Теректі аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Пойма жалпы орта білім беретін мектебінде "Жарқын жүздесу" жобасы өтті.
Айта кетейік, Республика күніне орай Астана қаласында салтанатты жиын өтіп, мерекеге орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды табыс етті. Солардың қатарында тұңғыш рет қос ұстаз Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Жобаның қадірлі қонағы Қазақстанның Еңбек Ері, Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова болды.
Эльмара Асқарқызы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген. Тарас Шевченко атындағы Орск мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Қадыр Мырзалиев атындағы мектебінен бастаған ол қазіргі сәтте Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінен білім береді.
Жоба жүргізушісі Үміткер Жұмакелдіұлы кейіпкерімізге ұстаздық мамандығы, шәкірттері мен жеткен жетістіктері жөнінде сұрақтар қойды
– Әулетімізде ұстаздық жолды таңдағандар бар. Солардан үлгі алып, мұғалім болдым. Мұғалім - мен үшін ең қастерлі мамандық. Себебі артыңда сен оқытқан оқушылар бар. Қай жерде болсын саған сәлем беріп, танып жатады. Мен үшін жай мұғалім болып сабақ беруден сынып жетекшілікті бірге атқарған маңызды. Алдыңдағы оқушыны үлкен өмірге жетелеп жол сілтеу керек,- деді Эльмара Траисова өз сөзінде.
Сонымен қатар ол жас мамандарға кеңесін айтты. Жоба барысында Ақжайық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Төлеуова мен оқушысы Әлемхан Самиғолла "Ұстаз бен шәкірт" диалогін оқыды.
Теректі балалар музыка мектебінің оқытушылары Дәурен Жұмағалиев пен Жақсылық Имашев һәм Теректі мәдени-демалыс орталығының әншісі Айдын Айдарбекұлы әуезді әндер шырқады. BINOM School мектептерінің басқарушы директоры Шолпан Кадырова және алғашқы шәкірттері бейнеролик арқылы жетістігімен құттықтап, сәлемдерін жеткізді.
Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев жоба қонағы Эльмара Траисоваға алғысхат және естелік сыйлық табыстаса, Пойма мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жарқынай Харисова ұстазға тілегін арнап, гүлшоғын ұсынды.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы