбасын сүйреп шыққан дегендер де болды. Алайда мен бұл алыс сапарға үш мақсатпен шықтым. Олар - Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды таныту, қазақстандық қолөнершілерді тіркеу және ең бастысы Қымыз мерекесін насихаттап, оны төл мерекеміз ретінде күнтізбеге енгізу,- дейді әуесқой ұста, реставратор Сәрсенбай ата.
«Ұзақ сапарға шығуға екінің бірінің жүрегі дауаламайды, бұл тәуекелге қалай бардыңыз?» деген сұрағымызға ата: «Көз қорқақ, қол батыр» деп тартып отырдым, өзімнің Қазақстаным, елім барда далада қалмаймын» деп нық сеніммен сөйледі.
Әрине, көпті толғандырған «Сапар сәтті аяқталған соң нәтижесі қандай болмақ? Не өзгереді?» деген әлеужелі қолданушыларына Сәрсенбай атаның жауабы жоқ емес.
- Атақ керек десем, бір басымда жетеді. ЭКСПО көрмесінде әртүрлі туындыларым, металлургияға, жерлестерімнің спорттағы жетістіктеріне арналып жасаған бұйымдарым көп болды. Сол жылы Н.Назарбаевтың өтінішімен Елбасының музейіне металлургия саласы бойынша қолөнер туындыларым қойылған болатын.
Ал, жоғарыда аталған мақсаттарымның нүктесі сапарым сәтімен біткен кезде қойылмақ. Қазіргі Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев мырзаға арнайылап хат жазып, еліміздің 17 облысының тұрғындарының Қымыз мерекесіне көзқарастары оң екендігін, аты аталмай жүрген, тасада қалған мықты қолөнершілердің еңбегі еленуі керектігін, мемлекеттік тіліміз ұмыт болмай, ұлықталуын назарына алса деймін,- деді сөзінің соңында Сәрсенбай Оспанұлы.
Сәрсенбай қарт алыс сапарға 31 наурыз күні аттанса, қазан айының соңына дейін Ақтау қаласына жетпекші.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz