Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елтай ауылдық округі әкімінің есептік кездесуіне қатысты. Негізгі баяндаманы округ әкімінің міндетін уақытқа атқарушы Ержан Құспанов жасады.

Жылдың бірінші күнінің есебі бойынша, округте жеке және шаруа қожалықтарын қоса санағанда 1 298 ірі қара, 967 ұсақ мал және 992 бас жылқы бар. Елтайда асыл тұқымды мал шаруашылығы ширап келеді. «Қарабура», «Маһарша», «Батпақты», «Бейбарыс» және «Ахметқалиев» шаруа қожалықтары малды асылдандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіп, 7 бұқа мен 341 аналыққа, 45 асыл тұқымды ірі қараға, 250 қойға мемлекеттен субсидия алған. «Қарабура» мен «Ахметқалиев» қожалықтары лизингке ауыл шаруашылық техникаларын алса, «Әлдібай» шаруа қожалығы жылқыларына GPS орнатып, цифрлы шаруашылықтардың қатарына қосылды.

Есептік жиналысқа келген тұрғындарға халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Сәбит Өмірзақов, аудандық аурухананың бас дәрігері Роза Тахамбетова, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Дамир Қажиахметов жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті алу, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру, «Педагог» мәртебесі туралы заңның жаңалықтары жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізді. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі, кепілдендірілген әлеуметтік пакет туралы ақпараттарды толықтырған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, басты мақсат – балаларға тағайындалған көмектің мақсатты берілуі екендігін айтты.

dav
Былтыр есептік кездесуде Тасқұдық негізгі мектебінің жылу жүйесін жөндеу, сынып бөлмелерін жылыту мәселесі көтерілген болатын. Мектеп директоры Мұхтар Шулеуовтың айтуынша, мәселе жергілікті биліктің қолдауымен шешілген. Тасқұдықтықтар осы жолы ауыл маңындағы бөгетті жөндеу, ауылдағы мәдени шаралардың мазмұндылығын арттыру сияқты ұсыныстарды айтты.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер