3.03.2025, 9:30
Оқылды: 264

Ер Ерекешов есімізде!

Өңірімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына  арналған  шаралар бастау алды. Осындай тағылымды шараның  бірі  Жымпиты ауылы орталығында Ерекешевтер отбасының ұйытқы болуымен өтті.

WhatsApp Image 2025-03-03 at 08.06.26 (1)

Жеңіс сарбазы Базарғали Ерекешов 1925 жылдың 28 ақпанында дүниеге келген. Биыл майдангердің  туғанына 100 жыл. Базарғали Ерекешевті  еске алуға  арналған шараға  жиналған халық та  майдангер  жөнінде танымдық  естеліктер айтты.

Неміс фашистері елімізге  тұтқиылдан шабуыл жасағанда көппен  бірге қолына қару алып соғысқа кірген  Базарғали Ерекешев  1943 жылдың күз айында Украина майданы атқыш тар құрамында Запорожъе  облысының  Ивановке ауылын жаудан  тазартуда болды. Жан алысып, жан беріскен осы ұрыста  ер Ерекешев  құрамында болған атқыштар   ерлік үлгісін көрсетті.

Мерген де батыл жауынгер Базарғали осы ұрыста жаудың көптеген   солдаттарының  көзін жойды. Бірақ , өзі де  ұрыста  оң қолынан ауыр жараланып, әскери госпитальде  ұзақ емделді. Ақыр соңы ол елге Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып оралды. Елге келген соң  ол білек сыбана қызметке кірісті.

Майдангер ұзақ жылдар Жымпиты аудандық партия комитетінде  нұсқаушы, жалпы бөлім  меңгерушісі, аудандық байланыс торабында жауапты қызметте болды. Ол Үкімет тарапынан бірнеше ордендер, медалъдармен  марапатталды. Елімізде баянды  бейбітшілікті орнату жолында   өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жеңіс сарбазы 87 жасқа қараған шағында яғни,  10 ақпан ,  2012 жылы өмірден озды.

Жеңіс сарбазының  соңында қалған ұл, қыздары, немере, жиендері әке, ата рухына  мәңгілік тағзым  көрсету мақсатында  осындай еске алу шарасын өткізуді  басты борыш санапты. Ол ниеттері қасиетті Рамазан айы алды жүзеге асып, ұрпақ парызы да орындалды.

Өткізілген  жиында соғыс және еңбек ардагері  Базарғали Ерекешев жөнінде  ағайын  - тумалары,   зиялы қауым өкілдері, ардагерлер  есте қаларлық тарихи, тағылымды әңгіме - естеліктер айтты.

Ұлы Жеңістің  80 жылдығы қарсаңында және майдангер Базарғали Ерекешевтің туғанына 100 жыл  толуына арналған  құрметті жиынның өзіндік тарихы, алар маңызы да зор еді.

Мүсірбек Әлібекұлы ,

журналист,

Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале