23.04.2025, 16:00
Оқылды: 166

Еңбегімен елге сыйлы

Әрбір адам саналы ғұмырында өз ісін адалдыққа негіздей білсе, соғұрлым оның еңбегі жемісті бол­мақ. Бақ та, абырой мен құрмет те, барлығы таза маңдай тер­мен келеді. Қазақ халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» деп бекер айтпаса керек. Ер азаматтың өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы жақсы ниеттен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге болады. Міне, сондай ғұмыры еңбекпен өріліп, тектілігін жоғалтпай, кісілігін сақтаған, қажырлы жұмысымен елге пайдасын тигізіп,  жұрт жадынан жақсы жағынан орын алған ардақты азаматтардың бірі – Мүбәрәков Кеңес Молдашұлы.

WhatsApp Image 2025-04-23 at 16.40.57

Ол Жаңақала совхозының, Жуалыой бөлімшесінің Құм өңірінде 1951 жылы 29 наурызда  дүниеге келген. Ата-анасы 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеген қарапайым отбасы. Әкесі Молдаш Мүбәрәков 1906 жылы Бекетай құмында дүниеге келген. Ұлының жадында бір қолы шолақ қалпында есте қалған, ҰОС-ның мүгедегі. Анасы Сақи Мүбәрәкова 1928 жылы Сталинградта өмірге келіп, Астрахан балалар үйінде тәрбиеленген. Әкесі бір қолымен мал суарып, пішен айырлап, барлық жұмысты зайыбы екеуі қатар атқарған. Кеңес ата 17 жасында әкесінен айырылып, өмір иірімдеріне ерте араласқан.  Әкелері дүние салған соң, ата кәсіптерінен қол үзгілері келмей, Кармановка совхозының басшыларымен сөйлесіп, кенже інісі Жасұлан бір қора малға ие болды. Жүргізушілік курсын оқып жүрген інім Шиап та оқу бітіре салысымен аудандық атқару комитетіне шоферлік қызметке орналасты. Жастайынан бейнетке бейімделген азамат Жуалыойдың 8 жылдық мектебін бітіріп, жаз айларында отбасының мал шаруашылығына қолғабыс еткен. Жаздың апат ыстығында, күздің қара жаңбырында, қыстың аяз боранында мал соңында жүруден еш қымсынбаған ол  1969 жылы әскер қатарына шақырылып, Семей ядролық сынақ полигонына тап болған. 6-айлық оқу курсын бітіріп, сумен жабдықтау, санитарлық техника жөніндегі маман-монтаждаушы мамандығын меңгерген. Жабық әскери нысандар да жұмыс жасап, 1971 жылы әскер қатарынан босады. Ақтөбе Индустиралды – педагогикалық техникумын 1976 жылы бітіріп, ашылғанына 2-жылдай болған жартылай әскери-техникалық мектебіне мұғалім, қосымша оқу ісінің меңгерушісі болып жұмысқа кірді. 1993 жылға дейін осы қызметті абыроймен алып жүріп,  еш қиындыққа мойымай, педагогика саласында көп тәжірбие жинақтаған. Совхоздар мен  мекемелердің жекеленуіне байланысты ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап диспечерлік службаға жұмысқа кіріскен. 2014 жылы осы саладан зейнет жасына шығып,   2016 жылға дейін қызмет атқарған.

Еңбегімен елге сыйлы (3)

Өмірлік жары Бақытжамал Иманғалиева 1953 жылы 12 сәуірде Көктерек совхозында өмірге келген. Бүгін де ардагер ұстаз. 1977 жылы 5 тамызда шаңырақ көтеріп, содан бері сан жылды артқа тастап, өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көріп келе жатқандарына 50 жылға жуықтады. Азаматтың басын өрге де, көрге де сүйрейтін әйел демекші, өсіп-өнген 2 ұл, 3 қызымыздан тараған ұрпақтың қызығын бүгінде бірге көріп келеді. 2 немере, 10 жиен, 3 жиеншар сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отыр. Ардақты азамат ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың барлығының білім алуына жағдай жасаған. Ел дамуына балаларының сүбелі үлес қосатынына сенім артқан. Балаларының барлығы жоғары білімді, өз алдарына еңбек етеді. Үлкен ұлы Руслан – газ саласының маманы, келіні Дина – аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры. Немересі Бақтияр ІТ саласы мамандығын меңгеруде. Қазіргі таңда бір шаңырақта тұрады. Екінші ұлы Нұрсұлтан жол апатына түсіп дүниеден озды.  3 қызы да тұрмыс құрып, бір жанұяның ұйытқысына айналған.

- Адам жасына жас қосылып үлкейгенде, өткен өмірін еске түсіріп ойланады екен. Ата-анам үнемі жақсы ырым-тыйымдарды бойыма сіңіріп отыратын. Сол айтқан кеңестерінің бүгінде пайдасы тиіп жатыр. Мәселен, «Жақсының жолын кеспе», «Жаманның сөзін басыңнан асырма», «Еш жанға қиянат жасама», «Қара нан жеп, қара су ішсең де біреуге жалтақтама», «Қолыңнан келгенше жақсылық жаса». Балаларым мен немерелеріме де оқып жүрсін деп, әкемнің өсиет сөздерін үйімнің қабырғасына іліп қойдым. Әкем өмірден өткеннен кейінгі ойым, әке аманатын ақтау болды. Төсек тартып, ауырып қалған уақытында да: «Балам, бауырларыңа мұқият бол, шашырамай бір жерде жүріңдер» деген аманаты есімде қалды. Екі қарындасымды да мамандықтарына сай жұмысқа орналастырдым. Үлкені Қансұлуды әскери бөлімшеге, кішісі Айсұлуды жанармай бекетін де қызмет жасады. Осылайша, әке аманатын орындап, арқамнан ауыр жүк түскендей болды.

Еңбегімен елге сыйлы (1)

Бүгінде өткенін білмейтін, ата-бабаларының жүріп өткен жолын еске алмайтын жас буындар көптеп кездеседі. Жастар дегеніміз – әр ата-ананың бағып-қағып өсірген ұлы мен қызы, еліміздің ертеңі. Аналары жыламайтындай, әкелері жерге қарамайтындай, еңбекқор, білімді елжанды азамат болып өссе екен деймін, - дейді Кеңес Молдашұлы.

Иә, «әке көрген оқ жонар» демекші, жас күнінен әке тәрбиесін көріп, ерте жастан еңбекке араласқан Кеңес атамыздың бүгінде ұрпақтарына үйретері көп.

Расында да,  елге еңбегі сіңген тұлғаларды кейінгі толқын білуі тиіс. Кеудесінде самсаған орден, медаль, қоржынында көптеген алғыстары бар жандар жетерлік. Дегенмен де,  саналы ғұмырын ауыл тіршілігімен ұштастырып, қажырлы еңбек ете білген Кеңес Мүбәрәковтың өмір жолы жастарға үлгі. Артында ердің еңбегін бағалайтын елі барда, ізін жалғастыратын ұрпағы барда «Жақсының аты өшпейді» деген осы болар.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале