22.06.2020, 22:00
Оқылды: 62

Ер елеусіз, ерлік ескерусіз қалмайды

1941 жылдың 22 маусымы – адамзат тарихындағы қасіретті күн. Осы бір атаулы дата әр жыл сайын еске алу, тағзым жасау рәсімдерімен айшықталады. Бөкей ордасы ауданында да нақ осы күні бірқатар шаралар жүзеге асты. Соғыс құрбандарына арналған кітаптың тұсаукесері өтіп, онлайн ғылыми конференция өтті.

47D7F3C4-2E8D-4F32-99CC-9A9EC068902C

Шара қонақтары мен қатысушылар легі Қару аманаты аллеясында бас қосып, «Қаһарман аудан» белгісіне, М.Мәметова ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, бейбіт күн үшін бастарын бәйгеге тіккен боздақтар рухына тағзым етті. Су мұнарасы аспан асты ашық мұражайына барып, соғыстың тілсіз куәгері болған ғимаратты тамашалады. 1905 жылы салынған су мұнарасы – екі соғысқа да куә боп, 1942-1943 жылдары жау бомбасынан зақым алған көне нысан.

E68342F7-25DF-4BB3-A591-2B0108AD6330

Аудандық мәдениет үйінде тарихшы, өлкетанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ахмедияр Батырхановтың «От кешкен ордалықтар» атты төл туындысының тұсаукесері өтті.

– «От кешкен ордалықтар» кітабының дәл бүгін тұсауы кесілуінің өзінде үлкен мән бар.  Соғыс тақырыбы – әлі күнге дейін нүктесі қойылмаған тақырып. Танылмаған батырлар көп. Соғысқа қатысқан бөкейліктер тек осы кітаппен түгенделмейтіні анық. Күн өткен сайын парағы еселеніп, қатпары қалыңдай түсетін кітап.  Күні кешегі «Қаһарман аудан» белгісінің қойылуы, бүгінгі мынадай керемет кітаптың баспа бетін көруі – біздің Ұлы Жеңістің 75 жылдығына жасаған тартуымыз, аға буын ерлігіне тағзымымыз. Бұл кітап алты апта, алты айдың емес, бақандай алты жылдағы маңдай тердің нәтижесі. Өлмес тақырыптағы өнімді еңбегің үшін аудан жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, - деді аудан басшысы Нұрлан Рақымжанов.

B0403251-9663-4990-BA7D-A717B5074533

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Ұлттық Қорғаныс университеті докторанты Амангүл Алдабергенова мен тарих ғылымдарының докторы, әскери ғылымдарының профессоры Сайран Мұхамбетжанова кітаптың бәсі биік, бағасы құнды екенін айтып, кітап авторын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Ең бірінші, алдымен, менің еңбегімді елеп, маңызына мән беріп, баспа бетін көруіне қаржылай қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне алғысымды айтамын.  Соғыс тақырыбында ашылмаған, айтылмаған ақтаңдақтар көп. Кезінде соғыс шығынын азайтып көрсету басты талап болды. Жау тұтқынында болғандар тақырыбы тыйым салынған табу еді. Тұтқын туралы сөз етсек, әр аудан тарихында айтқанда төрт-бес адамнан аспайтын едік. Шаң басқан архивтер деректеріне сүйенсек, көршілес Жәнібекте - 51, Жаңақалада 55 адам, Бөкей ордасынан 44 жауынгер жау тұтқынында қайтыс болған. Кітап баспаға жіберіліп, бет қатталып жатқанда, хабар-ошарсыз кетті деп танылған 14 бөкейлік сабаздың, жеті бөкейлік ұшқыштың аты-жөнін анықтап, тың деректерге тап болдым,- дейді кітап авторы А.Батырханов.

Шара барысында тарихшы-археолог, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жекеменшік қорының директоры Айболат Құрымбаев,  Жалпақтал мемлекеттік мұрағатының директоры, өлкетанушы Миржан Қарабалин тың деректермен бөлісті.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале