Қай мамандықтың болмасын қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Бұл ауыл шаруашылығы мамандарына да қатысты. Осы сала мамандарының еңбегі қашан да елеусіз қалмаған. Біздің Бөрлі ауданында да үлгі болатын еңбек адамдары баршылық.
Бүгінгі мақаламыз ауданымызға, облысымызға танымал агроном Ғалия Ысқақова туралы. Ол өмірін тұқым шаруашылығына арнаған маман. Ауыл шарушалығы саласында 37 жыл талмай еңбектенген агроном. 21 маусым күні мерейлі 80 жасқа толатын Ғалия әжемен біз де кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.
Ғалия Ысқақова негізінен 1944 жылы Теректі ауданы Тоқсай ауылында дүниеге келіпті. 3 жасында отбасымен ауданымызға қарасты Бумакөл ауылдық округінің Облав ауылына көшіп келген. Осы уақытта әкесі соғыста болған екен. Ауылда тек орыс мектебінің болуына байланысты 7 жасында 1 сыныпқа барған. Мектеп табалдырығын орысша бір сөз білмей аттаған. Жаңа жылға дейін мұғалімдер оған орысша сөйлеуді үйретіпті. 7 сыныптық ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін ары қарай не істерін білмей жүрген Ғалия аудандық «Красный луч» деген газеттен хабарламаны көріп қалады. Онда Орал шаруашылық техникумында агроном, экономист, ветеринар және тағы басқа мамандықтарға 7 сыныптан кейін қабылдайтыны туралы жазылыпты. Осы оқу орнына тапсыратынын айтқан кезде артынан ерген сіңілі-інілерін кім қарайтынын ойлап, басында қарсы болған анасы кейіннен келіскен. Орал қаласына бірінші рет келіп тұрған Ғалия не істерін білмей, техникумға баратын жолда кездескен адамдардан сұрастырып, әрең дегенде тауып алыпты. Содан көрсетілген мамандықтардың ішінен агроном мамандығын таңдап, математика мен орыс тілінен емтихан тапсырған. Техникумға түскеннен кейін жатақханаға орналасып, оқуын 4 жыл 8 ай дегенде бітірген. Оқуын үздік бітірген Ғалияға ұстаздары білімін Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында жалғастыруды ұсынады. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты оқуын әрі қарай жалғастыра алмапты.
Еңбек жолын «Орал» колхозында бастаған жас агроном өмірлік серігін де жұмыс орнынан табады. Агроном Ғалия 1967 жылы Әкімгерей деген жігітке тұрмысқа шығып, 3 баланың анасы атанады. 2 қызы мен 1 ұлын өсіріп, аяқтарынан тұрғызып, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған.
Басынан өткен қиын-қыстау уақытта далада еңбек етіп, агроном мамандығының қыр-сырын меңгерген ананың басты арманы балаларын аман-есен өсіру болды.
Көбісі агрономның жұмысы тұқымды егіп, өсуін күтіп отыратын оңай жұмыс деп ойлауы мүмкін. Шынына келгенде, бұл үлкен еңбекті талап ететін жұмыстардың бірі. Агроном дала жұмыстары басталған кезде тұқымның себілу жылдамдығын орнатып, бақылайды. Сонымен қатар, ұшақпен егістікті арамшөптерге қарсы өңдейді.
Ғалия Мырзағалиқызының жұмысы таңғы төртте жұмысшыларға жоспарды түсіндірумен басталады. Ол күнде таңертеңгі төрттен он бірге дейін, кейін кешкі бестен түнге дейін жұмыста жүреді. Осындай жұмыс уақытымен ол 3 балаға да қарап, үй шарушылығымен де айналысып, жұмысқа да үлгеріп жүрген.
Ғалия Ысқақова адал атқарған жұмысының арқасында көптеген алғысхаттарға да ие болған. Тұқым шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, әйелдер кеңесінің де мүшесі болған.
Бүгінгі күні үш баласы да, олардан ерген немерелері де әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Саналы ғұмырын егін даласына, тұқым өсіруге арнаған Ғалия әженің, яғни еңбек адамының өмірі өсіп келе жатқан ұрпаққа да үлгі болып қалары анық.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы