7.12.2021, 9:17
Оқылды: 44

Еңбекпен жеткен мұратқа

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еңбек және тыл ардагері, көпбалалы ана, «Алтын  алқа» төсбелгісінің иегері, сексеннің сеңгіріне  шыққан ардақты әже Мариям Әнесованың өнегелі өмірі жайлы қалам тербедік.

WhatsApp Image 2021-12-07 at 09.16.27

 

Әжеміз Мариям Әнесова 1936 жылдың шілде айының 16-шы жұлдызында қазіргі Ақжайық  ауданындағы Көнеккеткен ауылында өмірге келген. Әкесі Әлбидақ Ордабаев соғыстан аман келген де, екі ағасы оралмаған. Әкесі көмекке зәру кісілерге көмектесіп, қолындағы барымен бөліскен. Анасы  Жұмағаным – колхозда сауыншы болып еңбек еткен екен. Балалық шағы мен жасөспірім кезі соғыс жылдарының қиындығымен тұспа-тұс келген Мәриямның екі ағасы мен үш інісі болған. Ұлдардың ортасында бұлғақтап, ерке өскен. «Шешем марқұм: «Мариям көңілі соқса, екі шелек су әкеледі, көңілі соқпаса әкелмейді» деуші еді деп есіне алады әже балалық шағын. Бірақ өмір оған бәрін үйретті. Жетіжылдық білім алған соң, еңбекке ерте араласып, шөп шабу, масақ теру, қой қырқу секілді колхоздың  қара жұмыстарына араласқан.

–Бәрі көз алдымда сайрап тұр. Көп қиындық көрдік. Жазатын сия жоқ. Қазанның қара күйесін суға езіп, сия ретінде пайдаландық. Киіміміз жұпынылау болды. Қазір заман басқаша. Оқимын, өсемін дейтін жастарға бүкіл жағдай жасалған. Біздің көрген күнімізді кейінгі жастарға бермесін, – дейді кейуана.

1955 жылы 19 жасында осы ауылдың тұрғыны Қапез Әнесов деген азаматпен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Атасы жайлы кісі болса, енесі өте қатал болыпты. «Қыз кезімде үй шаруасына жиі араласпағандықтан, келін боп түскенім­де көп қиналдым. Күріштің жаңа шыққан уақыты. Енем үйде жоқ. Атам күріш алып келіп:

– Күріш пісіру білесің бе? – деді, «Білмеймін» деп айтуға ұялып, басымды изедім. Атам 3 келі күріш берді. Соның бәрін қара қазанға салып жібердім. Ішіне су құя бердім. Бір мезгілде қарасам, күрішім өсіп, үлкен бір қазан болыпты. Бірақ атам ұрысқан жоқ, «Елге жететін болған екен»  деп күлді», – деп күле еске алды өткен шағын әжеміз.

Мәриям ана 14 құрсақ көтерді. Тұңғышы 3 жасында көз тиіп қайтса, бертін келе үш ұлы ауырып қайтқан. Жұбайы екеуі 4 қыз, 6 ұлды аман-есен өсіріп, тең құрбысынан кем қылмай өсірді. Колхозда бел жазбай еңбек етіп, үй тірлігінде дөңгелетіп, ұл-қыздарын тазалыққа, еңбекқорлыққа үйретті. Әлі күнге дейін үйінен кісі арылмайтын өте қонақжай отбасылардың санатында.

Қапез ата екеуі ауыл шаруашылығы жұмысына белсене араласып, Тасшеген, Қызылақырап деген жерлерде колхоз тарағанға дейін 30 жыл бойы қой бағып, алдыңғы қатарлы шопан болды. Адал еңбектеніп, әр 100 аналық саулықтан 125 қозыдан алыпты. Кеңес дәуірінде жеңіл аутокөлік алудың өзі қиын болды. Алайда озат шопанға жеңілдік жасалатын. Қатарының алды болған мақтаулы шопан Қапез аға кезектен тыс су жаңа «Жигули» аутокөлігін Есенсай ауылындағы шопандардың жиналысында салтанатты түрде алғанын әжеміз жыр қылып айтады.

– Мал бағу оңай шаруа емес. Ауа райының қолайсыздығы, қарлы борандарда, қара суықтағы жауын-шашында қоғам малын аман алып қалған кездеріміз де болды. Отағасының шопандық ақ адал еңбегі ескеріліп, 1986 жылы облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алдық. Ұлы Жеңіс­тің 65, 70, 75 жылдық мерекелік, КСРО Жоғарғы кеңес төралқасының Жарлығымен I, II және III дәрежелі «Ана даңқы» медальдарын өңіріме тақтым. Елбасының Жарлығымен 2002 жылы «Алтын алқамен» марапатталдым. 1986 жылы 50 жасымда  зейнетке шыққанмын. Бәрі де еңбектің арқасында, еңбекпен жеттік мұратқа, – дейді бүгінде 85 жастағы ардақты әже.

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер»  демекші, асыл әже кенже ұл-келіні  – Болат пен Салтанаттың қолында немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақуатты тірлік кешуде. Ұл-қызынан тара­ған 18 немере, 14 жиен, 10 шөберенің әжесі, еңбек әрі тыл ардагері кейіпкеріміз Әнесовтар әулетінің ырыс-ынтымағының ұйытқысы әрі ағайын-тума мен ауыл-аймағына сыйлы жан.

Нұргүл Серікқызы,

Көнеккеткен ауылы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале