Көрісу күні – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Көрісу – тек бір-бірімен сәлемдесіп, амандық сұрасу ғана емес, ата-бабадан қалған рухани байланыстарды нығайтатын ерекше дәстүр.
Көрісу күні Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев пен бөлім басшысының орынбасары Қайрат Салаватов Бостандық ауылына барып, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, елдің сыйлы ақсақалы Есенгелді Ибатовпен көрісті.
Сексеннен асқан ақсақал шаңырағынан келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ пен бауырсақтан дәм ұсынды.
— Көрісе келіп, менің жағдайымды біліп жатқандарыңызға рахмет! Біз де өздеріңіз секілді кезінде елдің шаруашылығын көтеруге қызмет жасадық. Ол кезде заман қиын болды. Қазір Алла шүкір, бәрі бар ғой. Еңбектеріңіз жана берсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! - деген ақ батасын берді ақсақал.
Есенгелді Зейнұрұлы Ибатов – 1944 жылы 5 тамызда Бостандық ауылында дүниеге келді. Жұбайы Бақытханым (20 жыл бұрын қайтыс болған) екеуі 1968 жылы отау құрып, 7 ұл, 4 қыз дүниеге әкеліп, қатарынан кем қылмай, құтты ұяларына қондырады.
Есенгелді Зейнұрұлы ауылда мәл дәрігер саласында көп жылдар еңбек етіп, зейнетке шықты. Бүгінде ұл-қыздары қызмет атқарып, еліміздің дамуына атсалысып келеді.
Нұр Рахман
Казталов ауданы