Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, қоғам белсендісі Гүлжиян Бисекенова мерейлі 75 жасқа толды.
Мерейтой иесін құттықтап, құрмет көрсету үшін үшін аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев, «Бөкей ордасы ардагер ұстаздар» ҚБ, «Нарын шуағы» ӘҚБ бірлестіктерінің жетекшілері шаңырағына арнайы бас сұқты.
– Ауданның қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесіңіз елеулі. Бүкіл саналы ғұмырын ел дамуына арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған, әлі де қоғамның өміріне белсене қатысып, жас ұрпаққа өнеге болып жүрген аға-апаларымыз қандай құрметке де лайық деп білеміз. Осынау мерейлі күнде сізге ерекше ілтипатымызды білдіре отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тіледік, - деп ізгі тілегін арнады аудан әкімінің орынбасары Кенесары Бекболатұлы.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков те ақжарма лебізін жеткізді.
– Жаңа жасыңызды қалың елдің ортасында жерлестеріңіздің шынайы құрметі мен ықыласына бөленген бекзат қалпыңызда қарсы алып отырсыз. Сіздің есіміңізді әрқашан құрметпен атаймыз және биік болмысыңыз бен табандылығыңыз, қажыр-қайратыңыз, өнегелі істеріңізді ұмытқан емеспіз, - деп бірлестіктің атынан сый-сыяпатын ұсынды.
Аудандық «Бөкей ордасы ардагер ұстаздар» ҚБ мен «Нарын шуағы» ӘҚБ жетекшілері де мерейтой иесін туған күнімен құттықтады.
Атаулы күнді елеусіз қалдырмай, жаңа жасымен құттықтап, аға буын өкіліне құрмет көрсеткен меймандарға Гүлжиян Исағалиқызы да ризашылығын білдірді.
– Ел үшін жасап жатқан қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Алға қойған мақсат-мұраттарыңыз орындалып, абыройдың биігінен түспеңіздер. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан аға ұрпаққа көрсеткен шын көңілдеріңізге алғыстан басқа айтарым жоқ, - деді ол.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы