Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында 2023 жылға арналған аудандық бюджеттің орындалуы және аумақтық дамыту туралы жоспарының іске асырылуы туралы баяндама жасады.
Сандар Сырым ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі артқанын айтады. 2023 жылы өнім 419, 2 миллион теңге пайда берген. Бұл 2022 жылдың көлемінен 102, 6 пайызға артық.
Айтарлықтай өсім ауыл шаруашылығында. Бұл саладағы жалпы өнім көлемі 19 828,4 миллион теңге. Жіктесек, ет өндірісі 7115, 7, ал сүт 15301,5 тоннаға жеткен. Өнімнің артуы мал басының көбеюіне тікелей байланысты. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ірі қара мал басының саны 62,3 мыңға жетіп отыр. Қой саны 94, 7 мыңға, ешкі 15, 5 мыңға жетіп, түйе 91 бас саналып отыр. Жылқы көбейді деген дерек те рас. Бүгін қылқұйрықтар саны Сырым ауданында 34, 9 басқа жетті. Ауыл – айналада есепке алынбаған, бірдейлендіру базасына тіркелмеген жылқылар да бар.
Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, абсолюттік мәнде салыстырғанда 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда аудан бюджетінің түсімдері 1 249 898, 4 мың теңгеге немесе 15, 5 пайызға кем түсті. Оған себеп - трансферттер мен салықтық емес түсімдердің азаюы.
2023 жылғы бюджет қаржысы қандай жобаларға жұмсалды? деген сұрақ туады. Әкім мәлімдегендей, негізгі екпін ауылдарға таза ауыз суды жеткізу жұмыстарында. Қособа, Жырақұдық, Бұлан, Жамбыл, Көгеріс, Қызылағаш және Көздіғара ауылдарына су құбырларын тартылуда. Былтыр ең бір өзекті мәселе шешімін тауып – Тоғанас ауылынан мәдени – демалыс орталығының құрылысы басталды. Күрестің отаны Жымпитыда дербес күрес залы бой көтерді. Алғабас ауылдық округі, Сасықкөл ауылына газ құбырын жеткізу үшін облыстық бюджеттен 7 676, 0 мың теңге бөлінді. Ал Жымпитының Қарасу мөлтекауданындағы Ж. Молдағалиев, Б. Момышұлы, С. Жонысов. Е. Сатаев көшелерінің ауылішілік жолдарын жөндеу үшін 269992, 0 мың теңге қарастырылды. Қособа ауылына да жол тартыла бастады.
- Ендігі мақсат – 2024 жылдың бюджетін сапалы орындау, дебиторлық және кредиторлық берешектерді болдырмау, бюджеттік бағдарламалардағы бекітілген жоспарларды орындау, – деді Батырниязов мырза.
Бұдан бөлек, сессияның күн тәртібінде округтердегі бюджеттік жоспарлардың орындалуы, аудандағы кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылғы бағдарламасы бойынша Ұлттық жобаның жүзеге асуы, балалардың жазғы демалысы секілді мәселелер қаралды.
Сессия жұмысына төраға Шынар Дүйсенғалиева, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов қатысты.
Жиыннан кейін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов 27 – 28 наурыз күндері Сырым ауданында болған табиғи апат уағында халықты су тасқынынан сақтандыру үшін белсенді қызмет еткен депутаттарды марапаттады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz