– Мұндай қарқынмен мен әлемге ешқашан жарық бере алмаспын...
– Басеке, «Red Bull»-мен жасап көрсеңізші!
– А, «Red Bull», - дейді де, қылқытып алған бойда жарық қосады ғалым.
Сурет: pixabay.com
Бұл – әлемнің 170 елі тұтынатын әйгілі энергетикалық сусындардың баурап алатын жарнамасы. Өзің қалайтын дүниені қарамас бұрын осылар шыға келеді. Жарнамасы сұмдық енді. Әсіресе, тик-ток құмар жеткіншектер бұны күніне бірнеше рет көреді. Сосын дүкенге барған кезде бөлек тоңазытқышта тұрады. Көз тартып, әлгі жарнамалар ойыңа оралады. Сөзсіз иланып, сатып аласың. Алғашында иланасың, содан соң қиналасың. Оған мысал да жетерлік. Такси жүргізушілері еліктіргіш сусынмен таңды атырып, кешті батыратыны – ақиқат. Соңы өліммен аяқталған жағдайлар да бар. Құрамындағы 10, 15 химикат 10-15 минут қана бұлқындырады. Асқазан, өт жолдарын бұзған таксист қалаға қатынағанда екі горилла, қайтарда тағы да алып, құмары қанғанша сіміріп жүрді. Соңында ауруханадан бір шығып, төсекке таңылған. Арғы жағы айтпаса да түсінікті шығар. Әлеуметтік желіде талқыға түскен Алматыдағы автобус жүргізушісінің де тәуелділігі өлімге әкеп соқты. Күніне төрт құты ішпесе, өзін әлсіз сезінетін азаматтың автобуста жүрегі тоқтап қалған. Тіпті түскі, кешкі астын орнын басқан сусын салдарынан қаншама адамның ажал құшқанын біле тұра ой түйетіндер аз. «Red Bull» сусынында 80, «Monster»-де 160, «Gorilla» мен «Dizzy»-де 30 мг кофеин бар екен. Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, адам бір күнде 63 мг кофеиннен артық тұтынбауы қажет. Ал енді тарихына үңілсек, бұл компанияның өнімін ешкім сатып алмаған екен. Содан соң айлаға басқан олар адамдар шырт ұйқыға кеткен кезде бос құтыларын орталық көшеге лақтырып кетеді. Таңмен таласа оянатын тұрғындар бос қаңылтырларды көріп, ғажап дүние екен деп ойлайды. Кейін жаппай сатып алуға кіріседі. Иә, алаяқтықтың алғы істерін энергетикалық сусындардың компаниясы шығарған деп ой түюге болады. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде жарқ еткен сусындарды ішіп, өмірін, денсаулығын тәрк еткен халық зиянын біле тұра ішуге неге құмар? Жастардың қолынан түспейтін «Flash», «Gorilla», «Tank» сынды «күш-қуат» беретін сусындардан келетін кесел қандай? Бұл сұрақтың жауабын оқырман қауымға жеткізу үшін дәрігер пікіріне жүгіндік.
Аудандық аурухананың профилактика бөлім меңгерушісі Айнұр Темешова:
– Энергетикалық сусындарды қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын адамдарға, балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге мүлдем тұтынуға болмайды. Бұл жүйке жүйесіне де кері әсер етеді. Құрамында В дәрумені болған соң бірінші жүрек соғуын жиілетіп, күш береді. Бірақ 1,2 сағаттан соң адам қатты шаршап, ұйықтағысы келеді. Соңы ауыр дертке апарады, - деді ол өз сөзінде.
Жасөспірімдер демекші, Айнұр Нұржанқызының айтуынша, салауатты өмір сүруді қалыптастыру бөлмесінде лекция, түсіндіру-ағарту жұмыстары жүзеге асады. Бөлменің мейірбикесі Фарида Қазбенова мектеп оқушыларын арнайы шақыртып, сусынның ұшпаққа шығармайтынын айтып, өз кеңестерімен бөліскен.
Аталмыш мәселе төңірегінде зерделеп көруге бекінген соң «энергетикалық сусындардың пайдасы» деген мақаланы көз шалды. Мұнда: «Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады» делінген. Рас, кез келген дүниенің артықшылығы мен кемшілігі болатынын жасыруға болмайды. Дегенмен дәл осы сусындардың пайдасынан зияны көп болып тұр. Ағзаны энергиямен нұрландырады деген тұжырым барлық тұрғыда негізсіз һәм дәлелесіз. Сусын тек қана энергиямызды қоздырады. Нақтырақ айтсақ, біз өзіміздің жинақтағы энергиямызды босқа шығындаймыз. Түсінікті тілде жеткізсек, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Мәжілісте көтерілген мәселенің нақты нәтижесі шығып, елімізде 21 жасқа толмағандарға сатылмайтын болды.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың:
– Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда, қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Бұл жасөспірімдер де энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігулері мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болды. Қазір 10 жасар бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, - дегені https://kaz.inform.kz/ сайтында жарияланды.
Енді күшіне енген Заңды аудан дүкендері белден баспай ма? Міне, осыны білу үшін аудан орталығындағы «Сіз үшін» азық-түлік дүкеніне барып, дүкенші Салтанат Дәулетовамен пікірлестік:
– Сұрап келетін жасөспірім көп. Осы уақытқа дейін оңай сатып алатын олар Заң күшіне енген соң қиналып қалды (күлді). Мен дүкенші ретінде бейтарап ойланғаныммен, энергетикалық сусындардың зиянын білемін. Жастардың сатып алуына іштей қарсылық білдіремін. 21 жасқа толмағандарға сатпаған күннің өзінде бүгін келген сусындар ертең таусылып қалады. Бағасы 500 теңгеден 800, 900 теңгеге дейін барады,- деді ол өз сөзінде.
Теректілік жастардың да ойын сұрап, энергетикалық сусындарға көзқарастарын білдік. Биыл түлек атанған Дулат Қадыров:
– Жалпы мен көбіне қымыз ішкенді құптаймын. Ұлттық өнім, пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бойға күш беретін «Flash» емес, қымыз ғой,-десе, қалған жастар кейде ішетіндерін жарыса айтты.
Осы жастар арасында «Gorilla» ішіп маймыл болғанша, қымыз ішіп айғыр бол» дейтін замануи мақал бар емес пе? Осыны ұстанып, сусындардан бас тартса ғажап болар еді. Шығатын қорытынды біреу ғана. Берерінен алары көп сусындардан денсаулықты биік қойсақ... Айтпақшы, «Red Bull» ішіп, «қанаттанғанша», таяуда Юбилейный ауылында ашылған табиғи әрі сергітетін, шөліңді қандыратын «Sartay»-ды ішіп талаптануға болады.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы