Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов жұмыс сапарымен бірнеше құрылыс нысандарында болып, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарымен кездесті.
Алдымен, аудан басшысы Тоқпай ауылында салынып жатқан үш қабатты , 6 пәтерлік 40 тұрғын үйдің құрылысының қарқынымен танысты. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынып жатқан үйден пәтерді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" жинағы бар тұрғындар ала алады. Жалпы ауданы 25000 шаршы метр болатын қырық үйдің сапасы басты назарда. Құрылыс толық аяқталған кезде 240 пәтер пайдалануға беріледі. Әр пәтердің көлемі 104,2 шаршы метрден есептелген.
Аудан басшысы мердігер "Қаз-Хол" ЖШС басшылығы және қосымша мердігер компания өкілдерімен жүздесіп, кәріз жүйесі, абаттандыру мәселесі төңірегінде әңгімелесті. Жиынға БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев қатысты.
Одан кейін аудан басшысы Қабылтөбе ауылына атбасын бұрды. Теректі ауданы орталығын көптен бері таза ауыз су мәселесі толғандырады. Жаз мезгілінде суды тұтынудың көлемі күрт өскендіктен осыған дейін жұмыс жасап тұрған төрт ұңғыма тұрғындар талабына жауап бере алмайтын еді. Аудан басшысы қаржы бөліп, қосымша тағы екі ұңғыма қазылды. Бүгінгі таңда қос ұңғыма іске қосылды. Аудан басшысы енді судың сапасына көңіл бөлу керектігін айтты.
- Қазір су мәселесі өте-мөте өзекті болып тұр. Төрт ұңғыманың жұмысы тұрғындарға дер кезінде таза ауыз су жеткізуге қауқарсыз болғандықтан, тағы екі ұңғыма қазып, оны іске қостық. Жағдай қалыпқа келген сыңайлы. Бірақ қуануға әлі ерте. Енді судың сапасына мән беруіміз керек. Мамандармен кеңесіп, жоспар құрып, мәселені толықтай шешуіміз қажет деп есептеймін. Осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпағанымыз абзал,- деді Арман Кәрімұлы өз сөзінде.
Аудан әкімі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиевке бірқатар тапсырмалар берді.
Теректі ауданында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмыстары ерекше қарқын алғаны баршаға мәлім. Аудан жастары табиғат аясында демалып қана қоймай, еңбек етуге дағдыланып, сонымен бірге ауданымыздың көрнекі жерлеріне күтім жасауға бейімделуде. Аудан басшысы Арман Кәрімұлы "Жасыл ел" жастар еңбек жасағы бойынша жұмыстанып жатқан теректілік жастармен кездесті.
Мамыр айының аяғында еңбек жасағының аудандық маусымы ашылған-тұғын. Қазіргі таңда екінші кезең бойынша жұмыстар басталып, 17 жас кіші Жамбыл ауылы аумағында еңбектеніп жатыр. Олар Сәуір жары, Воровское сайы секілді жерлерге арнайы тақтайшалар орнатып, Қабылтөбе ауылы маңындағы "Дубрава" қорықшасында жұмыстар түгесіледі.
- Әрбір адамда өзіндік арман-мақсаттары болуы керек. Сол арманға жету барысында түрлі қиындықтар кездеседі. Оған бола мойымаңыздар. «Еңбек – ер атандырады» дейді қазақ. Бойымыздағы еріншектікті жеңіп, өз-өзімізбен күресіп, көздеген мақсатқа жетсек, міне, сол жеңіс. «Жасыл ел» - осы ойлағанымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жоба. Қазір сіздер жай ғана еңбектеніп жатқан жоқсыздар, сіздер өзара достасып, бірліктің үлгесін көрсетудесіздер. Сонымен бірге, ауданымыздағы түрлі таңғажайып жерлермен танысып, тың ақпараттарға қанығып жатсыздар. Сол үшін сіздерге ерекше алғысымды білдіремін,- деді Арман Өтеғұлов.
Аудан әкімінің жұмыс сапары Федоров ауылында түйінделді. Арман Кәрімұлы Теректі орталығында құрылысы басталған 3 қабатты 24 пәтерлік қос тұрғын үйге барып, жұмыстармен танысты.
Құрылыс жұмыстарын "Нұр-Құрылыс-болашақ" ЖШС жүргізуде. Аудан әкімі құрылыс басында компания өкілдерімен жүздесіп, жұмыс қарқынын сынға алды. Мердігердің сылбыр қимылына көңілі толмаған аудан басшысы, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қанатжан Айбергеновке жағдайды тез арада реттеуді тапсырды.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz