Бүгін «AMANAT» партиясы мен «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен Наурызнаманың онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Берекелі шаңырақ – ене мен келін арасындағы жарастығы» атты тағылымы мол кездесу кеші өтті.

Қазақ халқы қашанда отбасы тәрбиесіне, оның ішінде үлкен мен кіші, ене мен келін арасындағы татулық пен түсіністікке, өзара сыйластыққа ерекше мән беріп, қадағалап отырған. Кездесуде ене мен келін арасындағы сыйластықты насихаттау ғана емес, олардың арасындағы жылы қарым-қатынастың маңызын көрсету, отбасы бірлігі мен татулықтың қадірін ұғындыру болды.

Тәрбиелік мәні зор шараға шаңырақтың берекесі мен бақыты болып жүрген Казталов ауылынан Мерғалиевтер мен Сәрсембиевтер жанұясы, Жалпақтал ауылынан Залиевтер жанұясы, Бостандық ауылынан Жүсіповтар жанұясы, Жаңажол ауылынан Ахметжановтар жанұясы, Тереңкөл ауылынан Кенжеғалиевтер жанұясы қатысып, өзара сыйластық пен түсіністіктің үлгісін көрсетті. Қатысушылар көпшілікке өмірлік тәжірибелері және отбасылық құндылықтарымен бөлісті.
Кеш барысында енелер мен келіндер отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ұлықтау, ауызбіршілік пен ынтымақты нығайту төңірегінде тағылымды ой бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар тағылымы мол бейнероликтер ұсынылып, отбасындағы жылулық пен мейірімді арттыруға бағытталған психологиялық «Жылы сөз» тренингі ойнатылып, ұлағатты ұстаз болып бүгінде құрметті зейнеткер, қос келінге қамқор болып отырған өнегелі ене Гүлмай ана мен келіні Лилия екеуі әсем әндерін әуелете шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш соңында «Тоғжан»қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева ене мен келіндерге ризашылығын білдірсе, «AMANAT» партиясының Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ильясов отбасының жылулығын сақтап, бір-біріне тірек болып жүрген ене мен келіндерге алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ Жаңажол ауылынан келген Мария ана мен келіні Гүлфия (Ахметжановтар жанұясы) қатысушылар мен көрерменге өз қолдарынан дайындалған наурыз көже, бауырсақ, құрттан дәм татқызды.

Мейірім Парасат
Казталов ауданы