Жұмыстың жаманы жоқ. Егер ол жұмысты қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен атқарсаң, тіпті керемет екені даусыз. Бүгінгі заман – аяқты аспанға іліп, құр жатудың заманы емес, ерінбей еңбектенудің, алға ұмтылудың, «есектің артын жусаң да, пұл тап» деп , өзбек ағайындар айтқандай, тынымсыз еңбек етудің заманы. Қарапайым еңбектің бағаланған заманы. Бұл ретте мемлекетіміз де қолдау көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қағидамыз – әділдік , тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деген болатын. Үстіміздегі жылы қарапайым еңбек адамына қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Елдің баршасы жалқау деуден аулақпын. Дегенмен, технологияға негізделген, заманауи жаңалықтар көбейген шақта қолдап еңбек етуден қашатын, жанын қинап ақша табудың орнына жеңіл жолмен пайдаға кенелудің амалын ойластырып тұратын жандардың көбейгені де жалған емес.

Сонау 90 - жылдардың орта тұсында бабы келіскен қарагер тұлпарымен бәйгенің алдын бермей, аудан жұртшылығын тақымының мықтылығымен тәнті еткен Бірлік ауылының атбегі, шабандозы Нәсіпқалиев Болат ағаны үлкендер жағы ұмытпағаны анық. Адал еңбегінің несібесін сауған қарапайым жан артындағы ұрпағына да еңбектің күшімен асулардан асып, белестерді бағындыруға болатынын тәлімімен қалдырса керек. Бүгінгі таңда жас та болса, жарасымды тірлік кешіп, аудан жұртшылығына еңбегімен танылып үлгерген Гүлдана Жасұланқызы Болатова - сол шабандоз ағамыздың туған немересі.
«Мен 1995 жылы 1 қазанда Бірлік ауылында дүниеге келдім. Отбасымда 4 баланың үлкені, атам мен әжемнің тұңғыш немересімін»,- дейді Гүлдана Жасұланқызы. Әкесінен жастай айырылған отбасын анасы өсіріп жетілдіріп, оқытып, жеткізеді.
Гүлдана 2013 - 2017 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндеоқып, “Биология” пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген.2016 жылы өзі секілді үйдің үлкен баласы Жасқайрат Жұматайұлы Дыңғалиев есімді Жаңақала ауылының азаматымен тұрмыс құрып, бүгінде дүниеге 1 ұл 1 қыз әкеліп, ұрпақ тәрбиелеп отырған жас отбасы. Гүлдананы тәрбиелеген өз ата – анасы Нәсіпқалиевтер отбасы да, қайын жұрты Халиуллиндер отбасы да – адал еңбегінің нанын тауып отырған қарапайым еңбек адамдары.

2018 жылы жастар тәжірибесімен №3 ЖОББ мектебінде жұмыс жасап, 2020 жылы зертханашы болып тұрақты жұмысқа орналасады. Мамандығы бойынша тұрақты жұмысы болмаса да, ыңғайына келіп, ұсынылған жұмыстың ешқайсысынан бас тартқан емес. 2023 жылдан бері ұйымдастырушы педагог лауазымы бойынша уақытша жұмыс жасап, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын еңбекқор жан бұл салада да абыройлы еңбек етіп келеді.
2023-2024 жылдары аралығында педагогика саласында еңбек ете жүріп, “логопед” мамандығы бойынша сырттай оқып, құжаттанды. Мектеп ауласына гүл егу, музыкалық аппаратураны игеру, оқушыларды түрлі жарыстарға дайындау, «Жайдарман» ойындарына команда құрамын іріктеп, қажетті кеңестер беру секілді жұмыстар Гүлдананы шыңдамаса, қажытқан емес. Үнемі қозғалыс үстінде жүретін Гүлдана Жасұланқызын іздей қалсаңыз , біресе шеберханада кезекті шараларға макеттер жасау ісінен , біресе қаурыт дайындық үстіндегі оқушылар арасынан табасыз. Жұмыстан қолы босаған уақытын жолдасы екеуі тойбастарлар жасауға, тойларда фото, видеоға түсіруге арнайды. Уақыттың ағымымен жүріп, қажетті жерінде тиімді жоспарлауларды жүзеге асыруға машықтанған Гүлдана Жасұланқызы ораза уақыттарында «Ауызашар» жиынтығын жасап, халыққа ұсынса, , жиын – тойларға түрлі тапсырыстар алып, заманауи банбонеркілер жасаумен, түрлі – түсті принтерден шыққан қағаздарды ламинаттаумен де айналысады. Тынымсыз еңбектенгені сонша – мектептегі жұмысы мен мектептен тыс өтіп жатқан тірлігінің ешқайсысы бір – біріне кедергісін келтірген емес.

«Жоспарым көп: тұрақты педагогикалық жұмысқа орналасу, қосымша кәсіп бойынша фотостудия ашу. Қандай жағдай болса да, адалынан нан табу, еңбекқор болу, тек қана алға жүру - басты мақсат. Ешкімнің ақысын жемеу, пайдаң тимесе де, зияның тимесін дегендей, шама келсе, ешкімді ренжітпеу, ешкімге қастық жасамау - басты ұраным», - дейді еңбегінің өнімін көріп отырған жас ана, қарапайым еңбек адамы Гүлдана Жасұланқызы. Адамдар бірін – бірі түсінбей, әлсізді құлатып, үстемдігін асырған қиындау заманда қиюы қашқан тірліктің қисынын келтіріп, айналасына адал еңбегімен көмегін беруге асыққан Гүлданаға бақытты отбасылық өмір, табысты еңбек, тың идеялар тілейміз.
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы