17.05.2024, 15:00
Оқылды: 329

Елімізге белгілі исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбет іс-сапармен Тасқала ауданына келді

Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Өйткені , ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады.

IMG_9465

Аптаның алғашқы күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы  республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Нұр-Мүбарак мешітінің ұстазы, елімізге белгілі исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбет іс-сапармен Тасқала ауданына келді. Ол  1991 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Арал қаласындағы орта мектепті тәмамдаған соң, жоғарғы оқу орнына түсіп экономист мамандығын алып шығады. Содан соң Сарыағаш медресесінде білімін жалғастырады. Сонымен қатар Мысыр елінде тіл орталықтарында оқып  білім алады. 2017-2021 жылдар аралығында Иордания мемлекеттік «Ярмук» университетінің тарих факультетін бітіреді.

IMG_9449

Сапар барысында Нұрсұлтан ұстаз Тасқала аудандық мәдениет үйінде аудан жастарымен кездесіп, қазіргі қазақ мәдениетіндегі рухани құндылықтардың орны, діннің рөлі, жастар тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті.

"Тәртіпсіз өскен баладан, тәртіпті өскен тал артық" деген сөз бар. Демек тәрбиені, тәртіпті ислам шариғаты ертеден бастаған екен. Міне сондықтан жастар деген нәрсеге тоқталып жатқаным. Құрметті жастар, балиғат жастан бастап 40-45 жасқа толғанға дейін барлығы жастар деп біздің шариғатымыз бекіткен. Жастық шақта ойнап күліп, кіргенмен кіріп, шыққанмен шығып жүре бермейміз. Алла тағала бүкіл адамзатты бақытты өмір сүру үшін бізге құран кітабын түсірді. Оны барлығымыз білеміз. Сол құранның ең бірінші түскен аятында Алла тағала оқы деген. Демек бұл өмір білімнен тұрады. Сол үшін біздің ғалымдарымыз айтады, "білімсіз оқылған намаз жаттығу болады, білімсіз ұсталған ораза ашығу болады" деген. Сондықтан Алла тағала адамзат баласына оқы деді. Тал бесіктен, жер бесікке дейін оқы деді. Өмір бақи ілім ізде деді. Абай атамыз айтқан, "Талаптың мініп тұлпарын тас қияға өрледім, бір ғылым еді іңкәрім, бар қиынға сермедім". Ғылым, білімсіз адам болмайды. Қазір біз күлдіріп айтатын адамдарға құмармыз. Жеңіл желпі әзілді қолдана беріп, олардың әңгімесінің маңайы белден төмен болып қалады екен. Себебі олардың сөздік қоры жоқ. Сондықтан жастар ең бірінші нәрсе білімсіздікпен күресу болатын болса, екінші нәрсе интернет желісін дұрыс пайдалану. Кім болса соның уағызын тындамай, кім болса сол психологтың насихатын тындамай. Адамда таразы болу керек. Адамда електен өткізетіндей нәрсе болу керек. Ол нәрсенің барлығы білімде. Сөздің түйіні, көрінген адамның уағызын тындаймын деп елімізде бүлік, жік-жікке бөлініп бір-бірімізбен қырылтып қойып жатқан жайымыз бар. Тағы бір нәрсе бұл орта. Адам адам болып, тұлға болып жақсы қалыптасуы үшін дұрыс орта керек. Мәшһүр Жүсіп атамыздың сөзінде "ат пен есектің қорасы бір болса мінездес келеді" дейді. Есек ат болам деп, атың есек болам деп, бір-бірімен салғыласып өледі дейді. Қайсысы ат екенін, қайсысы есек екенін білмейсің. Демек үшінші нәрсе адам ортасын дұрыс таңдай білу керек. Қазақта сен досыңның кім екенін айт, мен саған кім екеніңді айтамын дейді. Пайғамбарымыз айтады, адам досының дінінде. Дос таңдауда негізі Абай атамыздың керемет сөзі бар "адамзат баласы өмірге келгеннен кейін үш нәрседен ілім, тәрбие алады, ал егер соның қайсысы басымдық берсе, соны толығымен алады" дейді. Біріншісі ата-ана. Демек адамға ең бірінші әсер ететін фактор ата-ана екен. Қазақта мынадай сөз бар "ұядан не көрсең ұшқанда соны ілесің" дейді. Қазір бізде ондай жоқ. Ата-аналар балаларына жақсы тәрбие беру керек. Көрегенді әкеден көрген бала көрегенді болып, үлкен-үлкен әңгімелерді айта алады, көрегенді шешеден көрген қыз да көрегенді нәрселерді жасай алады, елдің анасы бола алады. Ал екінші әсер ететін ұстазы екен. Көп әсер ететін мектептегі ұстазы. Балалар негізі мектептегі ұстазына қарап бой түзейді. Дұрыс әңгіме айта білсеңіздер, кейбір балалар соған ұқсауға тырысады. Үшіншісі баланың ортасы. Ортасы дұрыс болса баланың, онда балаң сенің бағың, балаңның ортасы бұзылса, балаң сенің сорыңа айналады дейді. Балаң сенің бағың болу үшін балаңа құдайыңды таныту керек дейді Абай атамыз.  Балаңа бала күнінде құдай туралы айтпасаң, балаң үлкейгенде құдайға балаң туралы айтуға тура келеді",  - деді Нұрсұлтан Рысмағанбет.

IMG_9480

Одан әрі аудан тұрғындарымен жастар тәрбиесі, діннің қоғамдағы орны жөнінде насихаттап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Әрі қарай аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында подкастқа қатысып, өз сапарын аяқтады.

IMG_9466

Қорытындылай келе, жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Діннің адалдығына еремін деп, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмайық.

Назерке Шайхоллақызы, 

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале