13.03.2026, 23:00
Оқылды: 7

Еңбегімен елге үлгі болған кәсіпкер

Ауыл шаруашылығы – ел ырысын арттырып, ауыл тіршілігінің тамырын тереңдететін маңызды сала. Осындай еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтардың бірі – Бірік ауылдық округінің тұрғыны, еңбекқор кәсіпкер Достық Шұғайұлы Журасов.

image-13-03-26-02-28-1

Достық Шұғайұлы Журасов 2007 жылдан бастап «Қызыл ту» шаруа қожалығын қолға алып, оны отбасымен бірге бірлесе жүргізіп келеді. Бүгінде олардың еңбегінің нәтижесінде шаруашылық тұрақты дамып, төрт түлік мал басы да едәуір көбейген. Қазіргі таңда қожалықта 150 бас ірі қара, 50-ге тарта жылқы және 500 бас аналық қой бар.

image-13-03-26-02-28-3

Қыстың қытымыр кезеңіне қарамастан шаруашылық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Желтоқсан мен қаңтар айларынан бастап қойлар төлдеп, бүгінде төлдеу науқаны аяқталуға жақын. Шаруа иесінің айтуынша, биыл 500 бас аналық қойдан шамамен 500 бас төл алу жоспарда бар. Мал азығы жеткілікті мөлшерде дайындалып, қыстан қысылмай шығуға барлық жағдай жасалған.

Ірі қара малы Жетібай қыстағында бағылуда. Ол жақтағы жағдай да тұрақты, малдың күйі жақсы. Бұл – шаруашылықтың дұрыс ұйымдастырылғанының айқын көрінісі.

Сонымен қатар, Достық Журасов тек мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосып келеді. Шаруа қожалығында екі отбасы мен бір азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкер Бірік ауылдық округінде орналасқан «Мирас» тойханасы мен «Ақбота» дүкенінің де жұмысын жолға қойған. Сонымен қатар ауылдағы балабақшаны азық-түлікпен қамтып, әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмай келеді.

image-13-03-26-02-28-2

Ел ішінде осындай еңбекқор, іскер азаматтардың болуы – ауылдың дамуына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Достық Журасов сынды азаматтар адал еңбектің үлгісін көрсетіп, туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жанашыр жандардың бірі.

Ернәсіл Рысқалиев

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале