6.05.2023, 17:02
Оқылды: 136

«Ер жігітке аманат туған даласы, Даласына жарасар сұңқар баласы...»

 Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз! Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.

 WhatsApp Image 2023-05-06 at 15.01.39

Нұржан - жігіттің нары

Халқымыз отбасы тәрбиесінде ер балаға үлкен жауапкершілікпен қараған. Ер баланы «Ел қорғаны» деп бағалаған. Ұлға Отанын қорғаушы, отбасын асыраушы деп қарап, бала кезінен еңбекке баулыған.    

Қазақ халқы: «Жігітке жеті өнер де аз» деп, өнер мен білім беріп, батырлыққа баулып,  ақыл үйреткен. Ұлтымызға  барлығынан артығы - адалдық, ар, ұят сынды қасиеттер. Жүректері «елім, жерім» деп соғып, қашанда Отан үшін отқа түсуге дайын тұратын азаматтарымыз баршылық, шүкір! Солардың бірі —  Жайық ауылының тұрғыны Нұржан Аманғалиев.

Ол аталмыш ауылдағы тоғыз жылдық мектепті тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде білімін жалғастырған. Одан әрі Алматы қаласындағы 7552-әскери бөлімінде әскери борышын абыроймен атқарып, елге аман-сау оралды.

—Жасы үлкен ағаларым «бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз жігіт үшін өліммен тең болған» дейтін. «Ер-жігіт деген атаққа лайық болмадым» деп қынжылатын. Мінекей, осындай сөздерді естіп өскендіктен бе, әскерге бару арманым болды. Әскери бөлімде сотталғандарды тасымалдау және қауіпсіз жерге бекіту қызметінде болдым. Жалпы, әрбір жігіт сарбаз атанып, қолға қару ұстап, Отанды қорғауға жастайынан дағдылануы тиіс. Сонда халықтың сенімі артып, бабалар аманат еткен қасиетті топырағын абыроймен басатынымыз анық. ҚР Конституциясында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп айтылған. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Бұл турасында асыл дінімізде  бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді.Міне, осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады.Әскер — соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы, — дейді Нұржан Сейітқұлұлы.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы — қоғамның күшіне айналып отырған жастарда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қаратып: «Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады. Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық», –  деді. Ең бастысы, жастар еңбекқор болғанда ғана нарықта бәсекеге төтеп беріп, тағдырларын өздері жасайтынын тілге тиек етті.

Кейіпкеріміз жас болса да өте еңбекқор, намысшыл жан. Қолынан келгенше көмек беруге дайын тұрады. Бүгінгі таңда теміржол саласында жұмыс істеп, отбасын асырауда.

Айтпақшы, Нұржан  қой көтеру жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып жүр. Желкесіндегі  қойды 70-тен асырып сан мәрте алқынбай көтергенін ауылдастарынан естідік. Мәселен, Долин, Новопавлов, Ақсуат, Покатилов ауылдарымен қатар Қаратөбе ауданында өткен қой көтеру сайысынан олжалы оралған.

— Ер мінезді болу — тәрбиеден. Бұл орайда ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесінің мәні зор. Әскери салада болғаным өміріме, мінезіме өте жақсы әсер етті. Біріншіден, уақытты бағалайсың, жоспарлап жүруді үйренесің. Сөзге берік, уәдеге бекем болуға дағдыланып, жалпы тәртіпке бағынасың, — деген Нұржан әскери өмірдің қызықты күндерімен де бөлісті.

 

Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале