«Еңбегі молдың өнбегі мол» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Адал еңбектің артында қашанда береке мен молшылық тұратыны даусыз. Ауыл адамдарының «Сәуленің қолынан келмейтіні жоқ», «Сәуленің қолы шебер» деген сөздерді жиі естимін. Ия, жан – жақтылығымен, шеберлігімен, оқсатымдылығымен , адал еңбегімен елге танылған Сәулені Мәстексай ауылының еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін бауырына тартып, жақсы көретіні рас.

Сәуле Бақытқызы Сисенова 1971 жылы 7 шілдеде Мәстексай ауылында Бақыт әке мен Аққағаз ананың көпбалалы шаңырығында дүниеге келген. Ата – анасы шопан ата таяғын ұстаған малшылар. Шопанның отбасында дүниеге келген Сәуле еңбекке жастайынан араласып өседі. Өзінен үлкен аға – апалары есейіп кеткендіктен, отбасындағы балалардың үлкені болып қалған Сәуле ішке де, сыртқа да бірдей төселіп, мал шаруашылығының тауқыметті тірлігіне ерте кіріседі.
Орта мектепті бітірген соң да, басқа замандастарына еріп, қаладан оқу іздемей, отбасындағы сырқат анасын бағып, даладағы малға қолғабыс беруіне тура келеді. Малдағы ата – анасына көмектесе жүріп, артынан ерген іні – сіңлілерінің сабағына көмектесіп, киім- кешегін, тамағын уақытында дайындаумен айналысқан Сәуленің жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндігі де болмады. Алайда өзіне қолжетімді аспаз мамандығын меңгерген Сәуле, теорияны тәжірибемен ұштастырып, мал өнімдерін дайындауда ерекше мәзірлерімен елге танылды. Жастайынан еңбек көрігінде піскен Сәуленің шынында да қолынан келмейтіні жоқ. Сойылған малдың етімен қоса ішек – қарындарын да кәдеге асырып, ерекше тағам ретінде ұсынғанда көп адам неден дайындалған тағам екенін де ажырата алмай қалатын. Ұннан, сүттен, еттен жасалған тағамдарының барлығы да өз қолынан , табиғи қалыпта дайындалады. Жолдасы Данияр Мерешұлы Сисенғалиев Мәстексай ауылына қарасты Құрмантай қыстағына жаңадан үй салып, «Бақтияр» жеке шаруа қожалығын құрғанына да біраз жылдар болды. Құрмантай қыстағы бүгінде иен далада пайда болған оазис секілді. Жаз мезгілінде жасыл желекке оранған қыстақ маңы ерекше құбылысқа айналады. Айнала отырғызылған түрлі жеміс ағаштары хош иісімен көкірегіңді толтырады. Таңмен ертелете тұрып, сиыр сауудан басталатын қыстақ тірлігі малдың сүтін тарту, сүзбе ілу, құрт жасау, бұзауларды суару, тауықтарды шығарып, жұмыртқасын алу, ұзап кеткен малды қайыруға көмектесу секілді тынымсыз еңбекпен жалғасып жатады. Соның барлығына да сабырмен үлгеріп, реттеп жүретін Сәуленің жүйкесі темірден жаралған ба деп те ойлайсыз. Алайда ештеңеге да қабақ шытпастан, асықпай жүріп үлгеретін Сәуленің берекетті қолынан нан да пісіп, шаруалар да реттеліп үлгереді.

Бірнеше адамның жұмысын бір өзі күн сайын қайталай отырып орындаудың өзіне ерекше сабыр мен шыдамдылық керек емес пе? Өзіне ғана жаратып қоймай малдың өнімдерін айналасындағы бала – келіндеріне, тума – туысқандарға, қарауында жұмыс жасайтын көмекші малшыларға да дайындап, молынан жеткізіп отырғанын көріп, тынымсыз адал еңбек иесінің тірлігіне еріксіз басыңды иесіз! Жолдасы Данияр екеуі - қолдарына 2 келін түсіріп, 2 қыз ұзатып, немере – жиен сүйіп отырған бақытты отбасының ата - әжесі. Анда-санда қыдырып келетін жиендер мен қасындағы немерелерін үнемі еңбекке баулып, мал қайыру, моншаға су толтыру, отын жару жұмыстарына тартып отырады.
Ия, үйдің шаруасын тындырып болған соң, арасында сыртқы шаруаға да көмегін тигізеді. . Есік алдынан өз күштерімен салып алған отбасылық моншасы таңнан кешке дейін сөнбейді. Бұл үйде даладан жұмысы біткен ер – азаматтар әуелі моншаға кіріп, шайынып алуды әдетке айналдырған. Арасында үйден 2 – 3 шақырымдай жерде орналасқан құдық басына жиналған жылқыларды есік алдандағы мотоциклмен зырылдап барып, суарып келеді. Үйдегі техниканың қай – қайсысын да еркін меңгеріп, айдап жүре беретін өнері де бар екен. Сақман уақытында ер – азаматтармен бірлесе жүреді. Бірде оны төлін алмаған қойларға қазақша ырымдарды жасап жатқан жерінен көрсек, енді бірде жетім қалған төлдерді аналық малдарға теліп жүрген сәтін көресіз. Жастайынан ата – анадан көрген тәлімі мен үйренген тәжірибесін бүгінде өз қажетіне жаратып жүргенінің куәсі болғанда ерекше риза боласың.

Қазақта «Әйел еркектің қабырғасынан жаралған» деген сөз бар. «Қабырғаңмен кеңес» деген бағыт сөз де бекерге айтылмаса керек. Бүгінде бар нәрсені оқсатпай, бала – шағасын дүкеннің дайын өнімдерімен тамақтандырып отырған адамдар да жоқ емес. Осындай заманда ерінің адал қабырғасынан жаралып, ақылдасар досына айналып, отбасының берекесін толтырып, мерейін асырып, еңбегімен елге танылған Сәуленің тірлігі кей адамға жәй бір от басы, ошақ қасының тірлігінен аса алмаған қарапайым әйелдің ісі болып көрінсе, адамның адал еңбегін бағалай білетін жандарға үлгі болар дара жол.
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы