ҚР Республика күні қарсаңында «КПО б.в. қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ салтанатты жиналысы өтті. Аталған шара «Жұмысшылар жылы – 2025» ҚР кәсіподақтар күніне, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және ҚР-ның Кәсіподақ федерациясының 35 жылдығына арналған.

Мерекелік шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, “Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев, Батыс Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығының төрайымы Айгүл Есекенова, аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоғжанов, КПО б.в. еңбек ресурстары және сервистік қолдау бөлімінің директоры Сұлушаш Ізбасарова, КПО б.в. еңбек ресурстары басқармасының бөлім бастығы Максим Иванченков, КПО кәсіподақ комитетінің мүшелері, КПО кәсіподақ ұйымының нысан және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, бригада капитандары, белсенділер және КПО кәсіподақ ұйымының құрметті ардагерлері қатысты.
Аталған шара ҚР Мемлекеттік Гимнімен басталып, КПО кәсіподақ ұйымының төрағасы Марс Хайруллиннің құттықтау сөзімен жалғасты.
- Біздің компания қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы (КИО, КПО) 1997 жылы құрылды. Кәсіподақтың құрылуының басында Төлеуғали Кеңесов болды. Кәсіподақ ұйымын құрудағы алғашқы қадамдар мен кәсіпорындағы кәсіподақ қозғалысының басталуы, Бірінші Ұжымдық шарт Төлеуғали Құшпанұлының есімімен және біздің КПО кәсіподақ ұйымының басқа да ардагерлерінің есімімен байланысты. Олар біздің кәсіподағымыздың негізін қалаған жандар. Біз оларды әрқашан еске алып отырамыз. Қазіргі уақытта осы жандардың бастаған істерін жалғастырып келеміз, - деп КПО кәсіподақ ұйымының төрағасы Марс Амантайұлы кәсіподақтың жетістіктері мен осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары туралы айтып берді.

Шара барысында кеш қонақтары кәсіподақ мүшелерін мерекелерімен және алған марапаттарымен құттықтап, сөз сөйледі.
- Кәсіподақтың біздің қоғамымызда орны бөлек. Себебі Қазақстанда кәсіподақ нағыз қарапайым жұмысшының мүддесін қорғайтын ұйым. Қазіргі уақытта Қазақстан кәсіподақ федерациясының құрамында екі миллионға жуық адам бар. Біздің салалық кәсіподақта қырық мыңнан астам мүше бар. Биыл кәсіподақ үшін ерекше жыл. Ең бастысы, қазақстандық кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Екіншіден, кәсіподақ федерациясының 35 жылдығын атап өтіп отырмыз. Ал КПО-ның жергілікті кәсіподағы - компания қызметкерлерінің мүддесін лайықты қорғайтын ұйымдардың бірі. Мен бүгінгі шарада марапатқа ие болған жандарға атқарған адал еңбегі, Отанымыз бен өндірістің дамуына қосқан үлесі үшін алғысымды білдіргім келеді, - деді “Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі төрағасы Сұлтан Есімұлы.

КПО б.в. компаниясында марапатқа лайықты мамандар көп. Десе де шара барысында кәсіподақ қозғалысына қатысқан, өнеркәсіпті дамытуға қосқан еңбектері үшін бірқатар компания қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Атап айтсақ, еңбек ардагері, 36 жыл мұнай-газ саласында қажырлы еңбек еткен Әлібек Абдулов ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Анастасия Таныгина, Александр Андрющенко, Қуаныш Арстанов, Эльдар Исеналиевтер аудан әкімінің алғысхатымен, Ғали Жұмағалиев - ҚР Энергетика министрлігінің “Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, Абылай Мұрадымов - ҚР Энергетика министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен, Берік Мұхамбеталиев - ҚР Энергетика министрлігінің “Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері” медаліне ие болды.
Сонымен қатар, Наталья Бибяева, Сарымбет Кайрлапов, Абат Сатыбалдиевтер - ҚР Кәсіподақтар федерациясының “Еңбек озаты” медалімен, Евгений Сошников - ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, Жібек Абдрахманова, Нұрлан Дощанов, Тимур Жаналиев, Ғасмитулла Кунаров, Ақылбек Нурлин, Александр Овчинниковтер - Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағының “Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін” медаліне ие болды.
“Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасына ие болғандар қатарында Ерген Есқалиев, Ілияс Истилюпов, Алмат Каримбаев, Рашит Касимов, Мұрат Сабырғалиевтер бар. ҚР Кәсіподақтар федерациясының алғысхаты Абылхайыр Қазмағанбетов, Андиржан Сазанов, Жасқайрат Сыйқовтарға, ал КПО кәсіоподағының алғысхаты Айғаным Сугурбаева, Амангелді Мұхамбетқалиев, Сабырғали Зимовтарға табысталды. Сондай-ақ өнеркәсіп кәсіподағының белсенді ардагерлері Берік Ирғалиев, Исатай Дощанов, Қуаныш Тенизов, Абылхайыр Қазмағанбетов, Андиржан Сазанов, Жасқайрат Сыйқов, Амангелді Мұхамбетқалиев, Сабырғали Зимов, Аманбай Булековтер КПО кәсіподағының естелік сыйлықтарына ие болды.

Кәсіподақ еңбек қатынастарын реттейтін, қарапайым еңбек адамының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бірден-бір қоғамдық ұйым. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар қызметі көп.
“КПО б.в. қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы” ҚБ-гі - әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, ұжымдық мәдениетті дамытуға және қызметкерлер мен жұмыс берушілерарасындағы сенімді арттыруға бағытталған сенімді ұйым.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы