15.04.2022, 16:42
Оқылды: 68

Елжанды ер

Тарихы бай, кіндік қаны тамған Қарауылтөбесін алабөтен сүйетінін онымен таныс-біліс болған ширек ғасырдан бері жақсы білемін. Ғиззат Ихсан атакүлдігінің кешегісі, ғұмыры аңыз жандары жайында ақеділ махаббатпен көсіле сөйлегенде зерлі зердесіне таңғалмау мүмкін емес. Тебірене толғап, қазып айтады. «Ерен еңбегі үшін» медалі, ел Тәуелсіздігі мерейтойлық медальдары, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының  құрметті ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы – оның еңбегіне берілген баға. О бастан анасы тербеткен бесіктен, Ұлы Жеңіс сарбазы әкесінен жұққан саф қасиеттері хақында  ауылдастарынан, жер-жердегі тұстастарынан жып-жылы лебіз жиі естіледі. Ол 70 жастың жотасына шыққанда, барымызша неге көсіле айтпасқа?!

07

Ұлы Отан соғысында дұшпанды ұясына дейін апарып талқандап, Мәскеу төңірегіндегі жеңіс шеруіне қатысқан ең жас қазақтың бірі болған Құжат Ихсанов әскери қызметтен 1950 жылы оралған соң, еңбек жолында бірнеше ауылдық кеңестің төрағасы, үш кеңшарда ферма меңгерушісі, Қарауылтөбеде кеңшар директорының орынбасары болды. Қайсыбір лауазымдық қызметте жүргенде де ұл-қыздарының таным-тәрбиесін ықтияттылықты қаперде ұстады. Өрімдей Ғизатты 6-сыныптан бастап Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жіберуге мүмкіндігі бола тұра, «Жоқ, алдымен мектепке киіміңе, оқу құралыңа ақшаны өзің тап» деп жазғы демалыста пішен бригадасына тіркемешілікке жұмсады. Ата-ананың қолындағы барға малданбасын, өз еңбегінің дәмін татсын дегені. Сондықтан ғой, бұл ұлы 8-сыныптан соң ақ шөпті маялауды да үйреніп, темір-терсектің «тілін» де таба бастағаны. Орта мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнына балы жетпей қалғанда қиналмады, кеңшардың қара жұмысына білек түріп кірісті. Туған жердің тылсым тартылыс күшіне, атырап ажарының арбайтынына қаныға түскені осы кез.

ДОСААФ-тан шоферлік курсты аяқтап, әскер қатарындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келген бойда кеңшарда автокөлік тізгіндеді. Ет комбинатына мал тасу немесе құрылыс материалдарын әкелу үшін Ресейдің талай миллиондаған шақырым жолдарын сапарлаған жылдарда да үлкен ұжымнан алғысқа, қошеметке бөленді. Өйткені уақытпен, жыл маусымымен санасуды көтермейтін қыруар жұмыста, жол азабында жігіттің жасыған кезі жоқ. Ел сенімін ақтап, ауылға пайда әкелу үшін мақсат қуған Ғиззат Құжатұлының кісімен тіл табыса алатын қырын, көпшілік мүддесіне аянбайтынын, ұйымдастырушылық қабілетін таныған кеңшардың сол кездегі директоры, есімі алысқа мәлім болған Мәди Мусин мен партком хатшысы, білікті азамат Әленғали Кереев басшылық істерге жетеледі. Алдымен Бөрлі ауыл шаруашылығы технику­мында оқуға жолдама беріп, оны түгескен соң автогараж меңгерушісі, бөлімше есепшісі, сосын №1 ферма басқарушысы болған Ғ.Ихсанов шын мәнінде, көшбасшылық көрсетті. Өндірістен қол үзбей, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп (қазіргі Жәңгір хан атындағы университет), жоғары дәрежелі ауыл шаруашылығы экономисі мамандығын да алды. Айталық, аталған фермада 20 мың бастың үстінде қой болды. Сапалы қаракөл елтірісін дайындау, малшы, шопандар арасында отбасылық жалдық әдісті насихаттап жүргізу кеңінен өрістеді. Осының нәтижесінде әр жүз аналықтан 150-ге дейін қозы алған шопандар қатары жылда қалың болды. Жетекші қызметтің биік сатысын емес, әманда жұртының қамын жейтіні жайында алысқа естілді. Кейін де солай болды.

«Кейін...» деп отырғанымыз, заман өзгеріп, өтпелі кезең қос өкпеден қысқан кезең. Кеңшар тараған соң тиісті пайларына «Ихсан» шаруа қожалығын құрды. Көп ұзамай, яғни 1998 жылы сол кездегі аудан әкімі Әлібек Сәтпаев «Ауылдың, атамекеннің жоқшысы болып, азамат азаматтығын танытатын сынақтамыз. Қарауылтөбенің түлегісің, тәжірибең жетеді, алғырлығыңды білемін. Осы ауыл әкімдігін қолыңа ал. Халқыңа барынша қамқор бол, сүйеніш бол» деп қолқа салды. Отбасымен кеңескен соң келісімін берді. Қиыншылық дегеннің әр қияда төбе көрсеткен, әр бұрыштан шыға келген шақ еді ғой. Алайда ағайынға осындайда пана болмағанда, енді қашан. Несін айтасың, тығырыққа тірелген небір уақыт кездесті. Жалақы, зейнетақы айлар бойы төленбегенде, мысалы, 50 келі бір қап ұнды он үйге бөлген кездер болды. Тұрмысы төмен отбасылар ауылдық округтің 40%-ын құрады. Қаржы, құрал-жабдық тапшылығынан электр қуаты да бүкіл жерде дүркін-дүркін айырылды. Жылу болмағандықтан, мектептер ағаш, көмірмен жағылатын ескі ғимараттарға көшіп, оқытуда «қысқы вариант» дегенмен амалдап бақты. Медицина, байланыс, т.б. буындар да «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешті.

Осындай тастай күрмеулер ұшырасқанын бүгінде ұмыта бастағанымызды, оны қазіргі жастарға ұғындырмай жүргенімізді айтпағанда, арпалыспен бірте-бірте жеткен бар жақсылығымызды да естен шығарып ала береміз-ау... Бәрі ауылбасылардан сұралатын, соларға тірелетін. Қара бастың қамын ұмытқан жылдар Ғизақаңды кеңселерге, көшелерге қажетті сырды үйіндегі барынан тасуға да мәжбүрлеген. Ұялы байланыс жүйелерінің орнатылуы, орта мектеп үйінің күрделі жөндеуден өткізілуі, 50 орындық жаңа балабақшаның ашылуы, Қырыққұдық елді мекеніне жаңа электр желісінің тартылуы, басқа да өзгерістер, әрине, бір деммен болған жоқ. Бұл таңда, әсіресе жас қызметкерлер «Қаржы қарастырылса, не қиындық бар?» деп жатады. Айтуға оңай. Ол ауданмен, облыспен күнбе-күн байланыс, ұйым, мекемелерге қайта-қайта шабыс, қысқасы, жүйкеге түскен салмақтың жайы мүлдем бөлек еді. Ауылда 2007 жылы «Таза су» бағдарламасы жүзеге асырылғанда, 2012 жылы Жайықтың табанынан құбыр жүргізіліп, көгілдір отын кіргізілгенде де солай болды. Ойға, қырға жүгіріп жүріп, Қарауылтөбеде өртпен күрес бөлімінің ашылуына қол жеткізді. Өйткені дала өртінің жиілегені мәлім. Кезегі жеткенде мәдениет үйі, ескі кітапхана жөнделді. Көшелердің жасыл желексіз көркі болған ба, жігіттердің қолы бір қалт еткенде, бұл іске де жұмылдырылды. Тапшылық бастан асқан кезде қысқы отынға кейбір тұрғын кесіп алған, кеспегенінің қабығына дейін сындырып алған ағаштардың орнына Жайықтың оң жағалауындағы Бударин тұқымбағынан талдар, оны суару үшін көршілес Индер ауданынан электр кабелімен қоса сорғы алғызды. Мал басын көбейтумен қатар, мына дәуір талабына сай асылдандыру ісі де қайсыбір ауылға айрықша сын екені аян. Қыр еңбекшілерінің намысын қайрап, кезінде төскейді түлікке толтырумен атағы аспандаған Қарауылтөбенің құты үшін, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін жатпай-тұрмай атсалысуға тура келді. Берекелі бет­алыс өрістеп, асыл тұқымды шаруашылықтар көбейгенін осы орайда намысқа қамшы басқан еңбекторылары Асқар Сағынаев («Масқар» шаруа қожалығы), Мэлс Қырымов («Жарас» шаруа қожалығы), Аманкелді Жұмағалиев («Жұмазия» шаруа қожалығы) және басқа шамшырақтарды да Ғизақаң орынды түрде мақтаныш етеді.

- Бүкіл еңбек жолым өткен Қарауылтөбе бұл. Балаң кезімнен көз қырын салып қанаттандырған, ширатқан жұртым 18 жыл ауылдық округ әкімі болғанымда  қолдады, сүйеді. Боркеміктікке жаны қас әкенің, небары отыз төрт жасында жазмыш арамыздан ауырып әкеткен ұстаз анам Құраштың аруақ-рухтары да дәйім қорғаныш болғаны анық. Халық бұрынғы өткендердің зор кісіліктерін жыр ғып айтып отыратыны да біз үшін асыл адамдық мектебі ғой. 2011 жылы жан-жарым Светлана Зейноллақызы көз жұмып, қамшының сабы сынғанда да демеген осы ауылдастарым. Бәрі де жүрегімнің төрінде, көңілімнің биігінде. Күллі қызметімде өзіме қалтқысыз сенімді қал-қадерімше ақтауға, қара орманыма жақсылық жасауға тырыстым, - деп толғайды ағамыз.

Жақсылық демекші, зейнеткерлікке шыққан соң да ол төңірегінің игі өзгерістерін бағалап, ал мұқтажына тұмсығына жемілген қарлығаштай септесіп жүр. Перзенттері – Дәурен (бүгінде аудандық мәслихат депутаты), Дастан (жеке кәсіпкер), Альбина (Әділет министрлігінде бас маман) және Бағдатпен («Болашақ» бағдарламасының түлегі, елордада лауазымды қызметте) ақылдаса отырып, өздеріне кезінде пайға тиген кеңшардағы бір ғимаратты 2019 жылы ауылдастарымен бірге жасандырып, жаңғыртып, жылу жүйесін жүргізіп, ауыл игілігіне сыйлады. Қазір мұнда балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  филиалы бар. Бүкіл ауылға, әулетке абырой, сауап, қайырым қолтаңбасын құрылысы аяқталуға таяу мешіттен де көретін ақжарылқап күніміз алыс емес. Ата-баба, ата-ана топырағында ғибадат үйінің көтерілуін ауылдастарымен бірге қолға алған Дәурен мен Дастанды жергілікті кәсіпкерлер, жастар, ауылдас аға-інілері қолдап әкеткен-ді.

Азынабай-Тайпақ суару жүйесін қалпына келтіріп, жан бітіруге байланысты ауқымды тірлік қолға алынғаны көпшілікке белгілі. Осыған қатысты Ғизақаң тиісті сала мамандарымен дидарласып, ой-пікірін ортаға салып жүр. Облыс әкімінің ауданымыздағы қоғамдық өкілі ретінде, өмір-өзенде талай сыннан сыр бермей өткен жан ретінде парасатты пайымы қазіргі басшы-қосшылар үшін пайдаға асары сөзсіз. Ел мен жердің бүгіні мен болашағына байланысты немесе алтын бесігінің тарихынан аудандық, облыстық баспасөздегі ойға ұйытар мақалалары туралы да солай айтуға әбден болады.

«Ұл туса, ұлы жолда қызмет қылса, Одан зор ұлтқа бар ма ырыс деген». Алаш ақиығы Ахмет Байтұрсыновтың жүрегінен жарып шыққан бұл сөзін Ғизақаңа қаратып айтуға болады-ақ. Отызында орда бұзды, қырқында қамал алды, ел ағасы жасында ар-ождан тазалығымен зиялылық асқарына шықты, талтүсінде ғибратты тағдырдың өнегесімен тұлғалық тұғырын тіпті биіктетті. Сары бесін – жетпісіне әдемі қартаюдың қалтқысыз қалыбымен жетіп отыр десек, асырып айтып жібергеніміз емес. Қазақ әдемі қартаюды дара дәулет деп білген. Қарауылтөбенің қара нары ғой ол. Осындай ағаларымыз бар біз бақыттымыз.

Болат  Қосжанұлы,

Ақжайық  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале