Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылында аналар кеңесінің ұйымдастыруымен қоғам өміріне белсене араласып, ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ардақты ана, білікті маман Алтын Набидуллақызы Ақбаеваның 65 жасқа толуына орай тағылымды шара өтті.

Алтын Набидуллақызы Ақбаева 1961 жылы 2 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Мирон ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1967 жылы Мирон бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1976 жылы Богатырев орта мектебінде білім алған. Кейін отбасылық жағдайға байланысты қоныс аударып, 1977 жылы А.Оразбаева атындағы орта мектепті тәмамдады. Мамандығы – есепші.
Еңбек жолын 1979 жылы Казталов ауданындағы Қоныс мал бордақылау совхозында есепші болып бастаған ол, 1997–2004 жылдары Бостандық қой совхозы мен өндірістік кооперативте, 2004–2012 жылдары Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінде бас есепші қызметтерін абыроймен атқарды. 2012–2015 жылдары Казталов аудандық білім беру бөлімінде ревизор (тексеруші-есепші) болып еңбек етіп, 2014 жылы зейнеткерлікке шықты.
Зейнет жасына жеткеніне қарамастан, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ел игілігіне арнауды жалғастырып келеді. 2015–2020 жылдары Бостандық ЖОББМ-де директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, 2020–2023 жылдары «Айгөлек» бөбекжайында есепші, ал 2023–2025 жылдар аралығында БҚО, Казталов ауданы әкімдігінің аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде бас есепші қызметін атқарып келеді.
Алтын Набидуллақызы – тек кәсіби маман ғана емес, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрген белсенді жан. 2011 жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтын дамыту, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Салтанатты жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің 2011 жылдан бері атқарып келе жатқан белсенді жұмысын атап өтіп, бірлестіктің аудан көлемінде отбасы құндылықтарын насихаттау, некенің жағымды үлгісін қалыптастыру, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жүйелі атқарылған жұмыстарына тоқталды. Атқарған еңбегі үшін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының алғысхатын және аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың құттықтау хатын табыстап, иығына қазақы шапан жапты.

Сонымен қатар аудандық коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Нұрбол Бөкеев ұжым атынан алғысхат тапсырып, мерейтой иесіне ыстық ықыласын білдірді.
Шара барысында Бостандық ауылдық округінің әкімі Есбол Сақауов, әріптестері, ұстаздары, құрдастары, ағайын-туыстары мен құда-жекжаттары, сондай-ақ аудан есепшілері бастаған бұрынғы әріптестері жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Кеш шырайын Бостандық ауылы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, шашу шашты.

Еңбегімен үлгі бола білген ардақты ана 5 баланы тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты ана бүгінде 2 немере мен 8 жиеннің ардақты әжесі. Оның саналы ғұмыры – адал еңбек пен елге қызмет етудің, отбасы мен қоғамға жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы