Татар ұлтының өкілі Загит Сейіткерейұлы Мусеев 1920 жылдың 29 тамызында Украинаның Донбасс қаласында кедей шаруа жанұясында дүние есігін ашқан. Кейін сол қаладағы медучилищені фельдшер мамандығы бойынша үздік бітіріп, Қазақстанның бір түкпіріндегі «Ілбішін» совхозына жолдамамен қызметке келеді. Осы жерден азаматтық борышын өтеуге аттанып, елге оралғаннан кейін Есенсай ауылына тұрақтап қалады. Тағдыр жолы 1941 жылы оны Жымпитының татар қызы Бибінұр Черниязовамен табыстырып, екеуі отау құрады.
Өз орталарына сыйлы ғұмыр кешкен олар алғашқы кезекте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беруді мақсат тұтады. Шүкір, балапандары да ата-анасын жерге қаратқан жоқ. Бір өкініштісі, тұңғыштары Шамиль жастайынан ауруға шалдығып, 9 жасында қайтыс болса, одан кейін көрінген Кларасы жоғары білімді ұстаз, бүгінде Мәскеу қаласында тұрады. Екінші қызы Роза Қарағанды мединститутын бітіріп, Тайпақ ауылында тұрақтап қалса, Алфиясы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Кенжесі Надия болса, Орал медучилищесін бітіріп, денсаулық сақшылары сапына қосылды.
Иә, Захар Сергеевич (көпшілік осылай атады) Есенсай ауылында табан аудармастан қырық бес жылдай еңбек етіп, талай адамның алғысын арқалаған азамат. Ауыр да абыройлы қызметі арқасында көптеген мақтау-марапат иеленгеніне ел-жұрт куә. Басқасын айтпағанда, ол кісінің өңіріне тағылған «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі осыған айқын дәлел. Өзгелей сый-сияпаттары мен атқарған қоғамдық жұмысы да жетерлік.
Біз бүгінгі күні Есенсай ауылының 90 жылдық мерейтойы аясында сол бір ардақты жандардың есімін ел есінде қайта жаңғыртып, өнегелі өмір өткелдерінен аз-мұз сыр шертуді жөн көрдік. Бұл бағытта бізге біраз мағлұматты баяндап, өз көмегін көрсеткен қызы Надияға айтар алғысымыз шексіз. Ағамыздың сүйікті жары Бибінұр апай да ақ халатты абзал жандардың қатарынан еді. Көзкөргендер оның да ізгілікті істерін, адами қасиеттерін айтып тауыса алмайды. Жақсының аты өлмейді деген осы емес пе?! Ал енді елі қадірлеген сол ардақты ағамыз 65 жасында дүние салса, асыл жары Бибінұр апай 85-ке келіп бақилық болды. Бірақ артында қалған айшықты іздері, атқарған адал істері ешқашан өшпейді.
Мерует Қауымбаева,
Ақжайық ауданы
Есенсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы