Саналы ғұмырын Бәйтерек ауданының дамуына арнаған, көп жыл Переметный ауылында мемлекеттік қызмет атқарған Сәбит Қайдашев құрметті еңбек демалысына шықты.
Бұрынғы Зеленов ауданы Железнов (Атамекен) ауылдық округінің Новенький (Қайнар) ауылында 1959 жылдың 29 желтоқсанында дүниеге келген ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының экономфагін бітірді. Еңбек жолын 1977 жылы Орал қаласындағы техникумнің бірінде оқытушы болып бастады. Артынан Зеленов ауданы "Ульяновский" совхозында мал дәрігері болды. Аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, меңгерушісі, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас экономисті, Зеленов ауданы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін атқарды. Ал соңғы он жылға жуық уақыт аралығында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерілік бөлімінде бас маман болып еңбек етті.
-Сәбит Баянұлы - абыройлы, адал еңбек еткен азаматтардың бірі. Жан-дүниесі де ерекше. Оның бойынан әрдайым тазалықтың, жылылықтың лебі есіп тұрады. Сол себепті оған деген ел-жұрттың құрметі зор. Танысып-білісіп, бірге қызметтес болғалы біз де ол кісіні қатты сыйлап кеттік. Ағамыздың әлі де жұмыс істеген қалаған едік. Алайда өзі осы кезге дейінгі бейнетінің зейнетін көрсем деген өтінішін жеткізді. Біз, әрине қарсы болған жоқпыз. Иә, өмірлік, еңбек тәжірибесі, керек кезде маман ретінде айтар ой-пікірлері жетіспейтін болады. Дегенмен де еліміздің тәуелсіздігін тұрғырлы ету, жас ұрпақ тәрбиесі бағытындағы жұмыстардан сырт қалмайтынына сенімдіміз. Сәбит Баянұлына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз,-деген аудан әкімі Марат Тоқжанов оның өңіріне ҚР ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тағып, иығына шапан жапты.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы