Жуырда қызмет бабымен Тасқала ауданына қарасты Достық ауылдық округіне барып қайттық. Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ауылдың ішін аралап көрген болатынбыз. Достықтың орталық көшелерінің бірінде скверге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрдік. Біздің сапарымыз аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жастар керуені» жобасының ауылға келген сәтімен тұспа-тұс келді. Әр ауылдың жастар жетекшілерінің басы қосылған игі шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, ауласын тазалау жұмыстарына атсалысып жатқанына көзіміз жетті. «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, ауылға келген жастардың осындай көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беруі жаныңа жылу ұялатады екен. Жақсылық жасап жарысудан талмайтын аудан жастарының бұл игі ісі ауыл адамдарына ұнағаны анық.
Сонымен әрі қарай ауылда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аталмыш ауылдық округ әкімі Хафиз Ахметовтен сұрап білген едік.
«Осы ауылда ерте кезден бері тұрып келеміз. Біздің ауылдың бір ерекшелігі теміржол станциясы жұмыс істейді. Онда жергілікті ауылдың тұрғындары да қызмет етеді. Ауылдық мектепте 27 ұстаз оқушыларға білім мен тәрбие беруде. Аталмыш округке қарайтын үш елді мекеніміз бар. Олар Бастау, Ынтымақ және ауыл орталығы. Онда да бастауыш мектептер жұмыс жасап тұр. Достықта 819 тұрғын бар. Ірі шаруа қожалықтарымыз өз шаруаларын дөңгелетуде. Ынтымақ елді мекенінде де Ержан Жұбанышқалиев деген азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға да жұмыс көзін тауып беріп отыр. Асыл тұқымды жабы жылқысын Бастау ауылының тумасы, Ақтөбе қаласында орналасқан әскери ұшқыштар академиясының бұрынғы басшысы, доғарыстағы полковник Нариман Жапарұлы Мусин ағасы Махамбет екеуі сұрыптап өсіріп келеді. Жеке тұрғындардың арасында құс шаруашылығымен айналысып, пайдаға кенеліп отырғандарды көріп риза боламыз. Себебі екі қолға бір күрек тауып, күнкөріс қамына кіріскендері ауылымыз үшін зор мәртебе. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны біреу ғана еді. Кейінгі есептеу бойынша кіріс табысының молайғанына байланысты ол да тоқтады. Ауылымызға кіреберісте автокөлік жанармай құю бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Онда да ауылдас азаматтар жұмысқа тартылып, қазіргі таңда аталмыш жерде қызмет көрсетуде. Теміржолдың бойында орналасқан ауыл болғандықтан, жұмыс жасаймын деген адамға тұрақты күнкөріс көзі бар», – дейді Хафиз Маратұлы.
«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, әр ауылдың әлеуметтік дамуына бір жағынан мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тисе, екінші жағынан сол жерде шаруасын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлердің септігі тиеді. Ол рас. Себебі қазіргі таңда жеке кәсіпкерлердің арқасында қайтадан гүлдеп, ажарлана түскен ауылдардың саны артуда. Бір нәрсе жасау үшін ең алдымен ниет, одан кейін қаражат керек екені айдан анық. Осы орайда тек қана ауылында емес, жалпы аудан көлемінде игі іс жасап жүрген, әрдайым ортадан табылатын Сары-тау Аманбаев секілді азаматтардың еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол қазіргі таңда Семиглавый-Мар округі бойынша сайланған аудандық мәслихат депутаты. Бастау ауылының тумасы, жергілікті кәсіпкердің «Аманбаев» шаруа қожалығын ашып, қазіргі таңда өзінің қолға алған кәсібін дөңгелетіп отырғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бастау елді мекеніне аяқтай барып, аталмыш кәсіпкердің осы жылы сатып алған заманауи техникаларын көзбен көрдік.
Биылғы жазда «CASE» тракторын сатып алдым. Оның күш-қуаты 340 аттың күшіне сай келеді. Биылғы науқанда жұмыс жасап та үлгерді. Далалық жұмыстарға салып көргенімізде қаншалықты қуатты екендігіне көзіміз жетті. Бұрынғы техникаларға қарағанда, мұның жұмысы әлдеқайда өнікті екен. Арнайы мамандармен бір жылдық
(немесе 1000 сағат) келісімшартқа отырдық. Егер аталмыш техникадан ақау шығып жатса, арнайы мамандар келіп жөндеп береді. Біздің жұмысшылар жөндеу жұмыстарына мүлдем араласпайды. Егіндік және шабындық жерлеріміз бар. Өзім осы жерде туып-өскеннен кейін, туған жерді түлетуге барымша атсалысып жүрмін. Арпа, бидай, сафлор өнімдерін егеміз. 3000-ға жуық гектар жерімізді жыл сайын игеріп отырмыз. Жылдың төрт мезгілінде де ерінбеген адамға жұмыс көп. Ангус-абердин ірі қарасын сатып алып, бағып отырмыз. Басында Қостанай облысы, Қарабалық ауданынан аталмыш ірі қараның 30 басын алып келдік. Содан қазір 70 басқа жеткіздік. Он адамға дейін жұмыс орнымыз бар. Кейде маусымдық жұмыс күші қажет болып жатса, ауылдастарыммен келісім жасап жұмысқа аламын. 21 метрлік жер тырмалаушы жаңа борона алдық. Көктемгі жұмыстың бәрі әуелі боронадан басталады. Жалпы, әр жұмыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Жерді жырту, одан сол жердің жылынуын күту және егістікке әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. Оны аяқтағаннан кейін мал азығын жинау шаруалары бар. Бір сөзбен айтқанда, дала жұмыстары тынымсыз еңбекті талап етеді. Кезінде үлкен ауыл болды. Сол уақытта ауылда мал өсіру алаңы жұмыс істеп тұрды. Әкеміз аталмыш алаңда бригадир, зоотехник қызметтерін атқарды. Сол кісіден біраз нәрсе үйреніп қалдық. Төменде орналасқандықтан ба екен, Бастаудың қысы ондай қатты болмайды. Тек көктемде аздап қиындықтары бар. Бірақ техниканың күшімен тазалап аламыз. Жұмысшылар осы ауылдың адамдары. Еңбек етсең, жемісін елмен бірге көресің, – дейді Сары-тау Аманбаев.
«Аманбаев» шаруа қожалығының жұмысшысы Хамидолла Құмаров жаңа трактордың салонын ашып көрсетті. Аталмыш трактордың ерекшелігі айтса айтқандай екен. 18 түрге түсетін жылдамдығы бар. Дала техникасының кабинасына әуе толқыны орнатылған. Атауы трактор демесеңіз, кәдімгі шетелдік жеңіл автокөліктен еш айырмашылығы жоқ.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz