Бүгін Жәнібек аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жиын өтіп, оған аудан прокуроры Сәкен Молдашев және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиын барысында аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Қамарсұлу Қадырбай өткен жылғы аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
Оның айтуынша, былтыр аудандағы эпидемиологиялық ахуал қалыпты жағдайда болған. Тек ауа-тамшылы жолмен берілетін 1 сероздық менингит (Жасқайрат ауылында), және скарлатина ауруының 4 (Ұзынкөлде – 1, Жәнібекте – 3) және Жәнібекте желшешек ауруының 28 оқиғасы тіркелген. Құтыру ауруы бойынша жануарлар арасында эпидемиологиялық жағдай күрделі. Бұл ауру адамдар арасында тіркелмеген. Жыл ішінде 65 адам антирабиялық көмекке жүгінген (100 мың адамға шаққанда – 0,45 пайыз). Антирабиялық көмекке келгендердің жоғары көрсеткіші Жәнібек ауылында. Сонымен қатар жыл сайын бұралқы иттер мен мысықтардың көбейіп отырғаны алаңдатады.
– Сібір түйнемесі бойынша аудан аумағында соңғы бес жыл ішінде эпизоотиялық ахуал бірқалыпты. Аудан аумағында 13 «сібір жарасы» көмінділері тіркелген. Осы көмінділердің орындары арнайы құрал-жабдықтармен қамтылмағын, қоршаулары, белгілері орнатылмаған. Көмінділерге мониторинг жүргізу барысында Күйгенкөл ауылдық округінің Астаусалған елді мекеніндегі, Қамысты ауылдық округінің Қамысты аумағындағы көмінді бұзылып қалған. Осы ауылдық округтерде орналасқан көмінділердің қоршауларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Өткен жылы ауданда сібір жарасына қарсы жоспарланған 70 адамның 63-іне профилактикалық екпе жұмыстары жүргізілді, - деді Қамарсұлу Ғарифоллақызы.
Жиын барысында Қамысты ауылдық округінің әкімі Нұрлан Аюпов ауылда туберкулез ауруы бойынша түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтты. Өйткені аталмыш дерттен күні кеше ауыл тұрғыны көз жұмған. Сонымен қатар Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаев: «Сібір жарасы» көмінділеріне жауап беретін мекеме анықталып, алдағы уақытта қоршау жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі оларды көктемде су шайып кетсе, жағдай ушыға түседі», - деді. Ал Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев аурудың алдын алу шараларын уақтылы жүргізу үшін аудандық басқармадан қолдау күтетіндігін жеткізді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz