11.09.2020, 11:26
Оқылды: 53

Ер Алдаштың есімі есінде қалсын елінің!

Жас кезімде жыл сайын Ұлы Отан соғысы Жеңісінің мерекесі қарсаңында халқымыз Ұлы мейрамды атап өтуге дайындалып жатқанда менің кеудемде түсініксіз, бір мұңды, қобалжу сезімдер басым толқулар пайда болатын. Бертін келе, жас ұлғая түсіндім, ойлап қарасам, бұл – әкеге деген әрі сағыныш, әрі  мақтаныш сезімі екен. 

79cda8c5-4cfb-482c-9598-dfeeb86d6654

Себебі, менің әкем Алдаш Сағаденов – Ұлы Отан соғысының жеңіспен оралған ардагері, осы қанды соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, жауды өз інінде талқандаған батыр, осы ұлы Жеңіске қомақты үлес қосқан майдангер!

Бірақ, бір өкініштісі, сол соғыста алған жарақаттардың салдарынан асыл әкеміз жастай, небәрі 39 жасында дүниеден озды. Соңында 29 жастағы анамыз үйелмелі-сүйелмелі бір қыз, үш ұлмен қалыпты. Олардың үлкені Светлана 10 жаста, Болат 5 жаста, мен (Қанат) 2 жаста, кенжесі Марат 5 айлық болатын...

Қазақта «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген керемет сөз бар. Осы сөздің шын мәнін мен ерте түсінген сияқтымын. Ертеректе, бізің балалық шағымызда, ауылдан облыс орталығы Орал қаласына және аудан орталығына автобустар қатынайтын. Қазіргідей жеңіл машиналар өте сирек кездесетін, ал такси деген атымен жоқ болатын. Әкемізден қалған, анамыздан алған жақсы тәрбиенің жемісі болса керек, біздің жасымыздағы жас балалар автобусқа үлкен, ересек, егде адамдар мінсе, орнымыздан атып тұрып орын беретінбіз. Бұл біз үшін жазылмаған заң еді. (Өкінішке орай, қазір мұндай үрдіс жастар арасында жоқтың қасы. Автобусқа міне қалсаң, кейбір жастар орын бермек түгіл, мойнын да бұрмайды, ұйықтаған болып, көзін жұмып отырады немесе ұялы телефонынан көзін алмай, төмен қарап отырады. Әрине, бұл отбасында балаға дұрыс тәрбие берілмегеннің нәтижесі...) Әлгі мен орын берген егде адам алдына отырғызып алып: «Балам, кімнің баласысың?» деп сұрайды. «Алдаштың баласымын» деймін. «Қай Алдаш?» деп елең ете қалады әлгі адам. «Сағаденов Алдаш» деп жауап беремін. Міне қызық, сонда мен танымайтын мүлде бөтен әлгі адам мені құшырлана құшағына қысып, басымнан сипап, шашымнан иіскеп, «айналайын, сен Алдаштың тұяғысың ба, асылдың сынығы болдың ғой, Алдаш қандай асыл азамат еді?!» деп кемсеңдейтін, құшағына қатты қысатын. Міне, кейінірек дәл осыған ұқсас оқиғалар тек автобустарда ғана емес, көшеде немесе басқа көпшілік жерлерде де талай болған, сондықтан менің есімде әлі күнге дейін жатталып қалған еді. Балалық жүрегіме қатты әсер еткені соншалық, әкем туралы көбірек білсем деген құлшынысым одан әрі күшейе түсетін. Содан сәл есейе келе, әлгіндей оқиғалар жиі қайталанған соң мен бір күні анамнан: «Апа, менің әкемді неге көп адамдар таниды? Неге жақсы көреді? Ол сонда кім болған?» деп сұрадым. Сонда анам терең күрсініп: «Әкең өте жақсы, мейірімді, білімді адам болды. Талай адамға шапағаты тиді, жақсылық жасады. Оны бәрі жақсы көретін, сыйлайтын еді. Бірақ, өмірі қысқа болды ғой» деп дауысы дірілдеп жауап берді. Анам мықты, қайсар жан еді. Көңілі босағанын бірінші көруім. Осы әңгіме әлі күнге менің көз алдымда. Шиеттей төрт баламен жастай жесір қалып, тағдырдың қатал сынына қабырғасы қайысса да, соған мойымай, әкеміздің орнын жоқтатпай, бәрімізді өсіріп-өндіріп, оқытып, аяқтандырған асыл жан еді. Ол кісі туралы әңгіменің өзі бір кітапқа арқау болар еді?!..

Бұдан кейін де әкем туралы оны танитын, онымен жұмыстас болған адамдардан көптеген жақсы әңгімелер мен лебіздер естідім. Тіпті кейін мен ержеткенде жұмыс бабымен іссапарға басқа аудандар мен қалаларда болғанда да әкемді білетін адамдар ол туралы біраз жақсы естеліктерімен бөліскен-ді. Олар менің әкемнің адалдығын, білімділігін, шыншылдығын, жұртқа көмектессем, қолұшын берсем деп тұратын мейірімділігін, жұмысқа алғырлығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәрбиелілігін, тағы да басқа жақсы қасиеттерін айтқан еді. Міне, сөз жоқ, әкем туралы мұндай жақсы әңгімелер менің балалық жүрегімде мақтаныш сезімімен бірге берік орын алған еді және кейін жақсы азамат болып қалыптасуыма тигізген тәрбиелік әсері мол еді.

Менің әкем кім еді? Қандай еді? Майдандағы өмірі қандай болды? Осы ойлар маған үнемі маза бермейтін. Үйде «Қызыл Жұлдыз» орден-медальдары, олардың куәліктері жататын. Фотоальбомда әскери формада, офицер, лейтенант атағымен түскен фотолары болатын. Кейін бірде Ұлы Отан соғысы жеңісі мерекесі қарсаңында ауылдық мектеп ұжымы әкемнің наградалары мен куәліктерін музейге қоямыз деп сұрап алыпты да, содан кері қайтармай, ақыры олар жоғалып кетті...

Әкемнің соғыстағы ерліктері туралы көпке дейін біле алмадық. Облыстық әскери комиссариат сұратқан ақпаратыма «құпия» деп дұрыс жауап бермеді. Москваға КСРО-ның Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивіне қалалық әскери комиссариат арқылы жолдаған өтініш хатыма да ақпарат келмеді. Облыстық орталық архив аудандық архивке сілтеді. Чапаев аудандық және Ақжайық ауылындағы архивтер өртеніп кетіп, еш мәлімет ала алмадым. Уақыт өте берді. Тек Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында менің балам (Алдаштың немересі) Ерлан Ресейдің Потсдам қаласындағы Әскери Орталық архивтен сұратып, әкемнің майдандағы ерліктері туралы кейбір құжаттарға қол жеткіздік. Енді әкемнің немерелері, кейінгі ұрпақтары Алдаш аталарының соғыста көрсеткен ерліктері туралы оқып, алған наградаларын көріп, аталарының елін қорғаған ер екенін, жауға қасқая қарсы шапқан хас батыр екенін айтып мақтана алады.

Енді, осы орайда әкемнің қысқаша өмірбаянына үңілсек...

Менің әкем Алдаш Сағаденов 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы, бұрынғы Чапаев ауданы, Еңбек селолық кеңесіне қарасты ауылда шаруалар отбасында дүниеге келген. 11 жасында әкеден ерте айырылып, колхозшы анасының тәрбиесінде болған. Сол жылдардағы ашаршылық тауқыметін басынан кешірген. 1931 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, Шалқар сегізжылдық мектебін өте жақсы аяқтайды. 1938 жылы комсомол қатарына алынады. Әкеміз оқуға алғыр, білімді, әсіресе, математика мен орыс тіліне жетік болған. 16 жасар балаң жігіт сол кездің өзінде-ақ ауылындағы мектепте ұстаздық қызметтер атқарады.

1938-1940 жылдары Орал қаласындағы педагогикалық институтта жұмысшылар факультетінде (рабфак) оқиды. Пединституттағы оқуды бітіргесін, 1940 жылдың қараша айында 18 жасар жігіт әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Сөйтіп, Ленинград облысында орналасқан 142-атқыштар дивизиясының 588-атқыштар полкінің командирлер даярлайтын бөлімінің курсанты болады. Армия қатарында жүргенде соғыс басталып кетеді де, Алдаш шұғыл түрде офицерлер даярлайтын 3 айлық командирлер курсын бітіріп, 1941 жылдың қараша айында "лейтенант» деген офицерлік шенін алып, 19 жасында қан майданға түседі. Бірден Ленинград майданының 10-атқыштар дивизиясының 98-атқыштар полкінің взвод командирі ретінде соғысқа кіріседі. 1941 жылдың аязы сақылдаған желтоқсан айында Отанымыздың солтүстік астанасы – Ленинград үшін болған кескілескен ұрыста әкемізге оқ тиіп,  қатты жараланады. Бірақ қансырап жатса да, майдан даласын тастап кетпей, жаумен айқаса береді. Тек бақайшағына дейін мұздай қаруланған жаудың шабуылын тойтарып, кейін қуып тастағаннан соң ғана медсанбатқа өзін әкетуге келісімін береді. Екі ай әскери госпитальда емделіп, 1942 жылдың наурыз айында Ленинград майданының 206-танкке қарсы шабуыл қарулары ерекше ротасының взвод командирі болып қайтадан соғысқа араласады. 1942 жылғы тамыздан 1944 жылдың наурыз айына дейін Ленинград майданында  48-атқыштар дивизиясының 328-полкінің құрамында өз взводымен кескілескен ұрыстарда жаумен аянбай шайқасады. Әкеміз отансүйгіш, патриот, нағыз ержүрек, қайтпас қайсар офицер ретінде басшылықтың көзіне түсіп, сол 1943 жылы коммунистік партия қатарына алынады. Бұл біздің әскеріміздің Ленинградты жау қоршауынан азат етіп, тазартып, оларды өз ініне қарай тықсыра қуа бастаған кезі еді.

Әкем қырғын соғыстың қайнаған ортасында жүрсе де, уақыт тауып қоғамдық жұмыстармен белсене айналысады. 1943-44 жылдары рота комсоргі,  ал 1944-45 жылдары ротаның парторгі болып қосымша қоғамдық жұмыстар атқарады, жауынгерлерді қатаң әскери тәртіпке шақырып, соғыста қорықпауға, ерлікке, жеңіске жігерлендіріп отырады.

1944 жылдың 17 наурызында Нарва қаласының түбінде фашистер қатты қарсылық көрсеткен  қиян-кескі қырғын шайқас болады. Әкем басқарған взвод  сол ұрыста жаудың көптеген техникасы мен солдаттарын жойып, үлкен ерлік көрсетеді. Бірақ, әкем қатты жараланады. Сол шайқаста көрсеткен ерлігі үшін әкем «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Госпитальда емделіп шығып, сол жылғы шілде айынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін Бірінші Украина майданының 13-атқыштар дивизиясының 119-атқыштар полкінің құрамында соғысып, ерліктері үшін «2-дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталады. Жауды өз ұясында талқандап, Берлин қаласын алуға қатысады.

Жеңісті Берлинде қарсылағаннан кейін тамыздың 15-не дейін осы қалада соғыс зардаптарын жоюға қатысады. Одан кейін қарашаның 5-іне дейін Одесса әскери округында взвод командирі қызметіне қалдырылады. Бірақ, соғыста алған жарақаттары сыр берген соң, осы жылдың аяғында туған елге оралады.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «2- дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Ленинградты азат еткені үшін»,   «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Соғыстан оралған соң әкеміз бірден бейбіт өмірге араласады. Алғашында Аңқаты мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Ұстаздық қызметте жүргенде мектептегі, аудандағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылады. Жұмысқа деген алғырлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті  облыс басшыларының көзіне ілініп, көп ұзамай, сол 1946 жылы әкем Алдаш Чапаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне  тағайындалады.

Басшылық қызметтерде жүріп аудандағы көптеген игі  істерге мұрындық болып, бастама көтеріп, жастарды іске жұмылдырады. Туған өлкенің гүлдеп,  көркеюіне үлкен үлес қосады. Қазіргі «Үлкен Еңбек» ауылының (кейіннен  «Восход» совхозының) орнында жаңадан құрылған «Игілік» колхозының дамуына, әрі қарай «Коммунизм» колхозы болып өркендеуіне де әкемнің еңбегі сіңген. Бірақ, сұрапыл соғыстың зардабы ізсіз кеткен жоқ. Соғыста алған жарақаттар жаны мен тәніне маза бермей, денсаулығы нашарлай берген соң, әкем өтініш жазып, жеңіл жұмысқа сұранады. Денсаулығының төмендеуіне байланысты мүгедектік беріледі. Бірақ, соған қарамастан еңбектен қол үзбей, аудандық, ауылдық мектепте өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметтер атқарды, жас ұрпаққа тәрбие беру ісін жалғастырды...

Елге сіңірген еңбегі еленіп, 1957 жылы Жоғары Кеңес Президиумының жарлығымен «Тың жерлерді игергені үшін»  медалімен марапатталды.

Асыл әкеміз қыршынынан қиылып, өмірден жастай, небәрі 39 жасында кетсе де, қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырды, осыған шүкіршілік  етеміз.  «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Аллаға шүкір, әкеміз бен анамыздың төрт баласынан тараған немере-жиендері, шөберелері бар.

Әкеміз білімді болғасын ба, балалары да, немерелері де бәрі мектепте өте жақсы оқыды, жоғары және арнаулы техникалық оқу орындарын тәмамдап, еңбекке араласты. Егер әкеміз тірі болса, балалары мен немерелері үшін ұялмас еді, мақтан тұтар еді.

Әкеміздің тұңғышы Светлана Алдашқызы мектепті де, жоғары оқу орнын да өте жақсыға бітіріп, ұстаздық қызмет етіп, зейнетке шықты, немерелерін тәрбиелеп отыр. Одан кейінгі ұлы Қанат мектеп пен жоғары оқу орынын өте жақсы бітіріп, әкесі сияқты офицер болды. Қазір доғарысқа шықты. Оның үлкен ұлы Ерлан Орал қаласындағы №11 мектеп-гимназиясын үздік бітіріп, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келді. Ол еліміздің астанасында еңбек етіп жатыр.  Екі жоғары оқу орнын үздік бітірген ортаншы қызы Нұрия магистр атанып, еңбекке араласты. Кіші қызы Дария колледжді де, жоғары оқуды да қызыл дипломмен аяқтап, мектепте басшылық лауазымда еңбек етіп жатыр. Ұлы Болат Ақтөбенің кино технологиялық техникумын бітірді, қазір өмірден озды, қызы Тояш мектеп пен жоғары оқу орнын үздік бітіріп, мектепте басшылық қызметте. Әкеміздің кенжесі Марат Орал ауылшаруашылық институтында оқыды, қазір о дүниелік болды, оның үлкен қызы Ұлжанай №11 мектеп-гимназиясы мен жоғары оқуды өте жақсы бітіріп, Назарбаев интеллектуалды мектебінде ұстаз. Мараттың ұлы Нұржан Назарбаев мектебін жақсы аяқтап, Әл-Фараби атындағы ҚазМУды үздік бітіріп, еңбекке араласты. Барлығы да өз еңбектерімен, білімділігімен осындай жетістіктерге жетіп отыр. Осының бәрі асыл әкеміз бен ғазиз анамыздың бізге берген жақсы тәрбиесінің  жемісі деп ойлаймыз. Оларға ұрпақтарының айтар алғысы шексіз!

Жылдар жылжып, көп уақыт өтсе де, әкеміздің жарқын бейнесі бізге ыстық көрінеді, кеудені кернеген сағыныш басылмайды. Егер тірі болса, бізбен бірге, өзі үлес қосқан Ұлы Жеңісті тойлауға қатысар еді, шіркін!. Бірақ, не шара...

Ендігі жерде менің әкем сияқты ардагерлердің ерлікке, өрлікке, патриотизмге толы өнегелі өмірлерін кеңінен насихаттаса, кейінгі ұрпаққа үлгі, тәрбие болар еді! Тіпті осындай ел үшін еңіреген ер есімі ел есінде қалуы үшін өзі еңбек еткен бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданынан немесе бұрынғы Ақжайық, қазіргі Теректі ауданынан, тіпті болмаса Орал қаласынан бір көшенің атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді?! Елінің еріне деген ескерткіші, құрметі болар еді?!

 

Қанат Сағаденов,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале