29.11.2023, 15:24
Оқылды: 41

Ер есімі - ел есінде

Жаңақала ауданы - жасампаз еңбегімен жұлдызы жанған аймақтардың бірі. Аудан талай рет бұрынғы одақтық, республикалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз атанып, есімі еліміздің Алтын кітабына жазылды. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытып, экономиканы өркендетуге ел игілігі жолында жемісті еңбек етіп, кейінгі толқынға үлгі-өнеге көрсеткен азаматтар жетерлік солардың бірі де бірегейі есімі елімізге танымал, КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «I дәрежелі Отан соғысы», екі мәрте «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Жаңақала ауданының құрметті азаматы», Жаңақаланың қазыналы ардагері Мәжит Жаданов.

99a6c2c2-5957-4c1a-b07b-ca62f8e6c043

 Мәжит Ғұмарұлы – Жаңақала ауданы №17 ауылдық кеңестің «Дөңгелек» деген жерінде 1924 жылдың 19 қыркүйегінде дүниеге келген. Тегі – он екі ата Байұлының Байбақты – Қынық, Байжиен – Қырықтық (Жолай) тайпасынан.

Орта мектепті Жалпақтал ауылынан бітіріп келген, 1942 жылдың тамыз айының 20 жұлдызында Жаңақала әскери комиссариатынан қызыл әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысы басталысымен Орал қаласына эвакуацияланып келген Қызыл Тулы Ленинградтың Ленсовет атындағы Әскери байланыс училищесіне курсант болып қабылданады. Училищеде байланыс-техникалық жабдықтардың түрлерін оқып, әскери-тактикалық жаттығулардан өтеді.

Жоғарғы қолбасшының бұйрығы бойынша училище құрамындағы барлық курсант оқуды бітірместен 1943 жылдың 13 мамырында эшалонға тиеліп, майданды бетке алып, жол тартады. Мәскеу қаласына келген соң, әрқайсысы әр жақтағы әскер құрамға бөлінеді. Мәжит аға Калуга қаласындағы №17 гвардия әуе десанты бригадасының құрамында парашютпен секіріп, әскери қызметін жалғастырады.

1943 жылдың 5 шілдесінде Воронеж майданының 680 атқыштар полкінің құрамында Орел-Курскі иініндегі (доғасындағы) сұрапыл соғыстың қанды майданына түседі. Белград, Белая Церковь қалаларын жау қолынан босату ұрыстарына қатысады. 1943 жылы 10 тамызда Харьков қаласын азат ету үшін жан беріп, жан алысқан шабуылдардың бірінде оң жақ кеудесін ауыр жаралайды. Кейін № 3016, 1976 Ярославль, Иркутск қалаларында эвако-госпиталдарда емделеді. Жарақаты жазылып шыққан соң Уфа қаласындағы 32-запастағы атқыштар полкінде әскери қызметін жалғастырып, туған ауылына 1945 жылдың желтоқсанында оралады.

1946-1949 жылдары «Сакко» жетіжылдық, Мәстексай орта мектептерінде оқытушы болып еңбек жолын жалғастырады.

1949-1954 жылдары аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, Қазақстан КП аудандық комитетінде штатты пропагандист болып қызмет атқарады.

1954-1961 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» («Екпінді құрылыс», «Октябрь туы») газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істеді.

Сол жылдары оның қаламынан шыққан еңбек майталмандары, тың игерушілер, бесжылдықтың шамшырақтары туралы жазған очерктері мен корреспондециялары, мәдени-әлеуметтік, құрылыс мәселелері жөніндегі мақалалары және шешімін күткен проблемалық материалдары облыстық және республикалық басылымдарда жиі жарияланды.

Жұмыс істеп жүріп, Орал қаласындағы мұғалімдер институтын, А.Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітіреді.

1961-1967 жылдары облыстық партия комитетінің жолдауымен Фурманов аудандық «Колхоз туы» газетінің редакторы қызметін атқарады.

Кейін ол газет облыстық партия комитетінің атынан «Коммунист» атымен шығатын болғандықтан, оның редакторы қызметін атқарып, сол кездегі аймақтық өндірістік басқармаға қарасты төрт ауданның (Фурманов, Казталовка, Жәнібек, Жаңақала) оқырмандарына 15 мың дана таралыммен жеткізілуін қамтамасыз еткен.

1962-1964 жылдары облыстық партия комитетінің жолдауымен Мәскеу қаласындағы КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде тыңдаушы болып оқыған. Оқып жүрген кезінде партия мектебі ректорының ұсынысымен, Мәскеу қаласында өткізілген Кеңес Одағы жоғары Кеңесінің екі сессиясына, КОКП Орталық комитетінің екі пленумына қатысып, өңір басшыларының, депутаттардың ұлағатты сөздерін тыңдауына мүмкіндік алады. КОКП Орталық комитетінің жанында жоғарғы партия мектебінің журналистика бөлімінде оқып жүргенде «Правда», «Известия», «Труд» газеттерінің әрқайсысы бір-бір айдан және «Советская печать» журналында өндірістік практикадан өтеді. Ал диплом жұмысын Ставрополь өлкелік газеті бойынша қорғады. Оның диплом жұмысы жоғары бағаланып, журналистика кафедрасының көрмесіне қойылды.

Оқу орнын бітіргеннен кейін, 1964-1972 жылдары Фурманов аудандық партия комитеті бірінші хатшысының иделогия жөніндегі орынбасары, «Коммунист» газетінің редакторы, Фурманов аудандық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады.

Он жыл үзілістен кейін Жаңақала аудан болып қайта құрылған кезде облыстық партия комитетінің жолдауымен сол ауданның басшылық қызметіне келеді.

1972-1986 жылдары Халық депутаттары Жаңақала аудандық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады.

Алдымен аудан орталығының бас жоспарын жасатып, селоның қала үлгісінде қалыптасуын қамтамасыз етеді. Шаңы бұрқырап жатқан жерге аудан орталығында қызмет істейтін тұрғындарға баспана, қызметтік нысандардың тоғыз ай ішінде салынып, тұрғындар мен қызметшілердің орналасуы қамтамасыз етілді.

Аудан құрылған жылы жаңадан салынған тұрғын үйлер мен кеңестер бір орталықтан жылытылатын жылу жүйесіне қосылып, оларға ауыз су құбыры тартылып, пайдалануға берілді. Аудан құрылған жылы село тұрғындарының табиғи газ отынын пайдалануына мүмкіндік жасайды, сол жылдарда Мәжит Ғұмарұлының басшылық еткен күрделі құрылыс, электр жүйесі, автомобиль жолы, сауда, байланыс, тұрмыстық қамту және коммуналдық шаруашылық салалары талап деңгейіндегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Сөйтіп, пайдалануға берілген күрделі құрылыс объектілері мен тұрғын үйлер, мәдени-әлеуметтік нысандардың әр қайсысында оның қолтаңбасы бар. Сөйтіп ол халық алдында өз перзенттік парызын өтейді.

1986 жылы зейнет демалысына шығып, қол қусырып отырып қалмай, ауданның ардагерлер ұйымын бес жыл басқарып, олардың талап-тілектерін орындау жолында, жоқ-жітіктерге қамқорлық жасап, тұрмыстық түйткілдерін шешумен аянбастан еңбек етті.

Туған жердегі халқы алдында тер төгіп атқарған еңбегі үкімет пен партия тарапынан өз бағасын алды.

Бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызмет үшін», «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің «20, 30, 40, 50, 60,65 жылдығы», КСРО қарулы күштері мен соғыс-теңіз флотының «50,60,70 жылдығы», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Г.К.Жуковтың туғанына 100 жыл», «Тың және тыңайған жерді игергеніне 20,50 жыл», «Украинаның фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 60 жыл», «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Жаңақала ауданының құрметті журналисі», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» белгісімен және 2015 жылы 14 сәуірде «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар КСРО Орталық халықтық бақылау комитетінің құрмет грамотасымен, Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің, Қазақстан КП Орталық комитетінің грамоталарымен, Қазақстан Журналистер одағы атқарушы конгресінің Құрмет грамотасымен марапатталды.КСРО Журналистер одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Қазақстан Журналистер одағының I-съезіне делегат болып қатысқан. 1968 жылы Мәскеу қаласында өткізілген «Социалистік елдер журналистері» форумына қатысып, онда ұйымдастырылған семинар-кеңесте «Аудандық газеттердің ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасайды.

Жұмыс істеген жылдарда аудандық Кеңестің депутаты болып, аудандық партия комитетінің мүшелігіне және бюро мүшесі болып бірнеше рет сайланды.

Ауданымыздан Ұлы Отан соғысына аттанып, ұрыс даласынан оралмаған боздақтар туралы «Зерде» кітабын шығарып, «Жаңақала – алыптар мен жайсаң жандардың мекені», «Ауданның тарихи-танымдық анықтамалығы» кітаптарының шығарылуына қомақты үлес қосқан. Сондай-ақ соңғы жылдарда тарихи тұлғалар туралы шығарылған кітаптарда, ауданның тарихи энциклопедиясының жазылуына да оның қолтаңбасы бар.

Еліміздің егемендік алғаннан бері, ауданның экономикасы мен ауыл шаруашылық саласын дамытуда ат салысып еңбек етіп келе жатқан аға және жас кәсіпкерлер туралы бірнеше мақала жазылып, жарық көрді.

Он алты жасынан еңбек жолын ұстаз болудан бастаған Зайда Дөнековаға жүрек қалауымен 1947 жылдың қаңтарында отауласып, жанұя құрды. Екеуі отбасында үш қыз, екі ұл өсіріп, оларға тамырлы тәрбие беріп, оқытқан. Олардың дәрігер, транспорт инженері, механик, энергетик, фармаколог мамандығын алуына, үйлі болуына қолдан келген көмегін аямаған.

Қазіргі сол перзенттерінен бес немере, он екі жиен, алты шөбере сүйді. Ал немерелерінің бәрі қалаған мамандығы бойынша жоғары білім алған. Олардың әрқайсысы отауласып, өз алдарына жанұя құрды.

Соғыс жылдарындағы барлық қиындықты бастан өткеріп, қырық жыл бойы жалықпастан бүлдіршіндерді білім бұлағынан сусындатқан жанұяның ұйтқысы 65 жыл, 27 күн адал жар болған Зәйда Мұхиденқызы 2012 жылдың 22 ақпанында дүниеден озды.

Жаңақала өңірінде адал еңбек сіңірген Жаданов Мәжит Ғұмарұлы – 2017 жылдың 28 ақпанында 93 жасында дүниеден озды.

Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, ажал оғына қарсы тұрып, қанды шайқасқа қатысқан, бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне қай қызметте де өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен, сауаттылығымен адал, абыройлы еңбек еткен Мәжит аға келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале