Сырым ауданының Елтай ауылдық округіне қарасты Тасқұдық ауылының мәдениет үйінде мекеме қызметкерлері арасында "Екі жұлдыз" байқауының шешуші кезеңі өтті.
Үш кезеңнен тұрған байқаудың алғашқы кезеңінде өнерпаздар отандық композиторлардың туындыларын нақышына келтіріп айтса, келесі кезеңде шетелдік әндерді орындады.
Ақтық сында театрландырылған көрініспен көрермендердің ықыласына бөленді.
Қатысушылардың өнеріне халықпен бірге ауданға белгілі көркемөнерпаздар мен ауылдық округтің ардагер ұстазы Ботагөз Хайрушева өз бағасын берді.
Байқау нәтижесінде, Балжан Ихсанова мен Жұлдыз Жұмашеваның дуэті ІІІ орынға, Ардақ Қаналиева мен Шолпан Зәкір ІІ орынға лайық деп танылды.
І орынды қарсыластарынан басымдылықпен алға суырылып шыққан ауыл әкімдігі аппаратының бас маманы Райымбек Құлтемір мен жұмыспен қамту бөлімінің маманы Іңкәр Мұхамбет еншіледі.
Жеңімпаздарға "Екі жұлдыз" ауыспалы статуэткасы мен диплом, жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz