7.06.2022, 10:00
Оқылды: 152

Еңбегі ерен ер

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Тілекқабыл Сағынов 10 маусымда 75 жасқа толады. 

2

Орал педагогикалық институтының тарих-филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын Саралжын орта мектебінде ұстаздықтан бастаған ол кейін мектеп директоры болды. Еңбекқор да іскер азамат 1980 жылы «Саралжын» ауылдық кеңесі төрағалығына сайланды. Совхоз директоры Ғ.Кереев, партком хатшысы Б.Нұрмағанбетовтермен бірлесе қызмет атқарып, шаруашылық экономикасының алға басуына өзіндік үлесін қосты. Саралжын селолық кеңесінің екі рет облыстық Кеңестер арасында жеңімпаз атанып, «Урал» мотоциклі мен «Москвич- 412» жеңіл аутокөлігін иеленгені де осы кезең еді.

Бұған қоса кейіпкеріміздің 1986 жылы Қазақстан Компартиясы ХVІ сиезіне делегат болып сайлануы ұзақ жылғы қажырлы да абыройлы қызметінің қайтарымы іспеттес. Қызмет баспалдағы да сатылап көтеріліп отырды. Өзіне қандай міндет жүктелсе де, ел мүддесі жолында еш аянған жоқ.

Ал енді Кеңестік құрылым тарағаннан соң, мәслихат жүйесінде де өзінің айшықты қолтаңбасын қалдыра білді. Сол бір жаңа кезеңде аудан әкімдері болған А.Әділов, С.Сүлеймен және А.Өтеғұлов тәжірибелі мәслихат хатшысымен әр кез ортақ шешімге келіп, ел игілігін еселеу бағытында бірлесе қызмет атқарды. Тіпті сонау 1996 жылдардағы аласапыран шақта ауданды тарату «құрығынан» құтқарған А.Әділов пен Т.Сағынов екенін көзкөргендер әлі күнге айтып жүр. Бұрын бұл аудан екі қайтара тарағанын, мал шаруашылығына өте қолайлы өңір екенін, сонымен қатар қатпарлы тарихын жеріне жеткізе жазып, жоғары жаққа үшбу хат дайындаған осы біздің Тілекқабыл Сағынов болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмесі хақ.

Міне, жай басып, жалпақ алатын туған жерінің шынайы патриоты Т.Сағынов осылайша 16 жыл мәслихат хатшысы болып, зейнеткерлікке шыққанша жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Әр уақытта 12 жыл ауылдық, 23 жыл аудандық деңгейде халық қалаулысы болғаны және бар. Айтпақшы, оған 2015 жылы Қазақстан мәслихаттарының «Құрметті депутаты» атағы берілсе, республикалық «Мәслихат» журналына іс-тәжірибесі енді. Тынымсыз да тындырымды істерінің арқасында Мемлекет басшысының атынан 5 рет алғысхат та алған.

Ардақты азаматтың шығармашылық бағыттағы еңбегі өз алдына бір төбе. Жерлесіміз Қайыржан Хасановпен бірлесіп атқарған істері қаншама, әрі ол - жады мықты өлкетанушы. 2008 жылы ауданның құрылғанына 80 жыл толуына арналған «Қаратөбе ауданы: тарихи-танымдық анықтамалық» кітабы да осы кісінің жетекшілігімен жарық көрді. Аудандық мұрағатта «№40 Т.Сағынов жеке қоры» да жасақталған. Айта берсе, әңгіме көп. Қысқасы, біз білетін Тілекең – қалай мақтауға да, қалай мақтануға да тұрарлық азамат. Жанұясында үш ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты әке, сүйікті жар. Ұрпақтарының бәрі де жоғары білімді, әр салада қызмет атқарып жүр. Өзі зейнеткерлікке шығып, Орал қаласына қоныс аударғаннан кейін де ел есінде қалар игілікті істердің ұйтқысы болудан шарша­ған емес. Нағыз еңбекторысы осын­дай-ақ болар.

Нәжім Дәулетов,

Қаратөбе ауданының құрметті азаматы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале