Бүгін Тәуелсіздік саябағында Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығы, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Елорда күніне орай «Еңсесі биік Елорда» атты мерекелік концерт өтті.
Көрермендер алдымен Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дайындаған «Елорда – қаласы» көрмесін тамашалады. Бұдан соң мерекелік кеште бір топ қыз-жігіттер «Астана» туралы өлең шумақтарымен бастап, Ербол Серікбай мен Анита Қанатова «Астана махаббатым әнімен» жалғастырды. Айта кетейік, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-күні Астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-шы жұлдызында Ақмола қаласының атауы «Астана» болып ауысты. Ал 2019 жылы 23 наурыз күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің Жарлығымен Астана қаласының атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгерді.
Аудан әкімі Дархан Закарин аудан халқын салтанатты түрде Қазақстанның Елордасы күні мерекесімен құттықтап, ақ тілегін айтты. Концерттік бағдарламада аудандық мәдени-орталығының өнерпаздары әсем ән орындап, мың бұралған бишілері би биледі.
Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Еламан Тілегенов пен Ербол Серікбай мерекеге орай викториналық сұрақтар қойып, қатысушылар түрлі сыйлықтар ұтып алды. Одан әрі биылғы «Балалар жылына» орай кішкентай бүлдіршіндер мерекелік шашуларын ұсынды. «Балалар блогына» ұласқан мерекелік жиында да көңілді ән орындалып, жиналған жұрт бір қуанып қалды. Жоғары деңгейде әсерлі өткен концерттік бағдарламаның соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Мерей Жұмашев «Қазақстан» әнін тамылжыта орындады.
Жаннұр Берікқызы
Жаңақала ауданы