Шыңғырлау ауылының тазалығына өз үлесін қосып жүрген азаматтың бірі жерлесіміз Равиль Мардынов.

Отбасында өзінен бөлек бес бауырының ортасында егіздің сыңары Равиль жастайынан еңбекке бейім болып өседі. 8-сыныпты аяқтаған соң, аудан орталығындағы техникалық-кәсіптік училищеде білімін жалғастырады. Еңбек жолын аудандық астық қабылдау пунктінде тасымалдаушы болып бастайды. Еңбек жылдарында аудандағы АТЭП, ТП-9 мекемелерінде жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек етеді. 2001 жылы мекеме тарқаған соң, КамАЗ жүк көлігін сатып алып, жеке кәсібін бастаған Равиль 20 жылдан аса күл-қоқыс шығару, мал көңін тасымалдау, т.б. жұмыстармен айналысып келеді.

Былтыр Равиль «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5%-дық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, берілген 9 млн 230 мың теңгеге жаңадан жүк тиегіш тракторын сатып алды. Бұл алдағы уақытта кәсібін жандандыруға қолдау болмақ.
Ешқашан жерлестерінің өтінішін жерге тастамайтын еңбекқор жан әрдайым көмекке келуге әзір. Оны әсіресе аудан тазалығы ерекше мазалайды. Табиғаты көркем, су-нуы мол ауылымыз таза да көрікті болса екен дейді. Сол себепті де көктем-жаз мезгілдерінде үй-жайларының маңайларын таза ұстайтын ауылдастарын көрсе қуанып қалады. «Тазалық әркімнің өзінің шарбағынан бастау алуы керек, ал көлік көмегі керек болса әрдайым қолұшын беруге әзірмін», -дейді ол.
Аслан Аманбаев
Шыңғырлау ауданы