Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бастаған бір топ азамат Теректі ауданы, Ақжайық округінің Абай ауылының құрметті азаматы Әділгерей Ережепов атамызды 90 жас мерейтойымен құттықтады.

Бұл тек бір әулеттің ғана емес, бір елдің қуанышы.
Мерейтой иесі құрметіне Абай ауылдық клубында кездесу кеші өткізіліп, мерекелік шараға ұласты. Сондай-ақ аталған шарада ауданның құрметті азаматына арналып, көрме жасақталған.
Салтанатты шара барысында туған күн иесін құттықтап, аудан әкімі Әлия Биғазықызы сахна төріне шығып сөз сөйлеп, құттықтау хатын табыстап, дәстүр бойынша шапан жабылды. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Қазиев мерейтой иесіне облыстық ардагерлер кеңесі атынан төсбелгімен марапаттады.
Мерекелік шарада атамыздың елеулі еңбектері аталып өтіп, өмірбаяны мен отбасына шолу жасалып, бейнетүсірілім көрсетілді. Сыйлы азаматтың құрметіне әннен шашу шашылып, «Бір шәугім шәй» «Әке», «Қара шаңырақ», «Өз елім» сынды әндерінен мәдениет қызметкерлерінен тарту жасалды. Шара барысында бірге қызметтес болған ауыл ақсақалдары да сөз кезегін алып , құттықтау сөздерін жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Мерейтой иесі сөз тізгінін алып, өмірбаянынан үзінді айтып, ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға өз алғысын білдірді. Ауыл тұрғындары да гүл шоқтары мен кәделі сыйлықтарын табыстап, құрметтерін көрсетті. Аталған мерекелік шара тойдың басы емес, тек жалғасы. Өйткені түске дейін атамыздың ұрпақтарының қолдауы арқасында атамыздың құрметіне спорттық ойындар өткізіліп, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл шарада арқан тартыс, қол күресі және қой көтеру сынды ойындардан жергілікті тұрғындар бақтарын сынап, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарды оң жамбасына басып, олжалы болып қайтқан жайы бар.

Ережепов Әділгерей 1935 жылы бүгінгі Теректі ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Елгезек, еті тірі бозбала еңбекке ерте араласып, колхозда сауыншылардың есепшісі болып еңбек жолын бастайды. 1953 жылдың күзінде Орал қаласындағы механизаторлар курсына қабылданып, оны 1954 жылдың сәуір айында оқып бітіреді. «Тың игеру» ұлы еңбек майданының ортасында болып, тарихты өз қолымен жасап жатырған ерен еңбек иелерімен бірге бірлесе еңбек етеді. Ждағат, Молотов, Жасталап секілді колхоздардың тың жерлеріне алғашқы түрен салғандардың қатарында болған. 1958 жылға дейін механизатор болып еңбек етіп, кейінгі жылдары комбайнер, автомашина жүргізушісі болып та қызмет атқарады.Тың игеру жылдарындағы үлкен еңбектері үшін 1957 ж. 18.06 «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен және Қазақстан ЛКСМ-нің үздік төсбелгісімен марапатталады. 1968 жылы Nº3 егін бригадасының бригадирі болып тағайындалады. Сол жылы егін айтарлықтай бітік өсіп, егін танаптарынан айтарлықтай мол өнім алынды. Мемлекетіміз еңбек адамының ел экономикасын өркендетудегі зор еңбегін бағалап, 1975 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттаса, 1980 ж. «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталып, есімін ел тарихына жазды. Еңбек адамына көрсетілген осынау үлкен құрмет барлық Абайлық еңбеккерлерге көрсетілген құрмет болатын. 1985 ж. Ә.Ережепов Орал облысынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Өмірде қарапайым, еңбек ұжымында абыройлы азамат отбасында үлгілі әке де бола білді. 40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, еліміздің экономикасын өркендетуге қызмет еткен еңбек ардагеріне 2007 жылы 8 ақпанда Теректі аудандық мәслихатының шешімімен «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл күнде Әділгерей Ережепов есімі ел тарихына жазылған еңбек ардагері, Ақжайық өңірінің мақтанышы.
Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы