Сұранысқа ие мамандықтардың бірі – мал дәрігері. Ауылдық жерлердегі мал шарушалығын былай қойғанда, қалада тіпті ит-мысық, тотықұс, тағы да басқа өсіретіндер мал дәрігерлік емханаға жиі жүгінетіні анық. Мал дәрігері болуды кейбіреулер менсінбей де жатады. Бірақ, біз әңгімелеп отырған жан мүлдем ондай емес. Керісінше, өзінің мамандығын мақтан тұтатын Бекболат Сыдықов ветеринария саласында бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Күйгенкөл ауылында өмірге келіп, 1979 жылы сол жерден 10-сыныпты бітірген ол, сол кездегі Орал қаласындағы №167-ші училищеде ветфельдшер мамандығы бойынша білім алады. 1980 жылы әскер қатарына алынып, 2 жыл азаматтық борышын өтеп келген соң, 1983 жылы Ресейдің Красный Кут қаласынан зооветеринар техникумын тәмамдайды.
Ең алғашқы еңбек жолын Құрсай ауылында ветсанитар болып бастаған Бекболат Сыдықов 2002 жылы Жәнібек ауылына қоныс аударады. Сол кездегі СПТУ, қазіргі Жәнібек колледжіне күзетші болып жұмысқа орналасып, кейін 2012 жылы аудандық ветстанцияға өзінің мамандығы бойынша, ветфельдшер болып ауысады. Содан күні бүгінге дейін осы қызметтежасап келе жатқан Бекболат аға қызығы мен қиындығы мол жұмысында басынан өткен оқиғаларды да еске алды.
- Осыдан бір-екі жыл бұрын қыс уақытында бір кісінің қойы ауырды. Соған бардым. Жаңа төлдеген қой әлсізденіп, жатып қалса керек. Бірден глюкоза, аскорбин қышқылын қосып, екі рет система қойып бердім. Қойы әл жинап, шауып кетті. Содан бері ол рахметін жаудырумен келеді. Жақында ауылдың батысбетіндегі бір үлкен кісінің сиыры бұзаулап, өлімші халде жатқанын баласы хабарлап, келіп қарап кетуімді өтінді. Барсам, қарны ісіп кеткен, орнынан тұра алмайды. Бірден қолымнан келген шараны жасап, «бір сағаттан жазылса жазылады, жазылмаса сойып алыңдар» дедім. Артынша бір сағатқа жетпей,кері байланысқа шығып, сиырының шауып кеткенін айтты. Сүт қатып қалғаннан қиналған екен бұл сиыр. Ол кісіде көрген сайын алғысын жаудырып жүреді. Бірде бір кісінің сиыры бір жұмадан бері ауырып, аузынан көпірік атып, өкіре береді екен. Олар құтырған мал деп ойлап, мені шақыртты. Барсам құтырған малдың ешқандай белгісі жоқ. Су ішіп тұр. Құтырған мал су ішпейді. Қарай келе малдың жіп жеп қойғанын анықтап, асқазанының толып тұрғанын айтып, сойып алыңдар дедім. Сойса, айтқанымдай, асқазанында екі түйілген ақ жіп тұр екен. Құтырған малдың да түр-түрі болады. Кейбірі өзіңе жүгіріп, жерді қазады, кейбірі аузынан су ағып, өзімен-өзі болады. Ондай малды сау малдан бөлек қойған дұрыс.
2008 жылы болу керек, Күйгенкөл ауылының Құрсай елді мекенінде бір кісінің малдарды уланып, құлап жатқаны туралы хабарлап, шақыртты. Бардық. Барсақ шынымен су ішеді де, шетінен құлай береді. Қарындары ісіп кеткен. Бірден қарындарын инемен тесіп, ауасын шығарып жатқанда, бір сиырдың тура өзіме жүгіріп келе жатқанын көрдім. Бірден жерге жата қалдым, сиыр үстімнен тапап өтті. Жұмыс болғасын әртүрлі оқиғалар орын алып жатады. Қан алып жатқан кезде оң көзіме сиырдың мүйізі тиген кездер де болды. Осы салада жұмыс жасап жүргеніме 35 жыл болып қалыпты. Айта берсем, басымнан өткен мұндай жағдайлар өте көп. Оның бәрін тізбектеу мүмкін емес. Қолымнан келген істі барынша іске асырып, халықтың кәдесіне жарап жүргеннің өзіне не жетсін?! - деп өткен күндерден сыр шертті өз ісінің нағыз маманы.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz