24.10.2025, 16:15
Оқылды: 245

Еңбек пен бірлік ұштасқан күн

Казталов ауданының Талдыапан ауылының төрінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, Республика күні және Ауыл шаруашылығы күніне орай «Республика рухы – еңбек пен бірлікте» атты дала қызықтарына арналған мерекелік-көпшілік мәдени шара өтті.

IMG_1438

Ауыл маңындағы алаңда киіз үйлер тігілді, сахна құрылды. Алаңның шетінде ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды мал төлдері қойылған көрме, сауда-саттық дүңгіршіктері орналастырылды.

Шара еліміздің еңбекқор халқы мен ел бірлігін дәріптеген театрландырылған көрініспен ашылды.
Сахна төрінде жүргізушілер айтулы күннің маңызын айшықтап, Республика күні мен ауыл шаруашылығы саласы, сондай-ақ жұмысшы мамандардың еселі еңбегі туралы әңгімеледі.

Шара барысында сөз алған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен еңбек адамдарының үлесін атап өтті.

«Ардақты жерлестер! Құрметті ауыл еңбеккерлері! Баршаңызды Республика күні және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл қос мереке – еліміздің тәуелсіздік тарихымен және еңбек адамының ерен еңбегімен тығыз байланысты айтулы күндер. Республика күні – халқымыздың азаттыққа ұмтылған асыл арманының жүзеге асқан, мемлекетіміздің іргетасы қаланған мәртебелі мереке болса, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні – ел экономикасының берік тірегі болған еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі. Халқымызда «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деген қанатты сөз бар. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен келген жетістіктер – ауданымыздың өркендеуінің нақты көрінісі.
Сіздердің еңбектеріңіз – ел ырысы мен берекесінің бастауы. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, кәсібіңізге береке тілеймін!» – деді аудан басшысы.

IMG_1440

Мұнан соң марапаттау рәсімі өтті. Сахнаға аудан әкімімен қатар Казталов аудандық мәслихатының төрағасы Сәрсенбай Молдашев, Казталов ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов шығып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ еңбеккерлерін марапаттады.

IMG_1443

Марапат соңы аудан көркемөнерпаздарының дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Мереке жалғасуда...

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

IMG_1402 IMG_1413 IMG_1410 IMG_1405

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале