Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округі әкімдігінде салтанатты жиын өтті.
–Ұлт үшін орны бөлек мейраммен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Еліміздің көркеюі – қарапайым адамдардың еңбегінен, әр азаматтардың жауапкершілігінен басталады. Ауылдың тазалығына тікелей жауапты сіздердің еңбегіңіз ұшан-теңіз. Күннің қабағына, ауа райына қарамастан өз жұмыстарына үлкен жауапкершілік танытатын сіздерге ауыл тұрғындары атынан алғысымды айтамын, – деп округ әкімі Нұргүл Омарова қоғамдық қызметкерлер Ғарифолла Әсетов, Нұртаза Мұханбетқалиев, Каримолла Меңдіғалиев, Самал Мағзомова, Меңдіғаным Тлешова, Альбина Нұрғалиева, Женни Үмбетова, Светлана Есімова, Майша Ажгереева, Акбота Иманқұл, Жазира Өтеғалиева, Гүлсезім Аюпова, Сұлушаш Ерғазиева және Бану Есенғалиеваларға алғысхат пен арнайы сый қоржынын табыстады.
Шараға қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева еңбек адамдарын мейраммен құттықтап, ұлт үшін ұлық күннің маңызына тоқталды.
–Үлкен еңбектің, елене бермейтін ерлікке пара-пар қара жұмыстың басында жүретін аға-апаларымыздың еңбегіне елеп, демеушілік танытқан Жанболат Наурызов ағамызға газет арқылы да ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтсам, артық етпес. Еңбекті елейтін қайырымды жандарымыз да, ел игілігіне, аудан абыройына қызмет жасайтын аға-апаларымыз да аман болсын, – дейді ауыл әкімі Нұргүл Жігерқызы.
Тәуелсіздік тарихы баян етілген бейнебаянды тамашалаумен басталған шара рухты әнмен тәмамдалды.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы