«Қымбатты Балым, кеше өзіңе хат жазып, біраз ойларымды айтқан едім. Бүгін күндізгі сағат 2:00-де облыстық әскери комиссариат әскери-саяси училищеге баратынымды айтты. Сендермен ақылдаспай, аттанып бара жатқаныма ренжімеңдер. Ел басына күн туғанда қайдағы біреулер сияқты жылы орынды паналап отырғаным азаматтық арыма сын болар. Ақылың бар ғой, қарттарға да осыны ұқтыр. Екеуміздің жанұялық ғұмыр кешкенімізге 4 жылдан асып барады. Білместіктен өзіңді ренжіткен кездерім болса, ғафу ет. Менің сенен тілер екі өтінішім бар. Біріншісі, туыстарымды ренжітпе. Екіншісі, егер қуанышты күндеріміздің ақтық сәті осы болса, рухымды күт. Семьямды туған жеріме жеткіз. Бәріне сәлем. Хош. Өзіңді сүйген Ғашиың.
2.IV.1942»
Құдай қосқан қосағының хатын қолына алғанда Балым Малдыбаева өң мен түстің ортасында қалғандай болды. Жолдасының «қарттарға осыны түсіндір» деген аманаты тағы бар. Содан кейіпкеріміз сүйген жарын 57 жыл күткен. Жалпы бұл туралы бізге Тасқала ауданының тұрғыны Құралай Хасанова баяндап берген-ді.
... Сонымен, Балым Малдыбаева 1917 жылы Жаңақала өңірінде дүниеге келген. Бала күнгі арманы орындалып, 1938 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітіреді. Жас маман өзі туған өңірдің Мәштексай аулына мұғалім болып қызметке тұрып, кейін аталмыш ауданда қаржы бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып жүрген Ғаши Сейітовпен танысады. Көңіл жарастырған екі жас кейін үлкендердің ақ батасымен шаңырақ көтеріп, отауларын тігеді. Бір өкініштісі, бақыт пен шаттыққа толы күндерді 1941 жылы басталған II дүниежүзілік соғыс бұзады. Әрі бұл кезде жас жанұяның қос бірдей сәбиі шетінеп кетіпті. Жасыратыны жоқ, отағасы Ғаши Сейітовтың қолында уақытша соғыстан қалдыру туралы броны болса да, қайсар азамат 1942 жылы өзі майданға сұранып кетеді. Тек жұбайына жоғарыдағыдай мәтінде хат қалдырған. Ал 1943 жылдың шілде айында Ғаши Сейітов те майдан даласында ерлікпен қаза табады.
Тірі адам тіршілігін жасайды. Осылайша өмір жалғасып жатты. Балым Малдыбаева зейнет жасына жеткеннен кейін, яғни 1985 жылы Тасқала ауданына қоныс аударады. Айта кетелік, ол кісі өз апасының Мұрат деген баласын бауырына басады. Сол Мұратын оқытып, оны мұратына жеткізеді. Одан көрінген алты қыз бен үш ұлдың қызығына бөленіп, рахатын көрген ана негізінен немересі Жомарт пен Бибігүлдің қолында болады. Қайсар ананың өмірі де көпке өнеге. Өз еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол мектеп директоры, Орал қаласындағы балалар үйінің директоры, сонымен қатар Казталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылында басшылық қызметтер атқарған. Елге есімі елеулі ардақты жан 1999 жылы Тасқала ауданында дүниеден озды. Өмірден өтер алдында жалғыз ұлы Мұратқа бір-ақ арманы барын жеткізіпті. «Өмірдегі жалғыз арманым, Ғашидың қайда, қалай жерленгенін сан жылдар бойы іздесем де, таба алмадым. Қабірінің басына бір уыс топырақ сала алмай кетіп барам», – деп өзегін өртеген өкінішін дауыстап айтқан екен.
Иә, ескірмейтін махаббаттың шынайы кейіпкерлері осындай жандар ғой. Тек рухтары пейіштің төрінде шалқысын дейік!
Әсемгүл АМАНОВА
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер