Шыңғырлау өңірінде небір баһадүр батыр, әнші-сазгер, ғалым, жыршы-термешілер дүниеге келіп, ел игілігіне қызмет еткендігі тарихтан мәлім. Бүгінде солардың сарқытындай арамызда жүрген, көргені мен көңілге түйгені мол, ақжарқын абзал азаматтар да аз емес ортамызда. Солардың бірі – Адақ Шотпанов.
Адақ Танабайұлы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып, еңбек жолын Қайыңды сегіз жылдық мектебінде бастады. Көп ұзамай, Қотантал білім ұясының директоры болды. Кейін Шыңғырлау аудандық тіл және ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімдігінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы қызметтерін абыроймен атқарды. Төрт шақырылым қатарынан мәслихат депутаты атанып, аудандық мәслихат хатшысы да болды. Жеті жыл бойы аудандық «Серпін» газетіне жетекшілік жасады. Бүгінгі таңда аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының директор лауазымында. Түрлі салада қызмет еткен кейіпкеріміз барлық ұжымда да тіл табыса еңбек етіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, терең білімімен, жан-жақтылығымен, қарапайымдылығымен, жайсаң мінезімен көпшілікке сыйлы болып, өзіне артқан сенімді ақтай білді.
Бала кезінен кітап жастанып өскен, жаратылысынан кітапқұмар Адақаң өлең, жыр десе, жанып түседі. Қазақтың біршама шайырларының өлеңін біледі. Оның ішінде қазыналы ақын Қадыр Мырза Әли де бар. Тіпті Қадыр ақынның бір кітап өлеңін жатқа соғады десем, өтірік айтқандығым емес. Ақынжанды ағамыз сөзден өлең өрнектеп, өмірін өлеңмен өріп келеді. «Шыңғырлауым – сәнді өлкем» өлеңі бүгінде ауданның гимніне айналды. «Ауданның көрікті жерлерін, көк майса белдерін, өзені мен көлдерін өлеңмен өрнектеуге тырыстым. Артынан әуесқой композитор, әнші Тілек Мықтыбаев бұл өлеңіме ән жазды. Сөйтіп, Тілек екеуміздің туындымыз Аққұмымен айбынды, Торатбасымен тұғырлы, Елегімен еңселі, Қыземшегімен көрікті, Шоқайтерегімен шырайлы, Сарқырамасымен сәнді туған жеріміз – Шыңғырлаудың гимніне айналғанына қуаныштымыз. Жалпы, бұл ән алғаш рет осыдан жиырма бес жылдай уақыт бұрын жаңажылдық шыршада орындалды. Содан бері шыңғырлаулықтар түрлі шараларда, кештерде, отбасылық жиындарда айтып келеді. Аудандағы іргелі шаралардағы сахна шымылдығының өзі осы әннің сазымен ашылуы – біз үшін үлкен абырой», - дейді ол.
Қағытпа қалжыңға келгенде де, Шыңғырлауда Адақаңның алдына түсетін адам жоқ деуге болады. Кезінде ауылдың тойы сәнімен, салтанатымен өтетін-ді. Себебі ол кездің жасы да, жасамысы да сөздің қадірін, өнердің киесін жіті бағалай білетін. Міне, содан да болар, сегіз қырлы, бір сырлы Адақаң талай тойдың, не бір отырыстардың сәнін келтіретін. Баласын үйлендіріп, қызын тұрмысқа беруді ойлаған ата-ана, мерейтой иелері отбасылық мерекені кейіпкеріміздің басқарғанын қалап тұратын. Сөйтіп, бұрынғының сал-серісіндей той-думанға жиналғандарды өресі биік өлеңмен сусындатып, қазақы қалжыңға қарық қылатын. Яғни Адақаң шыңғырлаулықтарға асаба ретінде де кеңінен таныс.
Адақ Танабайұлы аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығына келген бойда «Шыңғырлау өңірінің жеті кереметі» жобасын қолға алды. Бұл жоба аясында Аққұм, Сарқырама, Қыземшек, Торатбас таулары, Елек өзені мен Қонақай, Шоқай теректі көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа кеңінен таныстыру бағытындағы шаралар жүзеге асырылды. Айта кетейік, аудан басшылығының қолдауымен аталмыш сакралды табиғат нысандарының маңын абаттандырып, қажет инфрақұрылымдармен қамтып, болашақта ауданның ішкі туризмін дамыту да ойда бар.
Туризм орталығы «Кәусар» жобасын да жүзеге асыруда. Соған орай көзі бітеле бастаған көне құдықтар іздестіріліп, оларды тазалау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағындағы бұлақтардың бастауы зерттеліп, оларды картаға түсіру жұмыстарының да басы-қасында Адақ ағамыз жүр.
«Ер ел үшін туады» деген аталы сөз А.Шотпанов сынды азаматтарға қаратып айтылғаны анық. Өмірін туған жерге қазық қылып байлап, өңірінің өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтқан ол бүгінде Пайғамбар жасына жетіп, еселі еңбегінің жемісін, бейнетінің зейнетін көргелі отыр. Базарлы бәйбішесі, ардагер ұстаз Мағрипа апаймен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, оларды аяқтандырып, бүгінде немере-жиендерінің ортасында отырған Адақаңа абыройлы қарттық тілейміз. Ізінен ерген інілеріне әрқашан тілеулес болып отыратын жақсы ағамыз аузы дуалы ауылдың үлкеніне айналарына сенім мол.
Тілеген Қалиев,
Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі