Қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіру қызметі. Табиғи апат салдарынан туындайтын не болмаса қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан туындайтын қызыл жалынға бетпе-бет келіп, тілсіз жауды тізгіндейтін маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Тілсіз жау жағадан тап бергенде, ең алдымен, өздерін, отбасы, бала-шағасын ойламай қызметі мен міндетін бірінші орынға қойып, алапат оттың арасынан адамның өмірін арашалап қалуды ойлайтын да осы кісілер. Отқа оранған үйдің куәсі болып, сол үйден адамдарды аман алып шығып, ерлік көрсеткендерді халық алдында марапаттайтын себебі де өрт сөндіруші қызметінің қиындығында шығар. Өкінішке орай өрт сөндіру бекеттері қалалар мен аудан орталықтарында бар, алайда ауылдық округтерде жоқ. Ауылдық округ пен елді мекенде тұратын тұрғындар тілсіз жау тұтқиылдан келген жағдайда өрт сөндіру көлігін аудан орталығынан шақыруға мәжбүр. Өртті тез сөндіру үшін ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Осы орайда өрт сөндіру бөлімшесіне барып, бөлімшенің бір күндік жұмысымен танысқан едік.
Бөлімшедегі жағдай қандай?
Бізді өрт сөндіру бөлімінің басшысы Рустам Жирентаев қарсы алып, бір күндік жұмыс барысымен таныстырды. Құтқарушыларға жұмыс күні басталмас бұрын бір күндік атқаратын жұмыстары жәйында тапсырма беріледі. Олар басшылықтың тексеруінен өтіп, төтенше жағдайға дайын екендіктерін мәлімдейді. Күн сайын өрт сөндірушілер үшін жұмыс таңғы 8:00-де әскери жиыннан басталады. Түнгі кезекшілікте болғандар әріптестеріне жұмысты тапсырады. Атқарылған жұмыстың есебінен бөлек барлық техника құралдары да кезекті тәулікте жұмыс атқаратындарға тексеріліп, тапсырылады. Одан кейін тұтас күннің қауіпсіздігі үшін оқыту дәрісі жүргізіледі. Өрт сөндіру бөлімінде 2 өрт сөндіру көлігі, 1 қорда тұрған көлік бар. Бөлімшеде 1 бөлім басшысы, 4 бөлімше командирі, 1 аға жүргізуші-қызметкері, 4 жүргізуші қызметкері, 1 радиотелефоншы қызмет атқарады. Өрт сөндірушілерге кезекшілік 4 күнде бір келеді екен. Белгілі бір жерде өрт шыққан жағдайда ең бірінші қоңырау кезекші диспетчерге келіп түседі. Кезекші диспетчер мекен-жайды анықтап, өрт сөндіру көлігін оқиға орнына жібереді екен. Әрі қарай бөлімше командирі Р.Жолдығалиев өрт сөндіруге арналған форманы киіп, үстіндегі киім сипаттамасын түсіндірді.
«Өрт сөндіруші барлық жағдайға дайын болуы керек»
- Өpт cөндіpyшілepдің жayынгepлік киімі – күpтeшедeн, шaлбapдaн (жapтылaй кoмбинeзoннaн) тұpaды. Ыстыққа төзімді. Дулыға – өрт сөндіру кезіндегі түрлі бас жарақаттарынан сақтайды. Жауынгерлердің тыныс алу мүшесін газ түтінінен қорғайтын құрал бар. Ішінде 30 минутқа жететін таза ауа болады. Өрт сөндіру көлігінде әрқайсысы 20 метрден тұратын өрт шлангтары бар, 8 тонна су толы цестерна бар.
Ауданда өрт күнде бола бермейді, дегенмен, біздерге тектен-тек қарап отыруға болмайды. Күн сайын оқыту дәрісі жүргізіледі. Күн сайын жаңа нәрселер үйренеміз. Төтенше жағдай айтып келмейді, сондықтан әрбір оқиғаға сақадай сай тұруымыз үшін тәжірибелік сынақтан жиі өтіп тұрамыз. Күніне 2 адам кезекшілікке түсеміз. Төтенше жағдай болған жағдайда кезекшілігін тапсырып кеткен бөлімше командирлері де міндетті түрде шақырылады. Үстіміздегі арнайы киімдер 16 кг-ды құрайды, басқа да алып жүретін құралдарды қосқанда барлығы 40 кг-ға жуық болады, - деді бөлімше командирі Райымбек Жолдығалиев.
Өрт сөндіруші мамандығын қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың біріне жатқызу да тегін емес. Олардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Белгілі бір үйді немесе ғимаратты өрт шарпығандығы жайында дабыл келіп түскенде алапат отты тізгіндеуге жеке құрамнан құрылған топ оқиға орнына аттанады. Қызыл жалынға дес бермей, тілсіз жаудың тілін тауып, өрт өтінде жүрген жауынгерлердің еңбектері кейде бағаланбай жатады. Өрт сөндіруші қызметі шапшаңдықты, батылдықты, төзімділікті талап ететіндіктен әрбір адамның қолынан келе бермейді. Ал сол жұмыс қолынан келетін жандарды қазіргінің батырлары деуге де болады.
- Өрт сөндірушінің басты міндеттері – алапат өрттің арасынан адам өмірін аман алып қалу, оқиға орнына барған кезде тез әрі байыпты шешім қабылдауы қажет. Әрдайым төтенше жағдайға дайын болуы керек. Сондықтан да күніне оқыту дәрістері, айына бір рет тәжірибелік дәріс жүргізіледі. Тәжірибелік дәріске жеке құрам тыңғылықты дайындықпен барады. Тәжірибелік дәрісте белгілі бір ғимарат таңдалып, оған барлық құрал-жабдықтарды алып, тиісті киімдерді киіп, дәріс болатын жерге өрт сөндіру көлігімен аттанды. Өрт сөндірушінің бойынан табылуы қажет қасиеттер – төзімділік, сабырлық, шапшаңдық, ұтқырлық, ептілік, психологиялық тұрғыдан дайын болу, дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білу, зардап шегушінің мүлкіне мүмкіндігінше өрттің зақым келтіруін болдырмау. Алапат от үйді шарпымас үшін қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Өзім осы жұмысымды жүргізуші қызметінен бастадым, одан кейін бөлімше командирі, бөлім басшысына көтерілдім. Өрт сөндіру барысында сумен сөндіретіндіктен кейде су тапшылығы орын алып жатады. Кейде гидранттар жұмыс жасамай қалып жатады. Ондай кезде диспетчер бізге жұмыс жасайтын гидранттардың тұрған жерін хабарлайды.Кейде халықтың тарапынан наразылықтар туып жатады. Халық арасында «оқиға орнына сусыз келеді, уақытында келмей, кешігіп келеді» деген пікірлерді естіп жатамыз. Алайда дулығаның алдыңғы жақ бөлігінде видеобақылауға қай уақытта шығып, мекенжайға қай уақытта жеткендігі жазылады. Сонымен қатар қысымның жоғары болғанынан өрт сөндіру шлангтарынан секундына қырық литр су шашылады, соның нәтижесінде 8 тонна су 5-6 минутта бітіп қалады. Біздің жұмыс ер азаматтарға арналған сала.Кейбір қиындықтарға шыдай алмай жұмыстан шығып кететін қызметкерлер де бар. Жалпы құрал-жабдық пен көлік жеткілікті. Тек бізге жеке құрам жетіспеушілігі бар. Яғни осы салада жұмыстың қиындығына байланысты қызмет еткісі келетін азаматтарымыз тапшы, - деді бөлім басшысы Рустам Мазхарұлы.
2021 жылы аудан бойынша 36 шұғыл оқиға тіркелген. Соның ішінде10 өрт оқиғасы, 10 авариялық, 16 жану оқиғасы.
Сөз соңы
Өрт сөндірушілердің болаттай шымырлығы күнделікті жаттығулардың нәтижесі болып табылады. Бұл жұмысқа денсаулықтың күшті болғаны ғана емес, жүректің де мықты болуы керек екені сөзсіз. Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман. Өз қызметтеріне адал болған олардың жұмыстағы өмірі – әрбір сәт сайын қатерге толы. Сөйтсе де олар өз еліне адал қызмет етіп келеді. Айналамызды қызыл жалын шарпыған кезде ең бірінші осы кісілердің көмегіне жүгінеміз. Сол себепті халқына адал қызмет еткен өрт сөндірушілердің еңбектері елене берсін.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz